6 ай кезекте тұрады: депутат жүргізуші куәлігін алу тәртібін өзгертуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Мейраш Шынасилова Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына жолдаған сауалында жүргізуші куәлігін алу кезіндегі қиындықтарды атады.
- Азаматтар мен автомектептердің хабарлауынша, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтиханды ұзақ күтуге тура келеді, кейде 6 айға дейін созылады. Бос орындар лезде таусылады. Жазылу тетігі ашық емес, яғни қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды. Мәселені тек қолданыстағы инфрақұрылым есебінен шешу жеткіліксіз. Емтихан қабылдау орындарының санын көбейтіп, мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерімен қатар жеке сектордың әлеуетін де пайдалану қажет, - деді Мейраш Шынасилова.
Осы орайда ол теориялық емтиханға жазылу және кезекті қысқарту мәселесіне тоқталды. Мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын азаматтарға ыңғайлы болу үшін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен қатар, теориялық емтихандарды қабылдау үшін қосымша алаңдарды – Ұлттық тестілеу орталығының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің базасында ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл, кезекті азайтуға және азаматтардың емтихан тапсыру мүмкіндігін арттыруға ықпал етер еді.
- Ең өзекті мәселе – практикалық емтиханға кезек. Қазіргі кезде практикалық емтихан негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында ғана қабылданады. Мысалы, агломерацияны қоса алғанда халық саны 2 миллионға жуық Астана қаласында бір ғана автодромның болуы мәселенің ауқымын көрсетуде. Бұл ретте, жеке сектордың мүмкіндігін пайдалануға болады: көптеген алдыңғы қатарлы автомектептердің өз автодромдары бар. Сондықтан, практикалық емтихан қабылдауға қойылатын бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастырушылық талаптарды белгілеп, осы талаптарға сәйкес келетін жеке автодромдарды аккредиттеу арқылы емтихан қабылдауға тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы тәсілді теориялық емтиханға да қолдануға болады, - деді депутат.
Сонымен қатар ол емтиханға жазылу кезінде делдалдардың қызметіне тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты.
- Осыған байланысты, емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүзеге асыруды және бос орындарды автоматты түрде бөлудің ашық әрі қорғалған тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл кезекті сатып алуға немесе сатуға жол бермей, емтиханға жазылу мүмкіндігін барлық азамат үшін тең қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ақ жол» фракциясы Үкіметке келесі тетіктерді жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Біріншіден, кезектерді қысқарту мақсатында мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын ұйымдастыру керек. Теориялық және практикалық емтихандарды қабылдау орындарын көбейту үшін Ұлттық тестілеу орталығының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерін қосымша алаң ретінде пайдалану, сондай-ақ белгіленген бірыңғай талаптарға сәйкес келетін жеке автодромдарды аккредиттеу арқылы емтихан қабылдау мүмкіндігін қарастыру маңызды, - деді депутат.
Бұған дейін Астанада жүргізуші куәлігін жасап беруді уәде еткен алаяқ 3 жыл 6 айға сотталғанын жазған едік.