500 велосипедші Алматы көшелерімен жүріп өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өткен кезекті велошеруге 500-ден аса адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None



Алматы тарихындағы 101-ші велошеру әдеттегідей «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталып, «Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесі жанында аяқталды.

Спортшылар 13 шақырым қашықтықты бағындырды. Ұйымдастырушылар 2 тұрақты қатысушыға арнайы футболка беріп, велосақшы ретінде сайлады. Олар жол бойындағы қауіпсіздікті бақылап жүрді.

Сонымен қатар, мәреге жиналған қатысушылардың арасында дәстүр бойынша лотерея ойнатылып, сыйлықтар таратылды. Басты сыйлық - велосипед, бүгін туған күнін атап өтіп жатқан Сырым есімді жеткіншекке берілді.

Ал, велосақшының қызметін атқарған Әділет Алмаханов мәреге жетіп, өз ойымен бөлісті.

«Бүгінгі велошеру мен үшін әдеттегідей жеңіл өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Қала тұрғындары мен қонақтарына спортпен айналысуға жағдай жасап, түрлі сыйлықтар ойнатады. Бүгін велосақшының қызметін атқарып, барлығын өз бақылауымда ұстадым. Алдағы уақытта да қатысып, велосипед ұтып алсам деген арманым бар. Бәлкім, бір күні менің де жолым болып қалар», - деді Әділет.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш шара «Спорттық Алматы» бұқаралық спортты дамыту жобасы аясында әр жексенбі сайын өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар