5 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 5 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
5 СӘУІР, ЖҰМА
Көші-қон полициясы күні. 1993 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасында болған өзгерістерге байланысты уақыт талабына сәйкес төлқұжаттық-визалық қызмет қайта құрылды. Соның негізінде көші-қон полициясы құрылды. Қызмет құрылымы, міндеттері өзгерді. Қазақстанға келетін шетел азаматтары санының өсуіне байланысты олардың болу тәртібін реттеу қажеттілігі туындады. Президент Жарлығы бойынша тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударушыларға айрықша көңіл бөлінді.
Заңсыз көші-қонмен, Қазақстанға шетел азаматтарының келу фактілерінің бұзылуымен күресу үшін 2002 жылдың сәуір айында «Рубеж» бірыңғай бөгеу жүйесі взводы құрылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
143 жыл бұрын (1870) Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісіне (Адай көтерілісі) қатысушылар Александров фортына шабуыл жасап, форттың маяктарын өртеп жіберді. Бұл кезде көтерілісшілердің саны 10 мың адамға жеткен болатын.
93 жыл бұрын (1920) Бурабай курорты ашылды.
18 жыл бұрын (1995) баспасөзде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қылмыспен және жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңес құру туралы Жарлығы жарық көрді.
17 жыл бұрын (1996) Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкімет басшылары кеңесінің кезекті мәжілісінде жанармай-энергия және су ресурстарын пайдалану, Орталық Азия аумағында газ құбырларын салу және пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
16 жыл бұрын (1997) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 31-ін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
7 жыл бұрын (2006) Алматыда бразилия жазушысы Пауло Коэльоның қазақ тіліне аударылған «Заһир» атты кітабы «Атамұра» баспасынан 5 мың таралыммен жарыққа шықты. Аудармашы - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қаламгер Жұмағали Ысмағұлов.
2005 жылы Қазақстанға келген жазушы қазақ жері туралы, оның танымал тұлғалары мен Арал қасіреті, Семей сынақ алаңының зардабы туралы көп материалдарымен танысып шыққан.
7 жыл бұрын (2006) Алматыда «Халық қаһарманы», КСРО халық әртісі Роза Бағланованың шығармашылығына арналған «АҺ, Самара-қалашық» атты деректі фильм түсірілді. Фильмнің таныстырылымы басты кейіпкердің қатысуымен сәуірдің 7-і күні «Цезарь» кинотеатрында өтті. Р.Бағланованың қазақ өнерін дамытуға қосқан үлесі және оның әні мен үні ел халқының құлағында, көз алдында. Әсіресе, аға ұрпақ оның майдан даласында, оқ пен оттың ортасында тұрып ән салғанын әрдайым еске алады. Демек, бұл - Р. Бағланованың шығармашылығына деген құрметтен туған фильм. Картинада әншінің өміріне қатысты мұрағаттық материалдар мен тарихи бейнетаспалар пайдаланылған. Сондай-ақ мұнда оның өнердегі серіктестері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Майя Плисецкаяның лебіздері таспаға басылған. Деректі фильм «MG PRODUCTION» продюсерлік орталығының бастамасы бойынша «Қазақстандағы аты алтынмен жазылатын тұлғалар» сериясы негізінде түсірілген. «MG PRODUCTION» продюсерлік орталығы «Алтын күйтабақ» шығарып, өнер мен мәдениетті өркендетуге қатысты бірқатар игі жобаларды қолға алып келеді.
16 жыл бұрын (1997) Орал қаласында Алашорда қайраткерлері Жанша мен Халел Досмұхамедовтерге мемориалдық тақта орнатылды.
14 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай номиналы 20 теңгелік шақаны айналымға шығарды.
6 жыл бұрын (2007) Ресейде «Біздің мыңжылдықтағы адамдар» («Люди нашего тысячелетия») атты энциклопедия жарық көрді, оның беттерінің бірі АҚ «Қазақстан Алюминий» президенті Алмас Ибрпагимовке арналған.
Кітапта танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет және өнер қызметкерлерінің өмірбаяндары жарияланған.
Алмас Ибрагимов «үшінші мыңжылдық адамдары» тізіміне Қазақстанның ең үздік кәсіпорынының басқарушысы ретінде кірді. Бір мезгілде павлодарлық кәсіпкерді озат қызметі үшін Стратегиялық басқару және есепке алудың халықаралық лигасының «Отандық кәсіпкерліктің тарихы» орталығы «Өзгерудің халықаралық орденімен» марапаттады.
93 жыл бұрын (1920) Ғұбайдолла Әлібеков (1871-1923) Қазақстанның әділет министрлігінің бірінші комиссары, Қазревкомға мүше болып сайланып тарихта қалды.
Ғұбайдулла Әлібеков Қазревкомдағы мүшелік міндеттерінен басқа тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, Ақмола, Ақтөбе, Адай уездеріндегі төтенше оқиғалардың тергеу жұмыстарында белсенді қоғамдық қызметтерді жүргізді.
7 жыл бұрын (2006) Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Наз» халық биі ансамблі қазақ би өнерінің тарихында тұңғыш рет қазақ күйлері желісімен «Тұйғындар» би спектаклі қойылды. Биді қоюшылар өскелең жасқа бұл шығарма арқылы елдің тарихы мен мәдениетін түсіндіруге тырысқан. Биге Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Е. Брусиловскийдің «Желдірме», А. Жайымовтың «Шалқыма», М. Бердіғұловтың «Көк бөрі», Ә. Қазақбайдың «Жаппас қылыш домбыра», «Тілепалды», Б. Рыспанбеттің «Қыз елік», «Тұйғындар» секілді туындыларымен қатар, халық күйі «Кеңес» пен халық әні «Дедімай-ау» әуені пайдаланылған. 1999 жылы құрылған «Наз» халық биі ансамблі Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биінің ІІ-республикалық байқауының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» байқауының Бас жүлдесі мен Қытайда өткен байқаудың алтын жүлдесін иеленген. Бұл күнде құрамында 50 балет бишісі бар ұжым әр ұлттың 100-ден астам биін меңгеріп отыр. Түркия, Қытай, Корея және Ресей елдерінде өнер көрсетті. Алматыдағы қойылымның бас демеушісі - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және Астана қаласының мемлекеттік филармониясы.
7 жыл бұрын (2006) Оралда «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан «Ақ қалфақ» әйелдер клубы ашылды. Татар мәдени орталығы төрағасының орынбасары Светлана Тенишеваның айтуынша, клубтың басты мақсаты ? қыз-келіншектер арасында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау. Орталықтың байырғы мүшесі Рауза Ахмедгалиева жетекшілік ететін клубтың бағдарламасы, іс-жоспары жасалып, мұнда қолөнер, ұлттық тағамдарды даярлау, ән-би және басқа үйірмелер жұмыс жасай бастады.
7 жыл бұрын (2006) Ақтөбе облыстық өлке тану мұражайы ерекше экспонатен толықтырылды. Бүгін қала әкімінің орынбасары Әкімгерей Қадырбекұлы Орск қаласының мэрі Юрий Брэгтиннің Наурыз мерекесінде осында қонақта болып қала әкімшілігіне сыйға тартқан Ахмет Яссауидің бейнесін мұражайға табыс етті. Бұл қол өнер бұйымы асыл тастардан жасалған.
5 жыл бұрын (2008) Петропавлда Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жастар кітапханасында Балалар кітабы апталығы аясында ресейлік жазушы Анатолий Ким аударған екі томдық «Абай жолы» кітабының таныстырылымы өтті.
Қазақ әдебиеті классигінің романының алғашқы аудармасын 1978 жылы бір топ ресейлік жазушылар жасаған болатын. Ал Анатолий Кимнің ұсынып отырған екі томдықтың жаңа нұсқасы Мұхтар Әуезовтің туғанына 110 жыл толуына орайластырылды. Тұсаукесер барысында атап өтілгендей, бірінші және екінші нұсқаның айырмашылығы жер мен көктей. Алғашқысында тапаралық тартысқа, ал екіншісінде Абай тұлғасының қалыптасуына баса назар аударылған.
72 жыл бұрын (1941) фашистік Германия мен Италия тарапынан әскери қауіп төніп тұрған жағдайда Мәскеуде КСРО мен Югославия арасында достастық және шабуыл жасамау жөнінде келісімге қол қойды.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1913-1988) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ұлы Отан осғысының ардагері ПОЗДНУХОВ Леонид Григорьевич дүниеге келді.
Қазақ медицина институтын бітірген. 1957-1960 жылдары сол институттың ординаторы, ассистенті, доценті, оқу ісі жөніндегі проректоры болған. 1962-1984 жылдары Қазақ онкология және радиология институты директорының орынбасары, сүйек онкологиясы және балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология мәселелеріне арналған. Ғалымның басқаруымен алғаш сүйек онкологиясы және балалар бөлімі ұйымдастырылып, сүйек қатерлі ісігін емдеу жұмыстары жүргізілген.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1943) философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ҚАСАБЕК Аманжол дүниеге келді.
Алматы облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1969-1978 жылдары - Жамбыл педагогикалық институтының, Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының аға оқытушысы. 1978-1988 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Кәсіби біліктілікті арттыру институтының доценті. 1988-1991 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институты философия кафедрасының меңгерушісі. 1991-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Кәсіби біліктілікті арттыру институтының директоры. 1995-1998 жылдары - І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің ректоры. 1998 жылдан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2000 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі.
Медальмен марапатталған.
55 жыл бұрын (1958) Солтүстік Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі БІЛӘЛОВ Серік Сұлтанғазыұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы Солтүстік Қазақстанның Возвышен ауданындағы Жас гвардияшылар атындағы кеңшарда ветеринарлық санитар болып бастаған, кейіннен Бескөл ауданының Андреев кеңшарының бөлімшесінде зоотехник болған. 1983 жылы Солтүстік Қазақстан облыстарының кеңшарларында бас зоотехник, Совет ауданы Аралағаш кеңшарының директоры болып жұмыс істеген. 1992 жылдан бастап «Бескөл құс фабрикасы» акционерлік қоғамында бас зоотехник, кейіннен компания президенті болған. 1999-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысының Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы аудан), Есіл, Қызылжар аудандарының әкімі. 2007 жылдың наурыз-қазан айларында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2007 жылдың қазан айынан 2013 жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. Қазіргі қызметінде - 2013 жылдың наурыз айынан бері.
«Құрмет» (2001), ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
69 жыл бұрын (1944) еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы БҰҒЫБАЕВ Аманжол Күнболатұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Сарқанд ауданында туған. 1966-1973 жылдары КСРО-ның біріншілігіне жеті рет қатысып, КСРО-ның чемпионы, күміс және қола жүлделерін иеленген. 1996 жылдан еркін күрестен Қазақстан Республикасы құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарады.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
108 жыл бұрын (1905-1938) зоолог-ғалым, өлкетанушы СЕЛЕВИН Виктор Алексеевич дүниеге келді.
Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Орта Азия мемлекеттік университетін, оның аспирантурасын бітірген.
КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық базасының Зоология секторында ғылыми қызметкер болған.
Ғылыми еңбектері фаунистика, кәсіби мақсатпен ауланатын Қазақстан аңдарын қорғау және пайдалану мәселелеріне арналған.
Селевин Орталық Қазақстанға жіберілген экспедицияларды басқарып, Бетпақдала сүтқоректілерінің түрлерін, жүйесін зерттеді. Кемірушілердің ғылымға беймәлім түрі - жалман тышқанын тауып (Selevinia betpakdalensis), оған сипаттама берді.
Оның есімімен Семей қаласындағы бір көшенің аты және Қазақстан мен Орталық Азиядағы «Selevinia» тұңғыш зоологиялық журнал аталады.
77 жыл бұрын (1936) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі АЙТБАЕВ Өмірзақ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).
1959-1962 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері. 1962-1999 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, аға, бас ғылыми қызметкер. 1995-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикақ институтының профессоры. 1997-1998 жылдары - Қ.А.Яссауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. 1999 жылдан - «Қайнар» университетінің қазақ тілі және әдебиет факультетінің, филология факультетінің деканы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл білімі институтының Терминологиялық орталықтың директоры қызметтерін атқарған.
1989 жылдан - «Қазақ тілі» халықаралық қоғамның вице-президенті, 1996 жылдан - бірінші президенті, 2004 жылдан - президенті.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
64 жыл бұрын (1949) «Алматы Кілем» АҚ президенті ӘБСӘМЕТОВА (Исмаилова) Роза Әзімбекқызы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Мәскеу тоқыма институтын бітірген. Қарғалы шұға комбинатында өндіріс шебері, инженер, цех бастығы, Алматы кілем тоқу фабрикасында инжженер, тігін өндірісінің меңгерушісі, бас ирынбасары, бас инженер болды. 1995 жылдан «Алматы Кілем» АҚ президенті. «Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
63 жыл бұрын (1950) кескіндемеші, монументалистік суретші, портретші, ҚР Көркемсурет академиясының вице-президенті жәнен төралқа мүшесі АЙТУАРОВ Ерлан Сақыпұлы дүниеге келді.
Ленинград қаласында туған. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (1974); Львов мемлекеттік сәндік және қолданбалы өнер институтын (1979) бітірген. ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі.Көскіндемеші, суретші-монументші, портретші. Жер ана», «Шыңғысханның жебесі», «Алама бәйге» және т.б. кескіндеме жұмыстарының; «Салықата», «Абай» портреттік жұмыстарының авторы. Тарихи картина, портрет, пейзаж жанрларында жұмыс істейді. Шыңғысханға арналған картиналар сериясын салған. Әлеуметтік ғимараттарда бірқатар қабырға сурет салған, Абылай хан монументінің (Ақмола облысы , Бурабай ауылы)және бірқатар басқа мүсіндік композициялардың авторы. Жұмыстары бүкілодақтық, республикалық, шет өлдік көрмелерде экспонатқа қойылған. Суретшінің шығармалары Қазақстан, Ресей , Франция , Германия , Израиль жеке коллекцияларында сақталуда. 1979 жылдан - ҚР Суретшілер одағының суретші-монументшісі. 1987 жылдан - Қарағанды облыстық ҚР Суретшілер одағының мүшесі, 1991-2005 жылдары - төрағасы. 1989 жылдан -Қарағанды қаласының бас суретшісі. 2006 жылдан бері - ҚР Көркемөнер академиясының вице-президенті және мүшесі.ҚР Суретшілер одағының мүшесі. ҚР мәдениетіне Еңбексіңірген қызметкері. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақстанның Еңбек сіңірген кайраткері.
52 жыл бұрын (1961) КТК телеарнасының жүргізушісі ПОНОМАРЁВ Сергей Михайлович дүниеге келді.
105 жыл бұрын (1908-1989) австрия дирижері Герберт фон КАРАЯН дүниеге келді.
75 жыл бұрын (1938-2012) кеңестік жән ресейлік театр және кино актрисасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі КУСТИНСКАЯ Наталья Николаевна дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1947) Филиппиннің 2001-2010 жылдардағы президенті Глория МАКАПАГАЛ-АРРОЙО дүниеге келді.
72 жыл бұрын Ажар Жұбанова (1941) Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик.
72 жыл бұрын Мүбәрак Тілеуберген (1941) Экономика ғылымдарының докторы, профессор.
73 жыл бұрын Аманжол Қасабек (1943) Философия ғылымдарының докторы, профессор, академик.
44 жыл бұрын Серік Тұрдәлиев (1969) Алматы облысы әкімінің орынбасары.
35 жыл бұрын Тимур Сүлейменов (1978) Экономикалық даму және сауда вице-министрі.