6 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 6 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

6 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

6 шілде, ЖЕКСЕНБІ Қазақстанның елордасы - Астана күні. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-ында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-ы елорда күні ретінде атап өтіледі. Комор Аралдары Федеративтік Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік жарияланған күні (1975). Комор - Үнді мұхитының Мозамбик бұғазындағы аралдар тобында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 4 округке бөлінеді. Астанасы - Морони қаласы. Ресми тілі - француз және араб тілдері. Ақша бірлігі - комор франкі. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент. Малави Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1964). Малави - Оңтүстік Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Танзаниямен, батысында Замбиямен, оңтүстігі мен шығысында Мозамбикпен шектеседі. Астанасы - Лилонгве қаласы. Ресми тілі - ағылшын және ньянджа тілдері. Ақша бірлігі - квача. Конституциясы бойынша мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс. Ян Густы еске алу күні (Чехия). 590 жыл бұрын (1415) Констанцыдағы шіркеу соборының шешімімен чех реформаторы Ян Гус инквизиция отына өртелді. Прага университетінің ректоры болған, ол өз елін немістердің баса-көктеп билеуіне, католик дінінің ықпалының артуына қарсы шыққан еді. Бүкіләлемдік сүйісу (өбісу) күні. Аталмыш күнді алғаш ағылшындар ойлап шығарған. Кейінірек ол Біріккен Ұлттар Ұйымымен бекітілген. Дәрігерлердің пікірінше сүйісудің адам баласы үшін пайдалы жақтары өте мол. Медициналық сараптамалардың қорытындысына қарағанда өбісу сәтінде адамның қан айналымы жақсарып, өмір сүруінің ұзаруына әсер етеді екен. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Орал, Целиноград, Шымкент облыстарының және Целиноград қалаларының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысы қабылданды. 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президенттің ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру жөніндегі ұсынысын мақұлдау жөнінде қаулы қабылдады. 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ақын М. Әлімбаевқа «Қазақстанның халық жазушысы», актер Д. Жолжақсыновқа және кинооператор Е. Тынышбаевқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтары берілді. 19 жыл бұрын (1995) Өзбекстанда Абай күндері басталды. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев атымен аталған жұлдыз Швейцариядағы Халықаралық жұлдыздарды тіркеу жинағына тіркелді және АҚШ Астрономиялық жинағына енгізілді. 16 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылды. 15 жыл бұрын (1999) жапондық «Хонда» компаниясы ең үнемді автомобиль жасап шығарғандығын жариялады. 14 жыл бұрын (2000) Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевқа Тәжікстанның «Исмоили Сомони» ордені тапсырылды. 14 жыл бұрын (2000) Астанада Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ашылды. 10 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның инвестициялық қоры туралы» Заңға қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) елорданың «Синема Сити» кинотеатрында қазақ кинопрокаты тарихындағы ең ірі жоба «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болды. XVIII ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқасты өзек еткен фильмнің мәні мен мазмұны және оның ұлтымыз тарихындағы орны туралы айтып өтті. Түсірілімге 25 елден мамандар шақыртылды. Түсіру тобының құрамында 350 адам жұмыс істеді, оның 160 шетел азаматтары. Арнайы фильм үшін соғысқа жарамсыз 13 мың қару-жарақ, жоңғарлар мен қазақтарға 15 мың шатыр, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар дайындалды. Фильмнің режиссері - Талғат Теменов. «Көшпенділерде» қазақ киноматография саласының аңызға айналған актерлерінен басқа, Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос, Джейсон Скотт Ли, Эрик Норрис түскен. 8 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің қолдауымен Варшава қаласының мэриясы мен қалалық кеңесі Варшаваның орталығындағы көшелердің біріне «Қазақ» атауын беру туралы бірауыздан шешім қабылдады. Бұл көше корольдік жазғы резиденция мен Еуропаға танымал Виланов саябағы, сондай-ақ Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі қоныс тепкен Виланов ауданында орналасқан. 7 жыл бұрын (2007) Алматыдағы «Рабочий поселок» шағын ауданында 1700 орындық Райымбек батыр атындағы жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Ізгілікті бұл шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен қатар Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алып жатыр. 5 жыл бұрын (2009) «Атамекен» мемориалды кешенінің аумағы Мемлекеттік рәміздер алаңы болып өзгертілді. 5 жыл бұрын (2009) Құмкөл даласында «Торғай Петролеум» мұнай компаниясының күшімен сұйытылған газ дайындайтын зауыт іске қосылды. Зауыт жылына 68 мың тонна сұйытылған газ, конденсат, 105 млн. текше метр құрғақ газ өндіреді. 229 жыл бұрын (1785) АҚШ Конгресі америка валютасын «доллар» деп атау жөнінде Қаулы қабылдады. ЕСІМДЕР 74 жыл бұрын (1940) - мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Жоғары Әскери Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, экономика ғылымдарымың докторы, профессор, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры НАЗАРБАЕВ Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге келді. Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында туған. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. 1960-1969 жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. 1973-1977 жылдары - Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы. 1977-1979 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы. 1979-1984 жылдары - Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы. 1990 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Президенті. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,7 пайыз) жеңіске жетті. 1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен баламалы сайлаудың нәтижесiнде Н. Назарбаев 79,78 пайыз дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президентi болып қайта сайланды. 2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91,5 пайыз дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. 2010 жылдың 14 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 298-ІV Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшіне енді. 2011 жылдың 3 сәуірінде сайлаушылардың 95,5 пайыз даусын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. 108 жыл бұрын (1906-1997) қоғам қайраткері, журналист, экономика ғылымының докторы, Қазақ КСР-інің, КСРО-ның еңбек сіңірген гидротехнигі САРЫҚҰЛОВ Дүйсенқұл Сарықұлұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Мәскеудің Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясының Гидроэлектрстанса және гидроқұрылыс факультетін бітірген. 1942-1950 жылдары Өзбек КСР-і Ет-сүт өнеркәсібі министрі, 1950-1953 жылдары - Ташкент облыстық Шайхантаур су электр стансасы құрылысының бастығы. 1955 жылы Қырғыз КСР-інің Қала және село құрылысы министрінің орынбасары, 1956-1958 жылдары Қазақ КСР-і Су шаруашылығы министрінің орынбасары, «Казголодностепстрой» тресінің бастығы. 1960-1963 жылдары - Қазақ КСР-і Су шаруашылығы министрі. 1965 жылдан «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу институтының директоры. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі 5-шақырылымының депутаты болған. 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 81 жыл бұрын (1933) ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, Қ. Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты БӘКЕНОВ Мұхтар Мұқашұлы дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1956-1960 жылдары - Ақшатау кен басқармасының геологы, Майқайың кешендік геологиялық барлау экспедициясының геологы, аға геологы. 1960-1990 жылдары - Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, доценті, деканы, проректоры. 1990-1992 жылдары Қазақстанның Геология және жер қойнауын қорғау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1992 жылдан Қазақ ұлттық техникалық университетінде кафедра меңгерушісі болған. Қазіргі уақытта аталмыш университетте дәріс оқиды. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның сирек және асыл металл кендерін зерттеуге арналған. Бәкенов бұл кендерді формациялық-генетикалық топқа бөлудің жаңа ғылыми негізін және металлогендік аудандастырудың жаңа принциптерін ұсынды, кен-тас түзілуінің эндогендік аймақтылығының сұлбасын жасады, асыл металдардың геохимиялық орналасуының жаңа түрлерін тапты. 68 жыл бұрын (1946) мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі КӨПБЕРГЕН Әбдіманап Бапанұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының аға зоотехнигі болып бастаған. Сарысу ауданының «Түгіскен» асыл тұқымды мал зауытында ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, бас зоотехник-селекционер, шаруашылық партия комитетінің хатшысы. 1986-1993 жылдары Сарысу аудандық «Сарысу» кеңшарының директоры, Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы, осы ауданның әкімі. 1994-1995 жылдары - XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауылшаруашылық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі. 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында ауыл шаруашылығы хатшылығының сектор меңгерушісі, меңгерушінің орынбасары болған. 2010 жылдың қарашасынан зейнеткерлік демалыста. «Аманатқа адалдық» кітабының, 500-ге жуық мақаланың авторы. «Астана», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «КСРО-ның өнертапқышы» белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946) АҚШ-тың 43-ші президенті (2001-2009), американдық саясаткер Джордж Уокер БУШ дүниеге келді.

68 жыл бұрын (1946) Әлемге әйгілі актер, режиссер, сценарист СТАЛЛОНЕ АҚШ-тың Нью Йорк штатында дүниеге келді. 1976 жылға дейін ол кинолардың эпизодтарындағы елеусіз рөлдерге түсті. Тек сол жылы түсірілген «Рокки» фильмі ғана оны жұлдыз етті. Бұл киноның сценарийін өзі жазды. Әрі өзі туралы. Сценарийін сатып алушыға бір ғана талап қоя отырып, азғантай ақшаға сатты. Талабы - басты рөлде өзі ойнау еді. Шағын бюджетті фильм «Оскар» бәйгесінде ең үздік фильм атанып, Сталлоне үздік сценарийі мен ең үздік ер адам рөлі номинацияларын жеңіп алды. «Рокки» фильмінің сәтті шыққаны соншалықты, көрермендер оны Рокки рөлінен басқа рөлдерде көргісі келмеді. Сондықтан да, «Ночные ястребы» және «Победа» (1981) фильмдері күткендегідей пайда әкелмеді. Сильвестр комедиялық киноларға да түсіп, тағы бір қырынан танылды.