500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті

АСТАНА. KAZINFORM – «Оймаша» полигонында 542 мерзімді әскери қызметші танк сынағы даярлығы мен кедергілер жолағынан өтті.

в
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының жас сарбаздары жас жауынгер курсы аясында негізгі дайындық кезеңдерінің бірін орындады.

Әскери бөлімге келгеннен кейін олар жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық және дене дайындығынан өтті. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану дағдыларын меңгерді.

Теориялық дайындықтан кейін сарбаздар тактикалық алаңда практикалық тапсырмалар орындады. Жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған ортада олар жертасаға орналасып, бос оқтармен атысты, оқу гранаталарын лақтырып, сауытты техникамен шартты қарсыласқа қарсы тактикалық маневрлер жасады.

– Негізгі назар әскери қызметшілерді шартты қарсыластың танк бөлімшелеріне қарсы іс-қимыл жасауға практикалық тұрғыда дайындауға және жеке құрамның психологиялық төзімділігін қалыптастыруға аударылды. Қойылған барлық мақсат толық көлемде орындалды. Жауынгерлер танк сынағы даярлығынан сәтті өтіп, кедергілер жолағын еңсерді, – деді Жас сарбаздарды даярлау жиынының бастығы, подполковник Жеңіс Ахметқалиев.

Оның айтуынша, танк сынағы даярлығы – жас сарбаздардың төзімділігін, өз күшіне сенімділігін және күрделі жағдайда әрекет етуге дайындығын қалыптастыратын маңызды кезеңдердің бірі.

Ақмола облысынан шақырылған гвардия қатардағы жауынгері Нұрлан Борамбай бұл сынақтың өзіне үлкен әсер еткенін айтты.

– Танк жертасаның дәл үстінен өткен сәтте қатты толқу мен зор жауапкершілікті сезінесің. Бірақ дәл осындай сәттерде сабыр сақтауды үйреніп, жауынгерлік тәжірибе жинайсың. Командирлер мен жолдастарымның қолдауының арқасында қорқынышты жеңіп, өз күшіме деген сенімімді арттырдым, – деді ол.

Практикалық сабақтар жас сарбаздарды әскери қызмет жағдайына моральдық-психологиялық тұрғыдан бейімдеуге бағытталған.

Айта кетейік, жас жауынгер курсынан кейін 23 мамыр күні теңіз жаяу әскерлері Әскери ант қабылдайды.

Еске салайық, әскерден кейін тегін оқуға мүмкіндік алған қазақстандықтардың тізімі жарияланды.