60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы неге қала мәртебесін алғысы келмейді
АСТАНА. KAZINFORM – 60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы тұрғындары елді мекенге қала мәртебесін беруге қарсы. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан: «Еліміздегі ең үлкен елді мекеннің бірі – Қарабұлақ ауылы. Онда 60 мыңға жуық адам тұрады. Бұл ауылға қатысты не айтасыз? Оның мәртебесін өзгертеміз бе?» - деп сұраған еді.
Облыс әкімінің айтуынша, Қарабұлақ – Сайрам ауданындағы халқы тығыз орналасқан ауылдардың бірі.
«Қазақстанның әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар қалаға жатқызу үшін ірі экономикалық және мәдени орталықтар болып саналатын дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар елді мекендер кіреді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қарабұлақ ауылының халық саны 53 мыңнан асады. Ауылда 20 мектеп, 14 жекеменшік балабақша, 2 колледж, 9 денсаулық сақтау мекемесі, 1 мәдениет үйі қызмет көрсетеді. Қарабұлақ – аграрлы ауыл. Аудан бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы осы ауылға тиесілі», - деді өңір басшысы.
Оның атап өтуінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 42 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аудан бойынша ірі қара мал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі.
«Аудандық маңызы бар немесе облыстық маңызы бар мәртебесін берген жағдайда ауыл тұрғындары бірқатар мүмкіндіктен шектеледі. Олар - ҰБТ кезінде оқушыларға берілетін ауылдық квота, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар. Қала мәртебесін алған жағдайда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болмай қалуы ықтимал. Елді мекенге аудандық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, бұл мәселені талқылады. Олардың бәрі қарсы болып отыр. Біз де мұны тиімсіз деп ойлаймыз», - деді Дархан Сатыбалды.