6 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 6 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

6 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Фото: Freepik

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні

Қазақстанда қыркүйектің бірінші жексенбісінде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке елімізде 2003 жылы ресми түрде бекітілген.

Қазақстанда мұнайдың негізгі бөлігі үш ірі кен орнында – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанда өндіріледі. Мұнай-газ кешені елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Сала ел бюджетіне түсетін салықтың елеулі бөлігін қамтамасыз етеді, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен төрттен бірін құрайды.

Қазақстанда 250-ден астам мұнай және газ кен орны ашылған. Мұнай өңдеу кәсіпорындары жаңғыртылып, өңірлерді газдандыру жұмыстары қарқын алды.

ОҚИҒАЛАР

1925 жылы «Таң» журналында Әлихан Бөкейхан жүргізген «Қобыланды» эпосы туралы алғашқы зерттеу жарық көрді. «Қобыланды» – қазақ эпостарының ішіндегі ең көп зерттелген жыр. Жыр нұсқаларында Қобыландының өмір сүрген дәуіріне қатысты бес кезең көрсетіледі. Олар IX-XVIII ғасырлар аралығын қамтиды. Алайда Қобыланды XV ғасырда, Әбілқайыр хан тұсында, Қазақ хандығы құрылып жатқан кезеңде өмір сүрген.

Көлемді эпос бірден қалыптасқан жоқ. Жыр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, өмір қажетіне және тарихи кезеңдерге қарай өзгеріп, толығып отырған. Бұл тарихи мұраны сақтап, дамытуға сансыз жыр жолдарын шығарып, жаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген көптеген жырау үлес қосты. Қобыланды туралы жырды алғаш рет Василий Радлов жариялаған.

1927 жылы Оралда көрнекті өнертанушы, композитор әрі этнограф, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевич (1869-1936) ұйымдастырған қазақ музыкасының алғашқы кеші өтті. Ол «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты белгілі жинақтарды жарыққа шығарған.

Композитор Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының Мәскеу мен КСРО-ның басқа қалаларына гастрольдік сапарларын ұйымдастыруға да атсалысты. 1923 жылғы қазанда Мәскеуде оның ұйымдастыруымен алғаш рет қазақ музыкасының кеші өтті. Төрт жылдан кейін осындай концерт Мәскеу консерваториясында өтті. Онда орыс халық аспаптары оркестрі Александр Затаевич өңдеген қазақ күйлерін орындады.

1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің «Алматы қаласында жас көрермендер театрын ұйымдастыру туралы» қаулысы шықты. Қазір бұл – Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры.

1945 жылғы 7 қарашада театр алматылықтарға алғашқы спектакльдерін ұсынды. Олар – Н.Сац сахналаған Е.Шварцтың «Қызыл телпек» және драматург әрі режиссер Виктор Розов қойған Исидор Штоктың «Лейден қоршауы» спектакльдері.

1985 жылы «Богатырь» әлемдегі ең ірі ашық көмір кеніші ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның жобалық қуаты – жылына 52 млн тонна көмір. «Богатырь» – Екібастұзда орналасқан көмір өндіретін кәсіпорын.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы» Жарлығы жарияланды.

– Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз, – делінген Жарлықта.

1997 жылы қазақ күресінен алғаш рет әлем чемпионаты өтті. Қазақ күресі – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі. Қазақстандық тарихшылар қазақ батырлары жорық кезінде және жер қорғауда осы күрестің әдіс-тәсілдерін қолданғанын дәлелдеген.

2010 жылы кезінде саяси себептермен тыйым салынған бірегей еңбек – Елтоқ Ділмұхамедовтің «1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымов бастаған қазақтар көтерілісі» атты кандидаттық диссертациясы қайта басылып шықты.

Сталиндік кезеңде диссертация қорғау туралы шешімнің күші жойылып, монография Кеңес Одағындағы барлық кітапханадан алынып тасталды. Е. Ділмұхамедовтің отбасы бірегей еңбектің сақталған жалғыз авторлық данасын ондаған жыл бойы көздің қарашығындай сақтады.

Ғылыми еңбек қайта басылып, толық қалпына келтірілді. Кітапқа Кене хан жорықтарының бағыттары көрсетілген бірегей карталар мен халық қаһарманына арналған әндердің жазбалары енгізілді.

2014 жылы жас суретші Виталина Илькаеваның «Құс» атты фантастикалық туындысы Жапонияда өткен 44-ші Халықаралық балалар көркем шығармашылығы байқауында алтын медаль иеленді. Оның туындысы байқаудың үздік балалар суреттері жинағына енді.

2016 жылы Душанбе – Қорғантөбе – Күләб жаңа теміржолымен алғашқы пойыз жүрді. Оны Астанадағы локомотив құрастыру зауытында жаңа технологиямен шығарылған, техникалық мүмкіндігі жоғары ТЭЗЗ сериялы №0300 тепловозы сүйреді.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын алтын және күміс бұйымдар каталогын шығарды.

Басылымға енген жәдігерлердің барлығы музей қорына жатады. Мұнда Есік қорғанынан, Берел, Нагорненский, Бесоба, Ақтасты қорымдары мен басқа да ескерткіштерден табылған бұйымдар сақталған. Сондай-ақ келушілер Шығыс Сарыарқадағы ерте сақ дәуірінің қорғандарынан және сарматтық әйел абыз жерленген орыннан табылған бірегей жәдігерлерді, Сайрам қалашығынан табылған алтын бұйымдар көмбесін көре алады.

2019 жылы елордадағы Абай көшесінде Жазушылар аллеясы ашылды. Аллея Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысынан Егемен Қазақстан көшесіне дейін созылып жатыр. Оның аумағы – 1,2 гектар. Мұнда 50 шырша отырғызылып, 428 жарық шамы орнатылған. Аллеяның қақ ортасына Абайдың сөздері жазылған мәрмәр кітап қойылған.

2019 жылы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыста жұртшылық пен азаматтық қоғамның пікірі ескеріліп, маңызды стратегиялық мәселелер қаралды. Жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдерінің арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету тетіктері талқыланды. Ұлттық кеңестің жұмыс жоспарына қатысты ұсыныстар да қаралды.

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық талдау орталығы, Цифрлық трансформация орталығы және Ұлттық жобалық кеңседен тұратын Цифрлық үкімет офисінің жұмысын іске қосты.

Офис бастапқы талдау жұмыстарын автоматтандырады, даму болжамдары мен сценарийлерін әзірлейді, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбеу тәуекелдерін анықтап, бақылауға алады. Цифрлық трансформация орталығы мемлекеттік органдардың жұмыс үдерістерін қайта құрып, цифрлық форматқа көшірумен айналысады.

2021 жылы Алматы облысында «Абайдың қара сөздері» көркем киножобасының түсірілімі басталды. Тележобаның әр сериясы бас кейіпкердің жеке оқиғасына құрылған толыққанды сюжеттен тұрады. Бас кейіпкерді Қазақстан киносының белгілі актерлері Нұрлан Әлімжанов, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген және басқалар сомдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені әзірлеген жаңа жоба Абай әлемін түсінуге, қазақ халқының ұлы перзентінің бүкіл адамзатпен рухани-философиялық байланысын нығайтуға өзіндік үлес қосты.

2021 жылы Қазақстанда «СӨЗТҮЗЕР. Қате қолданыстар сөздігі» құрастырылды. Жоба авторлары еліміздің ақпарат кеңістігінде мемлекеттік тілді қолдануда ең жиі кездесетін қателерді анықтап, жіктеп, талдады. Сөздікте қазақ тіліндегі сөздерді қате қолданудың нақты мысалдары, сондай-ақ кең тараған орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер берілген.

Сөздік ең алдымен қазақтілді БАҚ редакторларына тұрақты пайдалануға, сондай-ақ қазақша сауатты жазуға ұмтылатын қалың көпшілікке ұсынылған.

2023 жылы Астанада Дархан Жүзді (Darkhan Juzz) еске алуға арналған мурал салынды. Ол Абай даңғылы, 11 мекенжайында орналасқан. Жобаны суретші Асхат Орынбасаров пен қала әкімдігі қолдады. Муралда Дархан самурай бейнесінде суреттелген. Оның қолында қарудың орнына гитара бар. Гитара – тыңдармандарының жүрегіне жол тапқан музыкасының символы. Дарханның бейнесін қоршаған шеңбер үйді, сондай-ақ түркі-тәңірлік әлем нышанын білдіреді.

Darkhan Juzz 1991 жылғы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол – танымал инди-поп орындаушысы, ән авторы әрі саунд-продюсер. Оның шығармашылығында акустикалық гитара мен сыршыл лирика үйлесім тапқан. Дархан 2023 жылғы 24 ақпанда Пхукет аралында демалып жүрген кезінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.

2024 жылы Даяна Федосова Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол J2 санатында 57 келі салмақта сынға түсіп, түркиялық Дөндү Йешилюртты жеңді. Спортшы жүлделі үшінші орынға ие болып, Қазақстан қоржынына тағы бір медаль салды.

2024 жылы Ерғали Шамей Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол J1 санатында 73 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Финалда румыниялық Флорин-Александру Бологоға есе жіберді.

2025 жылы БҰҰ-ның 80 жылдығы қарсаңында әрі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығына орай БҰҰ Бас Ассамблеясы «БҰҰ мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық» қарарын қабылдады. Құжатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті бейбітшілік, келісім мен даму жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастамасы қолдау тапты.

Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұсынған. Оны 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен «ШЫҰ плюс» саммитінде Мемлекеттер басшылары кеңесі мақұлдады.