4,6 мың бастан асты: Қазақстанда құлан популяциясы қалай қалпына келтірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Ел аумағында құланды қайта жерсіндіру бастамасына 70 жыл толып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, ХХ ғасырдың ортасына қарай аталған жабайы жануар ел аумағынан толықтай жойылып кетті, ал КСРО бойынша небары бірнеше жүздеген бас ғана Түрікменстандағы қорықта сақталған. 1953 жылы дәл осы жерден Барсакелмес аралына жеті құлан әкелініп, түрді табиғатқа қайта қайтару жөніндегі жүйелі жұмыс қолға алынды.
- Ғалымдар мен табиғатты қорғау ұйымдарының көпжылдық еңбегінің нәтижесінде Қазақстанда құлан популяциясы сәтті қалпына келтірілді. Бүгінде олардың саны 4,6 мың бастан асып, жануарлар қайтадан дала және шөлейтті экожүйеде кеңінен таралып жатыр. Құлан табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарып, өсімдік жамылғысын жаңартуға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді, - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Экология министрілігі өкілінің айтуынша, жануарларды қайта қоныстандыру жұмысы жалғасып жатыр.
- 2024 жылы «Іле-Балқаш» резерватына 42 құлан және «Алтын Дала» резерватына 24 құлан көшірілді. Биыл күзде «Іле-Балқашқа» тағы 17 құлан, ал «Алтын Далаға» 19 құлан жеткізілді. Аталған шаралар жергілікті популяцияның тұрақтылығын арттыруға және жануар жойылып кеткен аймақтардағы табиғи байланысты қалпына келтіруге бағытталған, - деп толықтырды спикер.
Еске сала кетейік, елімізде құланнан бөлек, керқұландар да (Пржевальский жылқысы) жерсіндіріліп жатыр.
Айта кетсек, Қазақстанға Чехиядан керқұлан әкелу 2029 жылға дейін жалғасатын болды.