6 мамыр. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 6 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

Жылнама
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы Алматыда Республикалық кино үйінде 1991-1993 жылдары түсірілген фильмдердің байқауы өтті. Байқаудың қорытындысында Гран-при жүлдесі «Отырардың күйреуі» (режиссері А.Әмірқұлов) және «Сұржекей» (режиссері Д. Манабаев) фильмдеріне берілді.

1998 жылы Қазақстан Республикасының астанасы — Ақмола қаласының атауы Астана қаласы болып өзгеріп, «Сарыарқа» және «Алматы» аудандары құрылды.

2003 жылы Астанада «Халықтар достығы» ескерткіші ашылды. Авторы — Сәкен Нарынов.

2010 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Германия және Аустрия аумағында қаза тапқан қазақстандықтарға арналған Естелік кітабының тұсаукесері өтті.

2010 жылы Алматы қаласындағы Достық даңғылында орналасқан үйде совет офицері, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Халық Қаһарманы», Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

2013 жылы Бакуде Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театры Қазақстанның жетекші композиторларының бірі Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсының қойылымын ұсынды.

2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған үш маркадан құралған пошталық блок пайдалануға енгізілді. «Естелік және мерейтойлық даталар» топтамасындағы әрбір марканың номиналы 200 теңгені құрайды. Пошта маркаларында Рақымжан Қошқарбаев (Халық Қаһарманы), Мәншүк Мәметова (Кеңес Одағының Батыры), Иван Панфилов (Кеңес Одағының Батыры) бейнеленген.

2015 жылы Түркияның Маниса провинциясында «Месир» халықаралық фестивалінде Түркия Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігі мен Маниса провинциясының муниципалитеті ұйымдастырған Қазақстан күндері өтті.

2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанынан Құқықтық консультациялық кеңес құрылды. Кеңес міндетіне қаржы орталығының жобаларындағы актілерді қарау және сараптау, сондай-ақ, өзге де кеңес беру қызметтері жатады. Сонымен қатар, Кеңес құзіретіне Англия мен Уэльстің құқықтық қағидаларын негізге ала отырып, құқықтық базаны қалыптастыру және де әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының стандарттарымен жұмыс істеу де кіреді.

2019 жылы Санкт-Петербургте Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш Санкт-Петербургта Қызыл гвардия ауданында Қызыл гвардия көшесіндегі қала саябақтарының бірінде орналасқан. Биіктігі 3 метрлік қоладан жасалған мүсін қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Оған батыр қыздың есімі мен жұлдызы ойылып салынған. Тұғырдың арғы бетінде оның қаһармандығы туралы қысқаша мәлімет берілген.

2019 жылы Ленинград облысының Кингисепп қаласында кезінде Ленинградтың қоршауын бұзып берген қазақстандық жауынгерлер рухына орнатылған гранит ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Осы маңдағы ұрыстардағы ерекше ерлігі үшін 314-ші атқыштар дивизиясына кезінде «Кингисептік» деген ат да қойылған. Ескерткіш түбіне жасақ мүшелері туған жердің бір уыс топырағы салынған капсуланы да қоса көмді. Ол кезінде осы дивизия сапына әскерлер аттанған Павлодардағы бұрынғы теміржол вокзалы маңынан алынған.

2020 жылы «TV-Supren» бразилиялық телеарнасында қазақтың бас ақыны, ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы Абайдың 175 жылдығын тойлау аясында алғаш рет португал тіліне аударылған «Қара сөздері» кітабының таныстырылымы өтті. Кітапты Сан Паулу Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Эдельсио Америко тәржімалады. Таныстырылым барысында Абайдың қазақ мәдениетінің қалыптасуындағы рөлі, тәрбие мен ұлттық дүниетаным проблемаларын көтеріп, адамдардың кемшіліктерін сынап, оларды еңбекке, ағартуға, ғылымға, заңды бұзбауға шақырған, ел бірлігі маңызын дәріптеген «Қара сөздерінің» маңызы жайлы айтылды.

2021 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі 999,9 сынамалы жоғары сапалы алтыннан құйылған ALTYN BARYS монеталарын шығарды.

Инвестициялық монеталардың ерекшелігі — монета жасалған металдың құны мен салмағына байланысты табыс алу мүмкіндігі.

2022 жылы елордада Ұлы Отан соғысы батырларының құрметіне Естелік қабырғасы ашылды.

Бұл мемориал Отан игілігі үшін қызмет еткен, өнегенің, ерліктің, абыройдың үлгісі болған ардагерлеріміздің ерліктеріне арналған.

«Бұны сұрапыл Ұлы Отан соғысының кезінде елі үшін, халқы үшін жанын пида еткен, өмірін қиған талай қазақ батырларына, сол Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың бәріне, соғыста жеңіске жету үшін тылда еңбек еткен, ерлік жасаған біздің халқымыз үшін қойылған үлкен ескерткіш деп қарастыруымыз керек деп ойлаймын», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тақтаның таныстырылымында.

2024 жылы Президент мемлекеттік наградаларды, жоғары әскери және арнайы атақтар мен сыныптық шендерді тапсыру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шараға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады. Ол әскери дәстүр сабақтастығын білдіретін бұл мерекелер ата-бабаларымыздың ерлік жолына адалдықты көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысы офицерлерге әскери және арнайы атақтар мен сыныптық шендер берді.

2024 жылы Қазақстан 2024-2025 оқу жылына Қырғыз Республикасының азаматтарына еліміздің жоғары оқу орындарында 50 квоталық орын бөлді. Гранттар бакалавриат, магистратура және үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламалары бойынша бөлінді.

2024 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Соңғы жаңалықтар