5 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
5 маусым, БЕЙСЕНБІ Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасын басшылыққа ала отырып өткізіледі. Дания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Дания Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан ең кішкентай мемлекет. Ютланд түбегінің біраз бөлігін, Зеландия, Фюн, Лолланн, Фальстер, Мен, Борнхльм, т.б. аралдарды алып жатыр. Бұған қоса елдің құрамына кіретін Гренландия мен Фарер аралдарының дербес автономиялық құқықтары бар. Оңтүстігінде Германиямен шектеседі. Шығысында Балтық, батысы мен солтүстігі Солтүстік теңізімен шайылады. Әкімшілік жағынан 14 облысқа бөлінеді. Астанасы - Копенгаген. Мемлекеттік тілі - дат тілі. Ақша бірлігі - дат кронасы. Дания - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Королева. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Фолькетинг. Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 6-да орнатылды. Сейшель аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Азаттық күні (1977). Сейшель аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы аралдарда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы - Виктория қаласы. Ресми тілі - креоль, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - сейшель рупийі. Әзірбайжан мелиораторы күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2007 жылғы мамырдың 24-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 76 жыл бұрын (1938) Әулиеата қаласына ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Жамбыл - Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Ол әр жылдары Талас, Тараз, Әулиеата, Мирзоян деп аталған болатын. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға оның көне атауы Тараз қайта берілді. 34 жыл бұрын (1980) Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұловаға мұражай ашылды. Мұражайға қойылған іс-қағаздар, газеттер, фотосуреттер мен өнер туындылары қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың (1924-1944) өмірін суреттейді. 22 жыл бұрын (1992) Талдықорған облысы Қапал ауданының Қарашоқы мекенінде ақын Сара Тастанбекқызына ескерткіш ашылды. 22 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заң қабылданды. 21 жыл бұрын (1993) Республикалық көркемөнер колледжі мен Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының осы саладағы факультеттері базасында Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы және Т.Қ.Жүргенов атындағы театр және кино институты құрылды. Жеті жылдан кейін жоғарыдағы екі институт қосылып, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы болды. 2001 жылғы шілденің 5-де Президент Жарлығымен академияға ұлттық мәртебе берілді. 16 жыл бұрын (1998) Астанада Қажымұқан атындағы Орталық стадионның ашылу рәсімі болды. 15 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек баба мен Домалақ ана, қасиетті Бес ана кесенесінің ашылу рәсімі өтті. 14 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Тахауи Ахтанов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. 8 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын құру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. 8 жыл бұрын (2006) «Атамұра» баспасынан белгілі тарихшы-ғалым және қоғам қайраткері, академик Манаш Қозыбаевтың (1931-2002) «Таңдаулы еңбектері» жарық көрді. Жинаққа ғалымның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы өзекті мәселелер мен ұлт-азаттық қозғалыстарға, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруі мен қазіргі замандағы тарихына қатысты тәуелсіздік жылдары жазған еңбектері кірді. 7 жыл бұрын (2007) «Ертіс жағалауы» өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тас дәуіріндегі адамдардың бірнеше қоныс орындарын тапты. Археологтар бұл табылған заттарды энеолит кезеңіне жатқызып отыр. Бұл жерде табылған жебелер, қырғыштар, жоңқалардың ұштары ғалымдардың жорамалдарын растайды. Ғалымдар олардың жақсы ұста болғандарын атап өтті. Мысалы, тас жоңқаларымен немесе қырғыштармен малдарды мүшелеген. 5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» жаңа оқулығы мен хрестоматиясының тұсаукесер рәсімі өтті. «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы қазақ және орыс тілінде дайындалған. «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған. ЕСІМДЕР 78 жыл бұрын (1936-2002) ақын, журналист, аудармашы, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының құрметті азаматы ЗІКІБАЕВ Ісләм дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Жетісу» газеттерінен бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында, Қазақ КСР Министрлігі жанындағы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы, «Жалын», «Жазушы» баспаларында меңгеруші, «Кітап жаршысы» - «Друг читателя» газетінде бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, «Ақиқат» журналында бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі қызметтерін атқарған. Ол серб жазушысы Йован Змайдың бірталай шығармаларын, башқұрт ақыны Шариф Бикколдың «Жүрегімнің жарығы», қырғыз ақыны Жалил Садықовтың «Тау жолы» жыр кітаптарын қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар ақынның бірталай өлеңдеріне ән де жазылған. Ақынның «Ақ қайыңдар», «Аққу-арман», «Ақ қайнар», «Алтын сағым», «Дүние жалған», «Құс ғұмыр», «Арна», «Жыр тағдыры», «Мен космонавт боламын», т.б. өлеңдер жинағы бар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 59 жыл бұрын (1955) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік және Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы АЛШЫНБАЕВ Мырзакәрім Кәрімұлы дүниеге келді. Өзбекстан Республикасында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген. Алматы облыстық ауруханасының, 4-Бас басқарма орталық ауруханасының дәрігер-урологы қызметтерін атқарған. 1986-1996 жылдары - Алматы қаласындағы клиникалардың аға ғылыми қызметкері, бас дәрігердің орынбасары, 1-қалалық аурухананың бас дәрігері. 1996 жылдан - О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының директоры. Негізгі ғылыми жұмыстары урологиялық ауруларды емдеу мәселелеріне арналған. Жедел пиелонефрит ауруының емдеу әдісін жетілдірді. Оның басшылығымен қуық түбі безінің қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте анықтау бағдарламасы жасалған. 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 16 монографияның, 2 оқу-әдістемелік құралының, 1 оқулық пен 61 өнертабыстың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 14 докторлық және 17 кандидаттық диссертация қорғалды. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 54 жыл бұрын (1960) ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі ЖАҚСАЛИЕВ Бақытжан Мұхамбетқалиұлы дүниеге келді. Алматыда 1960 жылы 5 маусымда туған. 1982 жылы Алматы энергетика институтын «Жылу электр станциялары» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1982 жылы Казэнергоналадкада инженер-технологы болып бастады.1982-1984 жылдары - КА қатарында қызмет етті. 1984 жылдан бастап - Екібастұз ГРЭС-1-де энергоблок машинисі, ауысым бастығы. 1990 жылдан - «Алма-АтаЭнерго» жылу желілері кәсіпорнының пайдалану ауданының бас инженері. 1993 жылдан бастап - ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің электр энергетикасы, көмір және атом өнеркәсібі бөлімінің бас маманы, бастығы. 1994 жылдан бастап - ҚР Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігінің экономика басқармасы бастығының орынбасары. 1997 жылы - ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі инвестициялық қызмет басқармасының бастығы. 1997 жылдан бастап - ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының бастығы. 1998 жылдан бастап - ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігі Экономикалық саясат және арнайы бағдарламалар департаментінің директоры. 2000 жылдан бастап - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ Энергетикалық жобалар департаментінің директоры. 2001 жылдан бастап - "KEGOC" ААҚ коммерциялық директорының орынбасары. 2003 жылдан бастап - "КОРЭМ" ЖАҚ президенті. 2004 жылдан бастап - "Пауэр Инжиниринг" директорының орынбасары. 2005 жылдан бастап - "ҚазТрансГаз" АҚ Энергетикалық жобалар департаментінің директоры. 2006 жылдан бастап - "ИнтерГаз ЦА" АҚ бас директорының кеңесшісі. 2008 жылдан бастап - "Самұрық-Қазына" АҚ Электр энергетикалық активтерді басқару жөніндегі директоры, атқарушы директоры. 2011 жылғы маусымнан бастап - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі қызметіне тағайындалды. ТМД Құрметті энергетигі. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. 45 жыл бұрын (1969) ҚР-ның Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы АРЫН Берік Сақбайұлы дүниеге келді. Талдықорған облысның Киров ауданында Мұқыр ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Араб тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы, заң бакалавры. 1-шенді кеңесші. ҚР Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе (1994-1996); ҚР-ның Сауд Арабиясындағы атташесі, үшінші, екінші, бірінші хатшысы (1996-2001); ҚР СІМ бөлім бастығы, Египеттегі елшілігінің кеңесшісі (2001-2006); ҚР Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат орталығының бас инспекторы (2006-2007); ҚР Парламенті Сенаты аппаратының параментаралық байланыс және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, аппарат жетекшісінің орынбасары (2007-2011); Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы желтоқсаннан бері. 42 жыл бұрын (1972) ҚР спорттық күрес қауымдастығының вице-президенті, «Күрес түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы» РМКК директоры МЕЛЬНИЧЕНКО Юрий Васильевич дүниеге келді. Қырғызстанның Жалалабад қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген, жаттықтырушы-оқытушы. 2004 жылдан осы кезге дейін ҚР Күрес фдерациясы мен қауымдастығының вице-президенті. Қазақстанның 7 дүркін чемпионы; Азияның 3-дүркін чемпионы (1995, 1996, 1997); Азиялық ойындар чемпионы (Хиросима, 1994); Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Прага, 1995; Афины, 1999); 57 келіге дейінгі салмақтағы XXVI Олимпиадалық ойындардың чемпионы (Атланта, 1996); әлем чемионы (1994, 1997); жастар арасындағы әлем чемпионы (1990, 1991); грек-рим күресінен ҚР чемпионы (1994, 1995); ІІ Шығысазиялық ойындар чемпионы (1991); ІІ Орталықазиялық ойындар чемпионы (1997). XXVIII Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Георгий Цурцумияны тәрбиеледі. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденімен марапатталған. 34 жыл бұрын (1980) дзюдодан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы ҚАЛИЕВА Шолпан Сейдоллақызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. 1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасы біріншіліктерінің чемпионы болған. 1998 жылы Тблиси мен Бішкек қалаларында өткен Халықаралық турнирлердің қола жүлдесіне ие болып, 2002 жылы Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. 2004 жылы Афинадағы және 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан. Қазіргі кезде - Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесі. 296 жыл бұрын (1718-1779) ағылшын жиһаз өнерінің шебері Томас ЧИППЕНДЕЙЛ дүниеге келді. 291 жыл бұрын (1723-1790) британ экономисті, философ СМИТ Адам дүниеге келді. Шотландияда туған. «Адамгершілік сезімдер теориясы» және «Халық байланысының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты күрделі кітаптар жазған. Соңғы кітәбі 18 ғасырда жарық көрген ең елеулі туындылардың бірі болып саналады. Смит өзінен бұрын өмір сүрген ғалымдардың идеяларын қорытындылап, экономика ғылымының категориялары, әдістері мен ұстанымдары жүйесін жасаған. Аталмыш кітап Ұлыбритания мен басқа да Еуропа елдерінде капитализмнің дамуына шешуші ықпал еткен. Смиттің кейбір қағидалары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Ол Маркске дейінгі ғылымда да, маркстік ғылымда да классикалық саяси экономиканың негізін қалаушы және аса көрнекті өкілі ретінде саналады. Смит еңбек құны (құндылық) теориясының қарапайым қағидаларын мойындаған, бірақ ол тек қарабайыр күйінде ғана, өндіріс құрал-жабдығы ретінде түсінілетін капиталдың еңбек үдерісінде болмашы рөл атқаратын кезінде ғана тауар айырбасын реттейді деп есептеген. Смит салық салудың, банк жүйесінің, сыртқы сауда саясатының ұтымды қағидаларын әзірлеуге де елеулі еңбек сіңірген. 73 жыл бұрын (1941) Словак Республикасының ҚР-дағы және Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі ДУШАН Подгорски дүниеге келді. 73 жыл бұрын (1941) поляк театр және кино актрисасы Барбара БРЫЛЬСКА дүниеге келді. 58 жыл бұрын (1956) дирижер, пианист ПАПЯН Ваг (Ваагн) Анатольевич дүниеге келді.