6 рет үйленген: Балаларын қорлаған емшінің қандай диагнозбен есепте тұратыны белгілі болды

6 рет үйленген: Балаларын қорлаған емшінің қандай диагнозбен есепте тұратыны белгілі болды
Коллаж: Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте қамқорлығына және асырап алған балаларын қорлаған емші 1995 жылдан бері психикалық ауытқуына байланысты есепте тұрады. Қорғаушысының айтуынша, дәрігерлер оған шизофрения диагнозын қойған. Жүйке жүйесіндегі ауруға байланысты 6 рет үйленген емші қазіргі таңда Алматы облысы Талған ауданындағы стационарлық психикалық емдеу орнында жатыр. 

Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Ибадулла Нұрманов – емшіге мемлекет есебінен берілген қорғаушы. Адвокат балалардың мұндай қорлық көруіне Білім басқармасын кінәлап отыр. 

емші
Фото: Жансая Тәуекелқызы/Kazinform

«Бұл жерде Астана, Алматы, Шымкент Білім басқармаларының кемшіліктері зор деп айтуға болады. Себебі Ұ.Сманов бұрын жауапқа тартылғаны, есепте тұрғаны белгілі. Жас кезінен бастап жүйке ауруы болған. Бірақ олар соны ескерместен балаларды асырауға берген. Яғни, тексеру формальды түрде жүргізілген деп айтсақ болады. Басқармадағылар оның алып келген құжаттарын көрдік деп отыр. «Соттылығы болмаған, есепте тұрмаған» дегенмен шектелген. Бірақ оның үй жағдайын тексермеген. Қандай жағдайда тұрады? Қандай адамдар? Балаларды асырай ала ма? Бұл бойынша көршілерімен сұхбат жасамаған. Ол жүйке ауруына байланысты 6 рет үйленіп ажырасқан», - деді адвокат Ибадулла Нұрманов.

Өз сөзінде қорғаушы сот отырысы кезінде Шымкент қалалық Білім басқармасынан неліктен емшінің көршілерінен ақпарат алмағанын сұраған. Алайда олар өз құзыретіне жатпайтынын айтқан.

«Сотқа бала асырап алу құжаттарына, қағидаларына міндетті түрде өзгеріс ену керек, жекеше қаулы шығарыңыз деп ұсыныс жасадым. Өйткені Білім басқармасындағылар баланы асырап алуға беретін кезде ол отбасының көршілерімен, ағайын-туысымен сұхбат жүргізіп, бәрін біліп алуы керек. Өйткені бұл ауыр, аса ауыр қылмысқа апаруы мүмкін еді... Құдайға шүкір, тек қана жеңіл жағдаймен шектеліп отыр. Өздеріңіз де естіп жатырсыздар ғой асырап алған ата-анасы, өгей әке-шешесі балаларға зорлық-зомбылық жасап, педофилия деген бар. Сондай жағдайға жетпегеніне Аллаға шүкір дейміз. Бұл жерде сонымен қатар полиция тарапынан тексеру болды ма деп сұрақ қойдым. Учаскелік инспектор оң мінездеме берген екен. Судьядан полицейлердің жауапкершілігін қарау туралы жеке қаулы шығаруын сұрадым. Себебі олар немқұрайлы қараған болып тұр ғой. Жас балдарға, оның ішінде 1-ге толмаған балаларға ауру адам қалайша тәрбие беруі мүмкін», - деді адвокат.

Ибадулла Нұрманов емшінің өзімен кездесіп, сөйлеспеген. Тергеу кезінде емшінің 1995 жылдан бастап есепте тұратынын туыстары мен көршілері растаған. Бірақ ол балаларды асырап аларда есепте тұрмайтыны және сотты болмағаны туралы анықтаманы қалай алғаны беймәлім.

«Енді ол жасағанын мойындайды ғой. Бірақ жауабы есепке алынбайды. Психиатр сарапшылардың қорытындысымен өз әркетіне, сөзіне жауап бере алмайды», - деді қорғаушы.

Адвокаттың айтуынша, қазіргі таңда емшінің әйелінің үстінен іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ нақты қай баппен іс қозғалғаны белгісіз.

Айта кетейік, емшіге қатысты сот актісі бүгін жарияланады.

Бұған дейін Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз. Кейінірек емші туралы тың дерек шықты.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық Денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді. 

Бұдан өзге Kazinform редакциясына емші асырап алған балалар туралы тың дерек келіп түсті. Ондағы мәліметте бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілгені көрсетілген. Қамқорлыққа берілген балалардың арасында үш айлық егіздер де бар. 

Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұратыны белгілі болды. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жиен немересі асырауға қалай берілгенін айтып берді. 

Астана қалалық Білім басқармасына емшінің қамқорлығына берілген егіз балалар елордаға қайтарылатынын айтты. 

Қоғамдық резонанс тудырған іс сотқа келіп түсті. 

Көп ұзамай асырап алған балаларын қорлады деген айып тағылып отырған емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды. 

ІІМ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында асырап алған алты баланы азаптады деген күдікке ілінген емшінің мамандандырылған ауруханада жатқанын айтты. 

Ал Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізгенін мәлімдеді. 

Бүгін өтіп жатқан сот процесіндегі Білім басқармасының маманы емшінің осыдан 31 жыл бұрын адам өлтіргенін айтты.

Асырап алған балаларын қорлаған емшінің 31 жыл бұрын адам өлтіргені расталды.

Соңғы жаңалықтар