5 миллион теңгеден аса борышы бар алименттен жалтарған Шахтинск тұрғыны әкімшілік қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Шахтинск қаласы прокурорының қаулысының негізінде сот қаскөй борышкерді алимент төлемегені үшін әкімшілік қамауға алды. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлім етті. 

алимент
Фото: Freepik

«Прокурорлар кәмелетке толмаған баланың әкесі тұрақты табысы бола тұра, ұзақ уақыт бойы алимент төлеуден жалтарғанын анықтады. Қазіргі уақытта оның қарызы 5 миллион теңгеден асады. Сот орындаушысы борышкерді хабардар ету, шоттары мен мүлкіне тыйым салу, сондай-ақ өз міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілікті түсіндіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады», - делінген хабарламада.

Сот актісі орындалды, борышкер қамауға алудың белгіленген мерзімін өтеп жатыр. Борышкерлерді жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасады. 

 

Соңғы жаңалықтар