Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

+60…+70 °C-қа дейін қызады: Елімізде жол қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

АСТАНА.KAZINFORM - Ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты Қазақстанның жол қызметтері цементбетон жабыны бар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

ы
Фото: ҚазАвтоЖол

ҚазАвтоЖол 18 шілдедегі жағдай бойынша жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырым жол учаскесіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жоспарлы тексерулер барысында Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясы тіркелген алты учаске дер кезінде анықталды.

Әрбір учаскеге жедел түрде жол бригадалары мен арнайы техника жұмылдырылды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 51 жол маманы және қажетті арнайы техника тартылды. Тұрақты патрульдеу мен жедел әрекет етудің нәтижесінде анықталған барлық ақау қысқа мерзімде толық жойылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аптап ыстық кезінде цементбетон жабынының беткі температурасы +60…+70 °C-қа, ал кейбір учаскелерде одан да жоғары деңгейге дейін қызуы мүмкін.

Мұндай жағдайда бетон плиталарында ішкі кернеу пайда болады. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде аптап ыстық кезеңінде кездесетін табиғи пайдалану құбылысы. Сондықтан жаз мезгілінде жолдардың техникалық жай-күйін үздіксіз бақылауға ерекше көңіл бөлінеді.

Тұрақты патрульдеу температуралық деформация қаупі бар учаскелерді ерте кезеңде анықтап, алдын алу немесе қалпына келтіру жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде күрделі ақаулардың алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді.

Цементбетон жабыны бар автомобиль жолдарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізу жалғасып жатыр. Барлық жол қызметі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жоғары дайындық режимінде жұмыс атқарып жатыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында күннің ыстығынан бес учаскеде жолдың бетон жабыны көтерілді.