6 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
6 маусым, ЖҰМА Жаңа Зеландияның мемлекеттік мейрамы - Патшайымның туған күні. Маусым айының бірінші дүйсенбісінде атап өтіледі. Швецияның және Швеция Байрағының ұлттық күні. Швеция Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Скандинавия түбегінде оңтүстік, оңтүстік-батыстан солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай 1600 шақырымға, шығыстан батысқа 400 шақырымға созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтүстігі мен шығысы Балтық теңізі мен Ботния шығанағымен шайылады. Оңтүстік-батыс жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Сонымен қатар Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары да осы мемлекетке қарайды. Әкімшілік жағынан 24 ленге бөлінеді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Мемлекеттік тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы. Швеция - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Заң шығарушы жоғары органы бір палаталы парламент - Риксдаг. Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды. Пушкин күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1997 жылғы мамырдың 27-дегі Жарлығымен ұлы ақынның туылған күні салтанатына орай жыл сайын атап өтіледі. А.С.Пушкин шығармашылығын жоғары бағалайтын қазақстандықтар да жер-жерде ақын ескерткішінің алдына барып, рухына тағзым етіп, өлеңдер оқиды. А.С.Пушкин 1833 жылы Орынбор және Орал қалаларына келген. «Пугачев тарихына» қатысты мағлұматтар жинап, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосын жазып алған. Оның шығармалары 19 ғасырдың 2-ші жартысында Абайдың аударуымен елімізде кеңінен таралды. Абай «Евгений Онегиннен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдер шығарды. Ақын І.Жансүгіров «Евгений Онегин» романын бірінші болып толық аударды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 168 жыл бұрын (1846) Атбасар қаласының негізі қаланды. Астана қаласынан солтүстік батысқа қарай 232 шақырым жерде, Жабай өзенінің (Есілдің бір саласы) оң жағалауында орналасқан. Қазан төңкерісіне дейін мұнда Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп тұрды. 1928 жылы аудан орталығына айналды. Ақмола-Қарталы тас жолының салынуы (1940) қаланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады. 69 жыл бұрын (1945) Қарағандыда әлемде тұңғыш көмір комбайны сынақтан өтті. 1932 жылы кеңес өнертапқышы Алексей Иванович Бахтумский осы көмір комбайнының ең алғашқы үлгісін жасады. 27 жыл бұрын (1987) Алматы облысының бұрынғы Кеген ауданында Ораз Жандосов тұрған және қызмет істеген үйде мұражай ұйымдастырылды. 22 жыл бұрын (1992) кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. 14 жыл бұрын (2000) Алматыдағы «Ер Төстік» ұл балалар хоры (жетекшісі Қымбат Нұралиева) Австрияның Линц қаласында өткен халықаралық «Хор олимпиадасы - 2000» байқауына қатысып, қола жүлдеге ие болды. 13 жыл бұрын (2001 жылғы маусымның 6-сы мен 14-і аралығы) Астанада Мәскеудің мәдени күндері өтті. 13 жыл бұрын (2001) Жамбыл облысының Жамбыл ауданы орталығында ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. 7 жыл бұрын (2007) Екібастұз орталық қалалық кітапханасының қызметкерлері қазақ және орыс тілдерінде «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» - «Почетный гражданин города Экибастуза» атты кітабын шығарды. Бұл қаланың құрылысына, кен өндірісіне, электр стансаларына еңбек сіңірген адамдар туралы әңгіме. «Құрметті азамат» атағы кәсіпорын ұйымдастырушыларына, дәрігерлерге, ұстаздарға, кен өндірушілерге берілген. 5 жыл бұрын (2009) маусымның 6-9 аралығында Ашхабадта Қазақстан Республикасының Мәдени күндері өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне Түрікменстанның Ұлттық мәдениет орталығында сол елдің мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Түрiкменстанның концерттiк және театр залдарында өткен шаралардың бағдарламасына Қазақстанның өнер майталмандарының концертi, «Қазақстан - Еуразия жүрегінде» фотокөрмелерi, соңғы жылдары түсірілген көркем киноленталар көрсетілді. ЕСІМДЕР 104 жыл бұрын (1910-1982) геоботаник-ғалым, биология ғылымдарының докторы МИХАЙЛОВА Валентина Павловна дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1935-1945 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалы ботаника секторының кіші ғылыми қызметкері, Топырақтану және ботаника институтының ғылыми хатшысы. 1945-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ботаника институтының ғылыми хатшысы, жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, өсімдіктер қоры бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері өсімдік қоры мәселелеріне арналған. Михайлова Қазақстанда өсетін илік өсімдіктердің биологиясы мен таралуын зерттеп, олардың қорын тиімділікпен пайдалану тәсілдерін ұсынды. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘБУОВ Тұрсын дүниеге келді. Алматы облысының Іле ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі), Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Оның туындыларына ұяң бояулар, шытырман иірімдер, айқын кескін-келбет тән. Кескіндемешінің ұлттық бояуға бай натюрморттары, Талғат Бигелдиновтің, Шәкерім Құдайбердіұлының портреттері, «Балалық шақты еске алу», «Жүзім жинау» сияқты тақырыптық кескіндемелері көптеген көрмелерге қойылып, шет елдерге таныс болған. Тұрсын Әбуовтің еңбектері Қазақстан Мемлекеттік мұражайында, Президент сарайында, Ресей, Америка, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің мұражайларында сақтаулы. 2011 жылы 14-21 сәуір аралығында Атырау облыстық Шөмішбай Сариев атындағы өнер мұражайында Тұрсын Әбуовтің 75 жылдығына арналған тақырыптық дәріс апталығы болып өтті. 73 жыл бұрын (1941-1990) фантаст жазушы ӘЛІМБАЕВ Шоқан дүниеге келді. Жамбыл облысының Асы стансасында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). «Спорт» газетінің әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік алқа мүшесі болған. Ол фантастикалық әңгіме, повесть, роман жанрларында қалам тартқан. Бірнеше туындысы шетел тіліне аударылған. «Даналық альфасы» атты повесі, «Даналық формуласы» атты романы бар. 68 жыл бұрын (1946-1989) журналист, ақын, аудармашы МЫРЗАБЕКОВ Кеңшілік Ағытайұлы дүниеге келген. Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1966-1989 жылдары Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), Алматы облыстық «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызметтер атқарды. Ақынның алғашқы жинағы «Іңкәр дүние» деген атпен 1972 жылы баспадан шықты. Оның «Балалық шақ балладалары», «Қасиетті қас қағым», «Ауыл мен астана», «Дәуір - дастан», «Сәруар», «Бір мысқал», «Жолға салдым көшімді», «Менің мұңым - махаббат» секілді жыр жинақтары оқырман қауымға жақсы таныс. Ол Евгений Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты поэмаларын қазақ тіліне аударды. 1996 жылы ақын жайында «Қайран, Кеңшілік!» атты естелік кітап жарыққа шықты. 63 жыл бұрын (1951) бірінші этникалық қазақ, грек-рим күресі бойынша Олимпиада-80-нің алтын медалін жеңіп алған әлем чемпионы ҮШКЕМПІРОВ Жақсылық дүниеге келді. Жамбыл облысы Байзақ ауданының, Тегістік ауылында туған. Мектепте ұлттық қазақша күреспен айналысқан. Семей мал шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978 Запорожье) және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), Әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпия ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Қазіргі таңда Алматыда тұрады, жылқы өсірумен айналысады. Бапкерлері - Р.Ильматов, В.Псарев, В.Угренинов. «Құрмет белгісі» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Алматы қаласында жыл сайын қазақ спортының мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесі үшін халықаралық жастар турнирі өтіп тұрады. 61 жыл бұрын (1953) жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ӘБДЕЗҰЛЫ Қансейіт дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және аспирантурасы мен докторантурасын бітірген. Өзінің ұстаздық еңбек жолын осы университетте оқытушылық қызметтен бастап, кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында «Ел мен жер» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялаған. Оның «Кейіпкер және тартыс», «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Т.Әлімқұлов және 60-80 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты кітаптары, «Әдебиет және өнер» атты зерттеуі, «Жазушы және заман шындығы» атты сын мақалалар жинағы жарық көрген. 56 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ҚАРАКЕН Құралай Әнуарқызы дүниеге келді. Ақтөбе қаласында туған. И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласының СЭС дәрігер-эпидемиологы, Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бойынша санитарлық дәрігер болып жұмыс істеді. 1987-1996 жылдары Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1996-1997 жылдары - Ақтөбе облысы СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары. 1998-2001 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы. 2001-2002 жылдары - Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002-2012 жылдары - Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» омырау белгілерімен марапатталған.
42 жыл бұрын (1972) Ақтөбе облысының әкімі МҰХАМБЕТОВ Архимед Бегежанұлы дүниеге келді. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген. Мамандығы бойынша - инженер-электрик, қаржы бакалавры. Еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2011 жылғы 22 шілдесінен бастап Ақтөбе облысының әкімі. 265 жыл бұрын (1749-1800) ресейлік адмирал, Одесса қаласын және портын салушылардың бірі ДЕРИБАС Осип Михайлович дүниеге келді. 146 жыл бұрын (1868-1912) Антарктиданы зерттеуші ағылшын саяхатшысы СКОТТ Роберт Фолкон дүниеге келді. Ол Корольдік әскери-теңіз флотында қызмет еткен. 1900 жылы тұңғыш ағылшын ұлттық Антарктидадағы экспедициясын басқарып, «Дискавери» әскери кемесімен Антарктидаға аттанған. 1901-1904 жылдар аралығында Виктория жерін, Росс тауының жағалауын, Росс қайраңдық мұздығын зерттеп, Эдуард VII түбегін ашқан. Скотт серіктестері Э.Уилсон мен Э.Шеклтонмен бірге құрлықтың түпкіріне қарай жүріп, 82º17' оңтүстік ендікке дейін жеткен. 1910 жылы маусымның 15-інде «Терра Нова» кемесімен Антарктидаға екінші экспедицияға шыққан. 1912 жылы қаңтардың 18-інде норвег поляр зерттеушісі Р.Амундсеннен 33 күннен кейін төрт серігімен бірге Оңтүстік полюске жеткен. Қайтар жолда серіктерімен бірге мерт болған. Скотт есімімен Эндерби Жеріндегі таулар, екі мұздық, Тынық мұхитының оңтүстігіндегі арал, Виктория Жеріндегі жаға, т.б. аталды. 111 жыл бұрын (1903-1978) кеңестік және армян композиторы, дирижер, педагог, КСРО халық әртісі ХАЧАТУРЯН Арам Ильич дүниеге келді. 110 жыл бұрын (1904-1992) кеңестік театр және кино актрисасы, КСРО халық әртісі ПЕЛЬТЦЕР Татьяна Ивановна дүниеге келді.