5G жұмыс процесімен қатар қызметкерлердің еңбек жағдайын да өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақмыс» пен ISKRATEL арасындағы келісім өндірістік алаңдардың терең цифрлық жаңғыртылуына жол ашады. 5G, байланыс және өнеркәсіптік интернет технологиялары қызметтік үдерістерді ғана емес, қызметкерлердің еңбек жағдайын да өзгертпек.
«Қазақмыс» компаниясы мен словениялық ISKRATEL (Kontron) компаниясы цифрлық технологиялар және телекоммуникациялар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл құжат - қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарда жаңа буындағы жүйелерді енгізуге бағытталған кезекті қадам.
Серіктестік байланыс пен 5G саласындағы заманауи шешімдерді, өнеркәсіптік интернетті (IIoT) дамыту, сондай-ақ компаниялар тобындағы нысандарда киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. «Қазақмыс» үшін бұл бағыт бұрыннан стратегиялық саналады, ал ISKRATEL-мен келісім цифрлық трансформацияның қарқынын айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді.

Құжаттың басты мақсаты – тек формалды тәжірибе алмасу емес, нақты әрі өлшенетін нәтижеге қол жеткізу. Тараптар өндірістік шығындарды қысқартуды, үдерістердің тиімділігін арттыруды және негізгі алаңдардың цифрлық жаңғыруын жеделдетуді көздеп отыр.
Ынтымақтастық аясында еңбек жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Компания өкілдері атап ткендей, жаңа технологияларды енгізу персоналдың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бөлімшелер арасындағы тұрақты байланыс, жабдықтың сенімділігі және заманауи мониторинг құралдары қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл – өндірістегі кідірістердің азаюы, апаттық жағдайлардың төмендеуі және үдерістердің тұрақты ұйымдастырылуы деген сөз.
Меморандумға сәйкес, тараптар 5G-технологияларын тәжірибелік-өндірістік сынақтан өткізеді. Құжатта бұл сынақ олардың тиімділігін және қолданыстағы инфрақұрылыммен үйлесімділігін бағалауға мүмкіндік беретіні айтылған. Осылайша технологияларды ауқымды енгізудің оңтайлы жолдары айқындалады.
Сонымен қатар, «Қазақмыс» пен ISKRATEL байланыс мониторингі мен бақылаудың жаңа жүйелерін енгізумен бірлесіп айналысады. Бұл құралдар кәсіпорындардың ақпараттық және өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, әсіресе күрделі тау-кен металлургия саласы үшін бұл маңызды.
Серіктестік тиімді коммерциялық шарттарды және ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасы мен пилоттық жобалардан бастап кең ауқымды өндірісті енгізуге дейін қамтиды. Мұндай тәсіл өндіріс тоқтамай-ақ технологиялық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға жол ашады.
Компания өкілдері атап өткендей, ISKRATEL-мен ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: заманауи байланыс стандарттарына көшу, жабдықтың сенімділігін арттыру және тұрақты технологиялық дамудың негізін қалыптастыру. Нәтижесінде «Қазақмыс» индустрия 4.0 талаптарына сай цифрлық өндіріс құруға тағы бір қадам жасайды.