56 жастағы ақтөбелік бөтелкелесін өлтіріп, мәйітін қоқысқа лақтырып жіберген

АҚТӨБЕ. 2 қараша. ҚазАқпарат - Ақтөбеде кісі өлтірді деген күдікпен 56 жастағы ер адам мен 36 жастағы әйел адам ұсталды, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.

56 жастағы ақтөбелік бөтелкелесін өлтіріп, мәйітін қоқысқа лақтырып жіберген

31 қазан күні қоқыс контейнерінен кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ сұғылған 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды.

Кісі өлімі Есет батыр көшесіндегі үйлердің пәтерлерінің бірінде орын алған. Күдікті мен зардап шегуші таныс әйелдің пәтерінде спирттік ішімдік ішкен. Жанжалдасу кезінде 56 жастағы ер адам әйелдің көзінше марқұмға бірнеше рет пышақ сұғып алған. Кейін пәтер иесі - әйелмен қылмыстың ізін жасыруға кіріскен.

Мәйітті тұрмыстық сөмкеге салып, оны аула алдындағы қоқыс контейнеріне лақтырып жіберген.

Оқиғаның ізі суымай ер адам мен әйел адам ұсталды. Олардың екеуі де жұмыссыз, Ақтөбеде тұрады. Ұсталған адам Ақтөбе қаласы ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Күдікті әйел тергеу барысында қылмысты мойындады, оған қатысты бұлтартпау шараларын қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Екеуіне қатысты ҚР ҚК 96-бабы бойынша қалмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге қажетті сараптама белгіленді. Аталған қылмыстық істі тергеу жалғасуда.