«540 мың бала балабақша кезегінде тұр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 мамыр, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

« Айқын » басылымының бүгiнгi санында « Каспийдегі ұпайымыз түгенделер күн жақын » атты мақала жарияланды.

«Бұл күндері елді елең еткізерлік жақсы оқиға өрбуде. Ол туралы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті. Оның айтуынша, жақында Каспий теңізінің Қазақстан еншісіндегі бөлігі 99,8 пайызға бекітіліп болады. Осының арқасында біздің мемлекетіміз теңіздегі өз секторының барлық дерлік бөлігінде жер қойнауын пайдалануға деген егеменді құқығын іске асыруға кіріспек», - делiнген мақалада.

Газеттiң жазуынша, мұндай мүмкіндікті бізге «Каспий теңізінің түбін Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында бөлу туралы келісім» бергелі отыр. Күні кеше оны Мәжіліс мақұлдады. Бүгін ол Сенаттың қарауына түсті.

- Бұл келіссөздер 2003 жылы басталған еді, бірақ кейіннен Түрікменстан баста­масымен тоқтатылды, - деп еске түсіреді Ерлан Әбілфайызұлы. - Тек 2013 жылы ғана келіссөздер қайта жаңғырды. Бұл Келісімнің басты мақсаты Қазақстан мен Түрікменстан арасында Каспий теңізінің түбіндегі шекаралық сызықты белгілеу болып табылады.

Қазақстанда балабақша кезегiнде 540 мың бала тұр, деп хабарлайды « Айқын » басылымы өзiнiң кезектi мақаласында.

«2012 жылдан бері елімізде 2000 балабақша салыныпты. Алайда балабақшаға сұраныс үсті-үстіне артып барады. Мәселен, дәл бүгіндері елімізде балабақша кезегінде тұрған бала саны 540 мыңды құрап отыр. Олай болса, үкіметтегілер Елбасының тапсырмасын бес жыл ішінде орындай ала ма?» - деп сауал тастайды «Айқын».

Парламент Мәжілісінің де­путаты Гүлмира Исімбаеваның де­регіне сенсек, осы қарқыннан танбаса, құзырлы орындар бала­бақшаға сұранысты жабатындай. Мәжіліс депутаты алдағы үш жылда «Нұрлы жол» бағдарла­масы аясында 27 балабақша пай­далануға берілетінін айтады. Аталған бағ­дарлама аясында бала­бақшалар салуға 10 млрд теңге бөлінеді. Олардың басым бөлігі балаларды мектепке де­йінгі біліммен қамту көрсеткіші төмен болып отырған өңірлерде бой көтереді. Депутаттың дере­гінше, бүгіндері Алматы мен Астана қала­сы және Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында бала­лардың бала­бақшамен қамты­луы орташа республи­калық деңгейден төмен екен. Әсіресе, Алматы мен Ас­тана­да халық тығыз орналасқан әрі бұл қалаларда халықтың ішкі көші-қоны өте қарқынды жүруде. Туу көрсеткіші де жоғары. Ал Алма­тының балабақша мәселесін шешуіне жер телімдерінің жетіс­пеушілігі қолбайлау екен. Сон­дықтан халық қалаулылары Алматы мен Астана секілді қа­ла­­­ла­рындағы балабақшалар­дағы орын санын бүгінгі 320-дан 500-ге дейін ұлғайтуды ұсынуда. Ресей бала­бақша тапшылығын осындай қа­дамға бару арқылы шешіп отырған көрінеді. Толығырақ , « 540 мың бала кезекте тұр » атты мақаладан оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгiнгi санында « Ұлт жоспары - болашаққа апарар жол » атты мақала жарияланды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар еліміз бен Қырғызстан арасындағы шекараға қатысты, бітімгершілік қызмет туралы және сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты заңдық құжаттарды қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

«Жалпы отырысты сөз сөйлеп ашқан Сенат Төрағасы жақында Елбасы өзінің бес институттық ре­формасын жүзеге асыруға ба­ғыт­талған 100 нақты қадамды қам­титын шын мәніндегі Ұлт жос­парын жариялағанын қаперге салды. «Бұл құжат - еліміздің қо­ғам­дық-саяси өмірін тұтастай жаңғыр­туды көздейтін бірегей бағ­дарлама. Қазақстан іргелі трансформация жағдайында тұр. Халықаралық қоғамдастық тарапынан көрнекті реформатор деп танылған Елбасы авторы болып табылатын Ұлт жос­пары әлемде үл­кен қызығушылық тудырып отыр. Шынында, «100 нақты қа­дам» - бұл өзіндік әлеуметтік-эко­но­микалық модель, сондықтан да Ұлт жоспарын жаһандық күн тәр­тібі деп атауға болады», - деді Қа­сым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөзінде», - делiнген мақалада. Сондай-ақ, Қ.Тоқаев Ұлт жос­парын табысты іске асыру арқы­лы еліміз дамудың жаңа сапа­лық деңгейіне көтерілетіні сөз­сіз дегенді де айтты. Бұл жос­пар еліміздің әлемдегі дамыған елдер­дің қатарына ену жолындағы страте­гиялық мақсатына кеңінен жол аша­тынына сенім мол. Елбасы­ның бағдарламасын алдағы заң шы­ғару жұмысында тікелей басшы­лыққа ала отырып, Сенат Төра­ғасы барша сенаторларды Қа­зақстан мемлекеттілігін нығайтуға және жаңғыртуға негізделген Ұлт жоспарын іске асыруға белсене қатысуға шақырды. Бұдан кейін депутаттар күн тәртібіне шы­ғарылған бес мәселені қарады.

1931-1933 жылдардағы ашаршылық қарсаңында қазақ халқы қанша еді? Осы тақырыптың төңiрегiнде « Түркiстан » газетiнде ғалым Талас Омарбековтiң зерттеу мақаласы жарияланды.

«Бұл сұрақ ашаршылық тарихын зерттеушілер үшін аса маңызды, тіптен басты мәселе деген болар едік. Осы жылдардағы ауыл халқының, оның ішінде қазақтардың санын бұрмалап көрсету тарихи шындықтан адастыратынын кез келген зерттеуші ұмытпауы тиіс. Қазақ халқының 1930 жылдың басындағы нақты санын білмей ашаршылықтан қырылғандардың пайыздық үлесін анықтау мүлде мүмкін емес», - деп жазады ол « Ашаршылық ақиқаты бұрмаланбасын » атты мақалада.

«Бұл мәселеде мұрағат қойнау­ларында қажетті деректер сақ­талғанын да атап көрсетеміз. Негізінен бұлар Бүкілодақтық санақ көрсеткіштері. 1926 жылдың соңында Кеңестер Одағындағы қазақтардың саны - 3 млн. 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар - 2 млн. 862 мың адам, ал 1939 жылдың басындағы санақта - 3 млн. 842 мың адамды құрады. Ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алып, оларды салыстырмалы түрде талдайды. Олардың арасында шетелдегі Роберт Конгвест, Робер Дэвис, Стивен Уиткрофт, Никола Пианчиело және тағы басқалар да бар», - дейдi ғалым.

Бостондағы лаңкестiк барысында тергеуге кедергi келтiрген қазақстандық студенттердiң iсi аяқталар шақ алыс емес, деп хабарлайды "Экспресс К" басылымы "Бостонский теракт: мягкая "посадка" атты мақалада. АҚШ-та бостондық терактiнi тергеу жалғасуда. Iстiң басты фигуранты Джохар Царнаев өлiм жазасына кесiлгенi белгiлi. Ендi өздерiнiң үкiмдерiн екi қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев күтiп отыр. 27 мамыр күнi мемлекеттiк айыптаушылар Диас үшiн жетi жыл сұрап отыр. Осыдан тоғыз ай бұрын ғана америкалық прокурорлар оған 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Федералдық прокурорлар Қадырбаевты тергеуге кедергi келтiрдi деп айыптап отыр. Былтыр тамыз айында Диас өзiнiң айыбын мойындаған болатын, соған байланысты қорғаушылар оған жауапкершiлiктi азайтуды сұраған еді. Соңғы шешiмдi сот әлi қабылдаған жоқ. Ал Тәжаяқовқа қатысты үкiм 5 маусымда шығарылмақ. Ол да сот барысында тергеуге көмектесуге келiсiм берген болатын.

Соңғы жаңалықтар