Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

46 мың аккаунтты өшірген күдікті: Жапонияда 15 жастағы жасөспірім қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда 15 жастағы мектеп оқушысы аниме көрсететін стримингтік сервистің 46 мыңнан астам пайдаланушысының аккаунтын заңсыз өшірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Kyodo.

46 мың аккаунтты өшірген күдікті: Жапонияда 15 жастағы жасөспірім қамауға алынды
Фото: Kyodo

Токио полициясының мәліметінше, Сайтама префектурасының Токородзава қаласында тұратын жоғары сынып оқушысы Bandai Namco Filmworks компаниясына тиесілі Bandai Channel платформасының жүйесіндегі осал тұсты пайдаланып, компания жұмысына кедергі келтірді деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жасөспірім 2025 жылғы 4 қарашада өзі жасаған бағдарлама арқылы серверге жалған деректер жіберіп, 46 812 пайдаланушының жазылымын олардың келісімінсіз тоқтатқан. Соның салдарынан сервис уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Полицияның мәліметінше, күдікті платформаның қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықты анықтап, зиянды бағдарламаны ChatGPT көмегімен жетілдірген. Компания оның серверге қолжетімділігін бұғаттағанымен, ол IP мекенжайын бірнеше рет өзгертіп, шабуылдарын жалғастырған.

Жасөспірім тағылған айыптарды мойындап, компанияға ешқандай өкпесі болмағанын айтқан. Оның сөзінше, бағдарламалауды бастауыш мектептің төртінші сыныбынан бастап өз бетінше меңгерген.

Айта кетейік, жуырда Қарулы күштер тарихында тұңғыш рет киберқауіпсіздік офицерлері түлеп ұшқанын жаздық.

Сондай-ақ Жапонияның ең ірі үш банкі киберқауіпсіздік үшін Anthropic ЖИ-ін пайдаланады.