48 әскери қызметші мерзімінен бұрын әскери атақ алды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Қарулы күштердің басшылығы, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, мерзімді қызмет сарбаздары және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Жеке құрамды мемлекеттік мерекемен Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов құттықтады.
– Жаңа Конституцияның қабылдануы аясында бұл күн ерекше маңызды болмақ. Оның кіріспесінде мемлекет дамуының негізгі қағидаттары – егемендік, халық бірлігі, қауіпсіздік пен тұрақтылық бекітілген. Осыған байланысты Отан қорғаушы күні әскери қызметшілердің кәсіби мерекесі ғана емес, ел тарихы мен қазіргі конституциялық құндылықтарды біріктіретін мемлекеттіліктің маңызды символы, – деп атап өтті министр.
Өз сөзінде Д.Қосанов министрліктің заңды жетілдіру, әскери басқару, әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, қару-жарақты жаңғырту, қорғаныс саласына цифрлық технологияларды енгізу, әскерге шақыру және әскери қызмет өткеру жүйесі жөніндегі ауқымды жұмысын атап өтті.
Ел басшылығы да ведомствоның қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, әскерлерді басқару және жоғары жауынгерлік дайындықты қолдау ісіндегі жетістіктерін жоғары бағалады.
Осылайша, Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары офицерлік құрамның «генерал-майор» атағы Айдос Мырзахметовке, «авиация генерал-майоры» атағы – Тимур Еспағанбетовке берілді.
Б.Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденін – Қорғаныс министрлігі департаментінің бастығы Ренат Дәрменов, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы қару-жарақ бас басқармасының штабы бастығы Дмитрий Федорченко, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев алды.
Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденіне 10810 әскери бөлімінің сержанты Медет Мұхтархан мен Әуе қорғанысы күштерінің сержанты Ғалымжан Тәукебаев ие болды.
Жалпы мемлекеттік наградалар Қорғаныс министрлігінің 34 әскери қызметшісіне табысталды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 5, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 2, «Құрмет» орденімен 2 әскери қызметші марапатталды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін 22, «Ерен еңбегі үшін» медалін Қарулы Күштердің 3 өкілі алды. Қорғаныс министрлігінің ведомстволық наградаларымен: «Ел қорғаны» медалімен 41 әскери қызметші, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен 11 мерзімді қызметші марапатталды. Мерзімінен бұрын әскери атақтар 48 әскери қызметшіге берілді.
Наградалар тапсырылғаннан кейін Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер табыс етті.