500 томдық «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының кезекті кітабы оқырманға жол тартты (ФОТО)

Аталмыш жоба Елбасының Мәңгілік ел, Ұлы дала елі идеясымен үндесіп отыр, деп хабарлайды nurotan.kz.
Кітаптың бірінші томы 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген еді. Бүгінгі күнде 500 томдық кітаптың 311 томы басып шығарылды. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығын шығарудағы мақсат - Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы мен мәдениетін, саяси-экономикалық ерекшеліктерін насихаттау. Осылайша, қытайлық қаламгерлердің үлгісімен «Түркістан кітапханасы» сериясы бойынша мәдени мұраларды жинақтап, ұрпаққа аманаттау жұмыстары тұңғыш рет оңтүстік өңірде бастау алып отыр. «Президентіміздің «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды?» деген сөзі бар. Осыған орай, міне, бүгін «Қазыналы Оңтүстік» кітабының 311-ші томының тұсаукесері болып отыр. Ұлт тұтастығының кілті - туған тарих, дін, мәдениет, тіл, дәстүрді қастерлеу мен бағалауға бағытталған «Қазыналы Оңтүстік» сериясы бүгінде оқырманға жол тартты. Тарихи фольклор мен жарияланбай қалған жырларды және ақындардың шығармаларын зерттеп, ұрпаққа аманат ететін бұл көптомдықты шығару Асқар Исабекұлының бастамасы болып табылады», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли. Аталған көптомдықтың екінші томына әйгілі фольклоршы әрі этнограф Ә.Диваев пен Ташкент мұғалімдер семинариясының оқытушысы болған Я.Люшьтің бұрын баспа бетіне шықпаған ертегілері еніп отыр. Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени ескерткіштері», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «А.Иассауи кесенесі», «Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы» тәрізді тақырыптар да қамтылған.