5 сәуірден кейін Алматыда 800 мопед айыптұраққа қойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Сәуір айының басынан бері Алматыда мопед жүргізушілері 2 600-ден астам жол ережесін бұзған.

2025 жылдың 5 сәуірі, яғни мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енгеннен бері Алматыда 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді.
- Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген сәттен бастап біз оң динамикаға куә болдық: құжаттарын рәсімдеп, тіркеп жатқан азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, заңды елемейтіндер әлі де бар. Азаматтарды мотокөліктерін дер кезінде заңдастыруға шақырамыз. Бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар жеке қауіпсіздік мәселесі. Тіркеу жалғасып жатыр, бәрінің өз мопедін қолданыстағы ережелерге сәйкестендіруге мүмкіндігі бар, - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Еске салайық, бұған дейін мопед пен электрлі самокаттың кесірінен 1,7 мың адам жапа шеккенін жазғанбыз.