55 жылдан кейінгі тазарту: Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады
АСТАНА. KAZINFORM – Президент тапсырмасымен Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылып жатыр. Нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасында айтылды.

ҚР Су ресурстры және ирригация министрлігі Гидротехникалық имараттар басқармасының бас сарапшысы Сергей Добрыниннің айтуынша, бұл жұмыстар 13 жыл бойы жазғы және күзгі кезеңдерде жалғасады.

− Биыл қазан айының соңына дейін Астана су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Лай шығарылған соң, қойманың жобалық көлемі 47 млн текше метрге ұлғаяды. Бұл жұмыстар үшін «Қазсушар» филиалы арнайы екі техникамен қамтылған. Ол техниканы қолдану үшін «Қазсушар» мамандары арнайы дайындықтан өткен, − дейді ҚР Су ресурстры және ирригация министрлігі Гидротехникалық имараттар басқармасының бас сарапшысы Сергей Добрынин.
Айта кетейік, 1970 жылы салынған Астана су қоймасына осы уақытқа дейін тазарту жұмысы жүргізілмеген. Ол елордамызды ауыз сумен қатамасыз ететін жалғыз су қоймасы. Қойманың жалпы көлемі – 410,9 млн текше метр.

Ал 2030 жылы Астана халқы 2 млн-ға жеткен жағдайда 150 млн текше метр су қажет болады.
Мамандар климаттық жағдайға байланысты, балықтың уылдырық шашу кезеңін ескере отырып, тазарту процесі кемінде 10 жылға созылуы мүмкін деп болжайды. Себебі 1 жылда 5 айдай ғана жұмыс істеуге мүмкіндік болады.

Еске сала кетсек, «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі — Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді. Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.
Сондай-ақ, елордада «Green ID» жобасы қолға алынып, жасыл желектерді цифрлық паспорттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Осылйша, саябақтардағы әрбір ағаш туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады.