600-ден астам отандық компания: Ulttyq ónim — 2026 көрмесі тарихындағы ең ірі шараға айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада отандық өндірушілердің дәстүрлі ІХ «ULTTYQ ÓNIM — 2026» көрмесі өз жұмысын бастады. Биылғы көрменің ауқымы екі есеге өсті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрі биылғы көрменің басты ерекшелігі мен қатысушылар белсенділігіне тоқталып өтті.
— Биыл 9-рет ұйымдастырылып отырған Ulttyq ónim көрмесі жаңа деңгейге көтеріліп, өз тарихындағы ең ауқымды шараға айналып отыр. Оған 600-ден астам компания қатысып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Бұл алаң бүгінде игі дәстүрге айналып, қазақстандық кәсіптің жетістігін айқын көрсететін маңызды шара болды. Мұнда тек тауарларды ғана емес, әр өнімнің артында тұрған кәсіпкерлердің еңбегі, табандылығы мен таланты көрінеді, — деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдау шаралары отандық өндірушілердің дамуына тікелей септігін тигізіп отыр. Бүгінде еліміздегі экономикалық белсенді халықтың айтарлықтай бөлігі дәл осы кәсіпкерлік саласында шоғырланған.
— Үкімет кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеп, кәсібін дамытуына барынша жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, жаңа нарықтарға шығуға қолдау көрсету, бизнесті дамытуға байланысты кедергілерді азайту бағытында шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесі де айқын көріне бастады. Бүгінде еліміздегі әр бесінші адам кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 41 пайызға жетсе, бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 4,5 миллион адам, — деді ол.
Сонымен қатар министр мемлекеттік қолдаудың нақты бағдарламалары мен бөлінген қаржының нәтижесі туралы да маңызды деректерді алға тартты. Оның ішінде «Даму» қоры арқылы жүзеге асқан жобалар мен ашылған жаңа жұмыс орындары ел экономикасының өсіміне үлкен серпін бергенін атап өтті.
— Үкімет 2025 жылы бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қоры арқылы 560 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Соның нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 триллион теңге болатын13 мың шағын және орта бизнес жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Соның арқасында 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім көлемі 27,7 триллион теңгеге артты, ал бюджетке түскен салық көлемі шамамен 2 триллион теңге болды, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, бұл көрмеде үш күн бойы елдің барлық өңірінен 350 өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынатынын жазған едік.