5 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 5 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстан халқы тілдері күні
Бұрын Қазақстан халқы тілдері күні елімізде қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде аталып өтетін. 2017 жылдан бері мереке 5 қыркүйекте атап өтіледі.
Бұл күні қазақтың көрнекті ғалымы, әдебиеттанушы әрі тілші Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Ол қазақ грамматикасын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, тіл біліміне қажетті ғылыми атауларды енгізді.
Халықаралық қайырымдылық күні
1997 жылғы 5 қыркүйекте қайырымдылық ісімен танылған Тереза ана ұзаққа созылған дерттен көз жұмды. Оның қайырымдылыққа қосқан зор үлесін ескеріп, БҰҰ Бас Ассамблеясы 5 қыркүйекті Халықаралық қайырымдылық күні деп жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл күн алғаш рет 2013 жылы аталып өтіп, осыған орай түрлі насихат және ағарту шаралары ұйымдастырылды.
ОҚИҒАЛАР
1933 жылы Алматыда Михаил Лермонтов атындағы республикалық драма театры ашылды. Театр ұжымы Семейде жасақталған. Шымылдығы К. Треневтің «Любовь Яровая» пьесасымен түрілді. 1964 жылы Михаил Лермонтовтың туғанына 150 жыл толуына орай театрға ақынның есімі берілді. 1974 жылы Мәскеудегі сәтті гастрольден кейін оған «Академиялық театр» атағы берілді.
2001 жылы Павлодарда Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт ашылды. Мешіт 48×48 метрлік сегіз сәулелі жұлдыз пішінінде салынған. Мұнараларының биіктігі – 63 метр, күмбезінің жарты айымен қоса есептегендегі биіктігі – 54 метр. Мешіттің жалпы аумағы – 7 240 шаршы метр.
2009 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде алғаш рет қазақтың күйі орындалды.
Салтанатты шеру мен дефилеге Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы Құрмет қарауылы ротасының командирі, капитан Қанат Әзімбаев жетекшілік етті. Президенттік оркестрдің бастығы, подполковник Талғат Бердіғұлов дирижерлік етті.
2012 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі салтанатты түрде ашылды. Мектепті құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға Назарбаев Университеті, Кембридж университеті және Пенсильвания университеті 2012 жылғы 20 тамызда қол қойды.
2014 жылы Мәскеудегі Ваганьков зиратында қазақтың шығармашылық зиялы қауымының көрнекті өкілі, жазушы, драматург әрі талантты педагог Жүсіпбек Аймауытовтың туған жерінен әкелінген бір уыс топырақты табыстау рәсімі өтті. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қаламгерінің жерленген жері 2014 жылы ғана белгілі болды.
2015 жылы Алматыда «Попробуй Алматы на вкус!» атты алғашқы қалалық тағам фестивалі өтті. Билет сатудан түскен қаражат түгелдей Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамына берілді. Қаржы төтенше жағдай болған жерге алғашқылардың бірі болып жетіп, апат салдарын жоюға көмектесетін еріктілер тобын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалды.
Фестивальде 14 ұйым өз тағамдарын ұсынды. Олардың қатарында мейрамханалар, кофеханалар, наубайханалар, аспаздық стартаптар мен отандық брендтер болды.
2016 жылы Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында Almaty Mount Fest 2016 халықаралық фестивалі алғаш рет өтті. Фестиваль Алматы қаласының 1000 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Almaty Mount Fest 2016 – Орталық Азиядағы тау спортына арналған ең ірі халықаралық фестиваль. Ол бірнеше жылдан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелдерден келген спортшылар мен экстремалды спорт әуесқойларының басын қосып келеді.
2019 жылы Астанада Qazaqstan Jastar Fest 2019 жастар спорт фестивалі ашылды.
Көрермендер жас каратэшілер мен грэпплинг шеберлерінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ асық ату, бес асық, арқан тарту және гір көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.
2021 жылы Татарстанның Қазан қаласында ТМД елдерінің алғашқы ойындары ашылды. Ашылу салтанаты тоғыз елдің – Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейдің тулары шеруімен басталды.
ТМД тарихында мұндай ойындар алғаш рет ұйымдастырылды. Достастық аясында бұған дейін де спорт жарыстары өткен, бірақ мұндай ауқымда ұйымдастырылмаған еді. Ойындарға 23 жасқа толмаған спортшылар қатысты. Бұл жарыс оларға ірі халықаралық додаларда өнер көрсету тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді.
2023 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуына қатысып, әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы оқу-жаттығуға жұмылдырылған бөлімшелердің дайындығына жоғары баға берді.
Президент күрделі геосаяси жағдайда мұндай әскери оқу-жаттығуларды өткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Қазір әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Соғыс жүргізудің заманауи әдіс-тәсілдері, әсіресе гибридті соғыс түрлері кеңінен таралып келеді. Шабуыл әскери жолмен ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да тәсілдермен жасалуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштері кез келген сын-қатерге дайын болуы керек. Бұл – қазіргі кәсіби армияға қойылатын басты талап.
– Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан! Еліміздің, жеріміздің және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті парыз, – деді Президент.
2023 жылы Астанадағы «Қазанат» ипподромында Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль салтанатты түрде ашылды. Бес күн бойы 1300-ден астам адам спорттың 11 түрінен сынға түсті. Олардың қатарында көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге алу және басқа да ұлттық ойындар болды.
Фестивальдегі айтулы шаралардың бірі – «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафоны. Еліміздің барлық өңірінен келген 20 команда 14 күнде Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өтті.
2024 жылы қазақстандық жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Ол паражүзуден 100 метрге брасс әдісімен жүзуде (SB13 санаты) екінші орын иеленді. Спортшы Азия рекордын жаңартып, финалға жолдама алды.
2024 жылы қазақстандық Ақмарал Науатбек Парижде өткен Паралимпиада ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды. Ол парадзюдодан 48 келіге дейінгі салмақта (J2 санаты) финалда жеңіске жетті. Шешуші белдесуде Ақмарал франциялық Сандрин Мартинемен кездесіп, «иппон» бағасымен жеңіске жетті.
2025 жылы Болгарияның Шумен қаласында өткен информатикадан IX Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында (EJOI-2025) қазақстандық оқушылар төрт медаль жеңіп алды. Жарысқа 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысты. Барлығы 52 медаль сарапқа салынды. Қазақстандық оқушылар бір күміс және үш қола жүлде иеленді.