5 млн теңгенің қателігі: мемлекеттік грант қай кезде қайтарылуы мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл — бір өнім» жобасының былтырғы екі финалисімен комиссия келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады.

деньги стипендия
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, былтыр облыста жалпы сомасы 29,6 млн теңге болатын алты мемлекеттік грант берілген. Оның бесеуін «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистері алса, бір грант әлеуметтік кәсіпкерге берілген. Мемлекеттік грантқа ие болу — кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік. Алайда бюджеттен бөлінген қаражатты талапқа сай игермесе, алынған қаржыны қайтаруға тура келуі мүмкін.

Тексерсу кезінде екі жеке кәсіпкердің қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны және құжаттарды рәсімдеу кезінде қателіктер жібергені анықталды. Бұл мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің отырысында талқыланды.

5 млн теңгенің грантын кімдер ала алады?

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Жанна Қонқарованың айтуынша, қазіргі уақытта 5 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік грантты екі санаттағы кәсіпкерлер ала алады. Олар -әлеуметтік кәсіпкерлер және «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистері.

Әлеуметтік кәсіпкер алдымен Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілуі қажет. Тізілімге қосылу үшін өтінімдер әр тоқсан сайын айдың 1-інен 15-іне дейін қабылданады. Арнайы комиссия өтінімді қарағаннан кейін хаттама Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберіледі. Тізім министрліктің тиісті бұйрығымен бекітіледі.

Ал «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистері грант конкурсына тікелей қатыса алады.
Грантқа өтінім беру, оны қарау және келісімшарт жасау рәсімдерінің барлығы kezekte.kz платформасы арқылы онлайн жүргізіледі. Конкурстық комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда кәсіпкерлік басқармасы, «Даму» қоры және грант иегері арасында үшжақты келісімшарт жасалады.

Құжатта грант қаражатын пайдалану тәртібі, жұмыс орындарын ашу, жобаның іске асырылуы және есеп беру талаптары көрсетіледі. Кәсіпкер белгіленген мерзімде аралық және жылдық есеп тапсырып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалғанын дәлелдеуі тиіс.

Грантты қайтаруға не себеп болуы мүмкін?

Биыл маусым айында «Даму» қоры мен облыстық басқарма өкілдері грант иегерлерінің жобаларын тексеру үшін барған. Тексеру барысында екі кәсіпкердің грант қаражатын пайдалану кезінде талаптарды бұзғаны анықталған.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлердің бірі грант қаражатын алдымен жеке кәсіпкердің есепшотынан шешіп алып, кейін жеке Kaspi Gold картасына аударған. Одан соң тауардың ақысын жеке картасы арқылы төлеген. Кәсіпкер мұны тауарды тегін жеткізу мүмкіндігі болғандықтан жасағанын түсіндірген.

Алайда грант қаражаты тек кәсіпкерлік мақсаттағы есепшоттан қолма-қол ақшасыз жұмсалуы керек.

Осы жағдайға байланысты мамандар грант иегерлері жиі жіберетін үш негізгі қателікті атап өтті. Біріншісі — грант қаражатын жеке шотқа аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру. Жеке тұлғаның картасы арқылы жасалған төлемдер талапқа қайшы болып саналады.

Екіншісі — 20% өз қаражатын іс жүзінде жобаға жұмсамау. Кәсіпкер өтінім берген кезде жобаны жүзеге асыруға өз қаражатының 20% бар екенін көрсетуі тиіс. Мысалы, 5 млн теңгелік грантқа қатысушының 1 млн теңге өз қаржысы болуы қажет. Бірақ оның болуы ғана жеткіліксіз, бұл ақша белгіленген мерзімде жобаға нақты жұмсалып, тиісті құжаттармен расталуы керек.

Үшінші — штаттық кестені дұрыс толтырмау. Кейбір кәсіпкерлер штат санын көрсеткен кезде өзін де жалдамалы қызметкер ретінде есепке алады. Мәселен, екі адам жұмыс істейді деп көрсетіп, оның біреуіне өзін жатқызуы мүмкін. Штатта тек еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін нақты жалдамалы қызметкерлер көрсетілуі тиіс.

Артық ақша қалса, не істеу керек?

Грантты игеру кезінде кәсіпкер жоспарланған қаражаттың барлығын жұмсамай, белгілі бір соманы үнемдеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қалған ақшаны жасырудың немесе басқа мақсатқа жұмсаудың қажеті жоқ.

Мамандардың айтуынша, қаражаттың игерілмеген бөлігін заңды түрде қайтаруға болады. Мысалы, «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистерінің бірінде қажетті жабдықтарды сатып алғаннан кейін 200 мың теңге қалған. Кәсіпкер бұл туралы басқармаға ресми түрде хат жазып, қаражатты қайтаруға ниетті екенін хабарлаған. Мәселе комиссия отырысында қаралып, қосымша келісім жасалды. Кәсіпкер игерілмеген соманы ешқандай санкциясыз қайтарды.

Грант — жай ғана берілетін ақша емес

СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі атап өткендей, грант — бюджет қаражаты. Сондықтан оның әр теңгесі бойынша кәсіпкер есеп беруі тиіс.

СҚО кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

 

— Біздің мақсатымыз — грант беріп, кейін оны қайтарып алу емес. Кәсіпкер өтінім берген кезде көрсеткен барлық мәлімет автоматты түрде келісімшартқа енгізіледі. Құжатқа ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Жұмыс орындарын ашу, қаражатты мақсатты пайдалану және жобаның жұмыс істеуі — келісімшарттың міндетті талаптары. Оларды сақтау қажет, — дейді басқарманың бөлім басшысы Жанна Қонқарова.

Бұған дейін Қостанай облысының Әулиекөл ауданында мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталғанын жазған едік.