62 млрд теңге шығын: Депутат «Болашақ ойындарын» кейінге қалдыруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 2026 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған халықаралық «Болашақ ойындарын» кейінге шегеруді ұсынды. Бұл ұсынысын депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдады.

Астанада 2025 жылғы «Болашақ ойындарына» іріктеу басталды
Фото: Астана әкімдігі

Депутат қазіргі күрделі экономикалық жағдайда мұндай ірі көлемдегі шығынның қаншалықты орынды болатыны жөнінде сұрақ қойды. 

– Әрбір болашақ қазіргі берік іргетастың үстінен салынады. Қазіргі экономикалық ахуалда 2026 жылы мұндай ауқымды шығындардың орындылығы күмән тудырады, – деді деді С. Пономарев.

С. Пономарев 2024 жылы республикалық бюджет 570 млрд теңге кіріс түспей қалғанын, ал «Болашақ ойындарын» өткізуге 62 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсалатынын еске салды.

– Бұл қаражатқа алты заманауи мектеп салуға болар еді, – деп атап өтті депутат.
Оның пікірінше, турнирді кейінге шегеру Қазақстанға іс-шараға анағұрлым жан-жақты әрі сапалы дайындалуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Болашақ ойындары» – физикалық спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін phygital (physical + digital) форматында өтетін халықаралық мультиспорттық турнир. Алғашқы турнир 2024 жылы Қазан қаласында өткен.

Бастапқыда жарыс 2025 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, қаражатты су тасқынының зардаптарын жою мен зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге қайта бөлу мақсатында, турнир 2026 жылға шегерілген. Енді оның өткізілу мерзімі тағы да қайта қаралуы мүмкін.

Елімізде 1,5 млн-нан аса қазақстандық белсенді түрде киберспортпен айналысады.

Соңғы жаңалықтар