6 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 6 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
62 жыл бұрын (1963) «КазРосГаз» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлан Қадырұлы ӘБДРАСҰЛОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1987 жылы Н. Э. Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін өндірісті автоматтандыру және механикаландыру мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты (И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті).
2000 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жүйесінде оның еншілес ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшысы болып қызмет атқарды. Кәсіпорынның бірінші директоры, оның ішінде магистральдық газ құбырларындағы газтурбиналық қондырғыларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген тәжірибелі маман. «КазРосГаз» ЖШС құрылғаннан бері (2002 ж. маусым) маркетинг және көліктік логистика бөлімін басқарды. 2006-2015 жылдар аралығында «КазРосГаз» ЖШС бас директорының маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2015-2021 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылық қызметтерін атқарды. 2021-2022 жылдары «Түркістан» ЖШС («Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниясы) бас директоры болып жұмыс істеді.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
58 жыл бұрын (1967) Қазақстанның опера әншісі, еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Бейсенқызы ДӘУІРБАЕВА дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Құрманғазы атындағы консерваторияның ән факультетін бітірген.
Еңбек жолы: 1985 жылы Алматыдағы Опера және балет театры жанындағы вокалдық хор студиясына оқуға түсті. 1985-1993 жылдары осы театрда хор әртісі болды. 2001 жылдан Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі болып еңбек етті. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші опера солисі болды.
Вердидің «Реквиемінен» сопрано партиясын, «Тоскасындағы» Тоска, «Богемада» Мими, Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында Татьяна, «Қарғаның мәткесінде» Лиза, «Иолантада» басты партия, Төлебаевтың «Біржан — Сарасында» Сара, Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Ақжүніс, Ғ. Жұбанованың «Құрманғазы» операсында Әуес, Б. Жұманиязовтың «Махамбетінде» Зылиха партияларын орындап жүр. Гастрольдік сапармен Италия, Венгрия, Ресей қалаларында өнер көрсетті. Мәскеудің Үлкен театрының шақыруымен «Евгений Онегин» операсындағы Татьяна партиясын орындады (2003 жылы).
Бернд Вайкель атындағы халықаралық әншілер байқауының (2002 жылы) және Астана қаласынды өткен Күләш Байсейітова атындағы әншілердің республикалық конкурсының (2002 жылы) лауреаты атанған.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған. Ш. Қалдаяқов халықаралық конкурсының, Б. Вайкль атындағы халықаралық әншілер конкурсының, К. Байсейітова атындағы әншілердің республикалық конкурсының лауреаты.
56 жыл бұрын (1969) Конституциялық соттың аппарат жетекшісі Зере Орынтайқызы ӨТЕБАЕВА дүниеге келді.

Мәскеу экономика және құқық институтын және Ресей ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының аспирантурасын бітірді. Заңгер, саяси ғылымдар кандидаты.
Еңбек жолы: 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде жетекші маман, бас маман, құқықтық және ұйымдастыру жұмыстары департаментінің бөлім бастығы, 2001-2008 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінде комитеттермен жұмыс бөлімінің консультанты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті хатшылығының консультанты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қызметін қамтамасыз ету бөлімінде заңнама бөлімінің бас консультанты, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметі қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары, 2019-2023 жылдары Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы қаңтар айынан атқарып келеді.
47 жыл бұрын (1978) Ақтау қалалық полицииия басқармасының бастығы Айдар Демегенұлы ҚАСАНОВ дүниеге келді.

Жаңаөзен қаласында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Академиясын бітірген (2002).
Еңбек жолы: 2002-2008 жылдары Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі, 2008 жылы Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі, 2008-2009 жылдары Ақтау қалалық ІІБ тергеу бөлімінің аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, 2009-2011 жылдары Жаңаөзен қалалық ІІБ Тергеу бөлімі бастығының орынбасары, 2011-2012 жылдары Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі, 2012 жылы Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеу бөлімі бастығының міндетін атқарушы, 2012-2015 жылдары Жаңаөзен қаласы ІІБ тергеу бөлімінің бастығы, 2015-2018 жылдары Жаңаөзен қаласының Ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, 2018 жылы Ақтау қалалық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, 2018-2019 жылдары Ақтау қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары, 2019 жылы Жаңаөзен қалалық ІІБ бастығы лауазымын атқарған.
47 жыл бұрын (1978) Павлодар облысының әкімі Асаин Қуандықұлы БАЙХАНОВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Павлодар университетін, экономика және менеджмент (2000) мамандығы бойынша, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (2017). Procredit Holding AG және European Bank for Reconstruction and Development (EBRD) неміс халықаралық банк холдингінің біліктілікті арттыру корпоративтік орталығында (2006) дәріс тыңдаған.
Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары Қазақстанда Еуропа Қайта Құру және даму банкінің кеңсесі жүзеге асыратын бағдарлама бойынша банк секторында жұмыс істеді. ProCredit Holding AG неміс халықаралық банк холдингінде басшылық лауазымдарды атқарды. Киевтегі «ПроКредит Украина» ЖАҚ атқарушы директоры болды. 2007-2009 жылдары «Нұрбанк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 2009-2015 жылдары ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметпен айналысты. 2015-2020 жылдары «ҚазАгроӨнім» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2020-2021 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2021-2022 жылдары Павлодар қаласының әкімі болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы желтоқсан айынан атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1983) ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі Қаныш Аманбайұлы ТӨЛЕУШИН дүниеге келді.

1999-2004 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, 2004-2006 жылдары Оксфорд Брукс университетін, 2016-2018 жылдары Массачусетс технологиялық институты (MIT), Слоун бизнес мектебінде білім алған.
Еңбек жолы: 2007 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігі, сарапшы, басқарма басшысы, 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде консультант, меңгеруші орынбасары, 2011-2013 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары, 2013-2016 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Басқарушы директор, Директорлар кеңесінің мүшесі, 2016-2017 жылдары
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Басқарма төрағасы, 2023-2025 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің грамотасымен марапатталған.
39 жыл бұрын (1986) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Цифрландыруды дамыту бөлімінің меңгерушісі Қуат Жалалитденұлы САНДАЛОВ дүниеге келді.

2008 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің математика және ақпараттық технологиялары факультетін бітірген. 2023 жылы Назарбаев Университетінде Executive MBA дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2008 жылы «Mobile Realty» ЖШС IT маманы болып бастаған. 2009-2010 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бас сарапшысы, кейін IT сәулетшісі ретінде жұмыс істеді. 2010-2014 жылдары «ENRC Kazakhstan» ЖШС ақпараттық жүйелер менеджері/бағдарлама қосымшаларының сәулетшісі, 2014-2016 жылдары TIMWE бағдарламалық қосымшалар әзірлеу жөніндегі жоба менеджері, 2016-2024 жылдары «Қазақтелеком» АҚ IT департаментінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды, соның ішінде цифрландыру және үлкен деректерді басқару (CDO) директоры болды.
Қазіргі лауазымына 2024 жылғы тамызда тағайындалды.
86 жыл бұрын (1939-2015) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш КЕКІЛБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген.
Еңбек жолы: Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Президенті Аппаратының мәдениет және ұлтаралық қатынастар реферантурасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 12 және 13-шақырылымының депутаты — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі 1-шақырылымының депутаты — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 13-шақырылымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік кеңесшісі, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2002-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Асар» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі, 2007-2010 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты — Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі болды.