5 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

5 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1963) ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тілдәбекұлы ЕРМАН дүниеге келді.

 Мұхтар Тілдәбекұлы ЕРМАН
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы «Темір» совхозында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1986) бітірген. Тарихшы, шетел тілінде оқытатын тарих пәнінің оқытушысы. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының ассистенті, тәлімгері болып бастады. 1993-1999 «Яшар холдинг» компаниясының өңірлік менеджері, 1999-2005 жылдары «Алматыжарнама» МК директоры, 2005-2006 жылдары «Асар» республикалық партиясы» РҚБ Орталық аппараты хатшысының орынбасары, хатшысы, 2006-2008 жылдары «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, 2008 жылы «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының хатшысы, 2008-2013 жылдары «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары, 2013-2014 жылдары «Евразия» бірінші арнасы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, 2014-2016 жылдары ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы аппаратының басшысы лауазымын атқарған. 2016-2021 жылдары алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, 2018-2021 жылдары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2021-2022 жылдары жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі болды. 2022 жылы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланды. 2022-2024 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

46 жыл бұрын (1979) «ҚазАгроҚаржы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нияз Жеңісұлы КӨШКІМБАЕВ дүниеге келді.

Нияз Жеңісұлы КӨШКІМБАЕВ
Фото: Холдинг "Байтерек"

Қарағанды облысында туған. 2001 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік техникалық университетін,
2002 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2006 жылдары Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының маманы, бөлім басшысы, 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Біріктірілген талдау департаменті Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын талдау және әдістемесі бөлімінің бас маманы, 2007 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржылық қамтамасыз ету департаменті Бюджет басқармасының бас маманы, 2007-2009 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ Қаржы департаменті экономика және қаржы департаментінің менеджері, бас менеджері, 2009-2010 жылдары ҚР Статистика агенттігі төрағасының кеңесшісі, 2010-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінің Қаржы және құжаттамалық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, директоры, 2017 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары, 2020-2022 жылдары
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары болып жұмыс атқарған. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарады.

Қазіргі лауазымына 2025 жылдың мамыр айында кірісті.

42 жыл бұрын (1983) «Қазақстан экспорттық-несиелік агенттігі»Директорлар кеңесінің төрағасы Ерсайын Ерболатұлы ХАМИТОВ дүниеге келді.

Ерсайын Ерболатұлы ХАМИТОВ
Фото: instagram.com/prokadrykz/

Қостанай облысының тумасы. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетін, «Executive Master of Business Administration» (EMBA) бітірген.

Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары «Қазақстан Халық банкі» АҚ Қостанай филиалы Кредиттік талдау секторының меңгерушісі, 2006-2007 жылдары
«Қазақстан Халық банкі» АҚ Кредиттік талдау департаментінің бас талдаушысы, 2007-2009 жылдары «БТА Банк» АҚ Корпоративтік бизнес басқармасы басшысының орынбасары, 2009-2010 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестицияларды басқару департаментінің бас менеджері, 2010-2013 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің бас менеджері, 2013-2014 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің директоры, 2014-2016 жылдары «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры, 2016-2022 жылдары «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры — басқарма мүшесі қызметінде болды. 2022 жылдан бастап «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасының Экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, 2025 жылдан — «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.

41 жыл бұрын (1984) Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығының төрағасы Ерлан Мұратұлы ӘУКЕНОВ дүниеге келді.

Ерлан Мұратұлы ӘУКЕНОВ
Фото: primeminister.kz

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң экономика факультетiн «Мемлекеттiк және жергiлiктi басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бредфорд университетiн (Ұлы Британия) «Мемлекеттiк саясат» мамандығы бойынша, Халықаралық бизнес академиясы, корпоративтік менеджмент; Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебі, «қалаларды дамыту» мамандығы бойынша МВА дәрежесіне ие (Master of Business Administration) (2018).

Еңбек жолы: 2002-2007 жылдары бизнес құрылымдар мен үкiметтiк емес ұйымдарда жұмыс iстедi. 2007-2008 жылдары «Самғау» ұлттық ғылыми-техникалық холдингінің активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары Білім және ғылым министрінің көмекшісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры, 2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратындағы басшылық лауазымдар атқарған. 2011-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2014-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, сыртқы экономикалық байланыстар мен туризмді дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары, 2015-2017 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымын атқарған. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының штаттан тыс кеңесшісі қызметінде болды.

153 жыл бұрын (1872-1937) ұлт мәдениеті мен әдебиетінің, білім мен ғылымның туын көтерген ағартушы ғалым, жұртшылықтың санасына демократиялық ой сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған Алаш зиялыларының бірі, публицист, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ дүниеге келген.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
Фото: Gov.kz

1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі. 1896-1901 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1902-1904 ж. ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады.

1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады. 1905-1908 ж. ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады. 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т. б. өзекті мақалалары жарияланады.

1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т. б. келелі мақалалары басылады. 1913-1918 жылдары қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады.

«Қазақ» газеті либералдық-демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді. Тұтас алғанда қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының дауысына айналды. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсынұлына бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды.

1918-1919 жылдары Байтұрсынұлы «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды. І жалпықазақтың съездің қортындасында «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды.

А.Байтұрсынұлы 1920-1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1922-1925 ж. ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми-әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. 1925-1928 ж. ж. Қазақ елінің екінші астанасы болған Қызылорда қаласында тұрады, әрі ұлт жұмысының көшбасында болады. 1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді.

1931 жылы РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады. 1931-1933 ж. ж. Беломор-Каналда айдауда болады. Жыл соңында Ресейдің Кривошеин ауданына қарасты Жуково елді мекеніне тұрақтауға рұқсат алып, осында әйелімен жылға жуық тұрады. Осы жылы 28 қаңтарда жерлестері «Сарыарқа самалы» басылымында «Жауға түскен жан сөзі», «Қарқаралы қаласына», «Жұртыма» өлеңдерін жариялайды. 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босатылып, Алматыға келеді. Осы жылы «Қазақ тілі грамматикасының тарихы» атты ғылыми еңбек жазуды бастайды. 1934 жылы 16 желтоқсанда Орталық мұражайға кеңесшілік жүмысқа тұрады, мұнда 1936 жылдың 21 кыркүйегіне дейін істейді. Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда атылды.

101 жыл бұрын (1924-1991) әйгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және СССР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық МҰХАМЕДЖАНОВ дүниеге келді.

Сыдық МҰХАМЕДЖАНОВ
Фото: daismedia.kz

Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды. Шуақты лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы», тағы басқа балалық шақ, жастық шақ, бейбітшілік, еңбекті жыр еткен көптеген әндері мен романстары ел арасында кеңінен танымал.