7 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

7 қазан. СЕЙСЕНБІ Қырғызстан азаматтық авиациясы күні. Қырғызстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылғы қазанның 3-і күнгі қаулысымен бекітілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 68 жыл бұрын (1946) Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. 21 жыл бұрын (1993) Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды. 15 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді. 15 жыл бұрын (1999) Берлин көшелерінің біріне қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді. 10 жыл бұрын (2004) 7-9 қазанда Латвия Республикасының Президенті Вайре Вике-Фрейбергтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіссөздердің қорытындысында серіктестік қатынастарды жандандыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. 10 жыл бұрын (2004) Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» әдеби сайыстың нәтижесінде таңдалып алынған бес романның тұсаукесер рәсімі өтті. Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Николай Веревочкиннің «Зуб мамонта», Илья Одеговтің «Звук, с которым встает солнце» атты романдары жеңімпаз атанды. Сайыс «Мәдениет және өнер» ұлттық бағдарлама шегінде «Сорос-Қазақстан» қорымен өткізілген болатын. Мақсаты - Қазақстанда әдеби үрдістерді жандандыру. 9 жыл бұрын (2005) Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражайы кабинеті ашылды. Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды. 5 жыл (2009) бұрын Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 3 жыл (2011) бұрын Алматыда көрнектi ғалым Ресей ауылшаруашылық академиясының және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигi, Социалистiк Еңбек Ерi Қасым Әбуұлы Асановқа арналған мемориалдық тақта ашылды. 3 жыл (2011) бұрын Монакодағы Монако князьдігінде Принц Альберт-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. 3 жыл (2011) бұрын ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші, ғалым, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өзбекәлі Жәнібековтың 80 жылдығына арналған көрме ашылды. 3 жыл (2011) бұрын Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Бас консулдығының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізу бастамасы жайында түсірілген «Дала арқылы диалог» деректі фильмінің тұсаукесері болды. 2 жыл (2012) бұрын Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Сындарлы 10 жыл», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» атты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тілінде шығарған таңдамалы туындылары көптомдығының таныстырылымы болды. Аталған туындыларда Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу және даму тарихына куә болатын бірегей материалдар жинақталған. 1 жыл (2013) бұрын Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Аталған медаль агенттіктің директоры Дәурен Дияровқа табыс етілді. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. 130 жыл бұрын (1884) Флоридада алғаш рет тіс щеткасын өндіру жолға қойылды. Алғашқы тіс щеткасы 505 жылы Қытай императорына арналып жасалған. 83 жыл бұрын (1931) алғаш рет инфрақызыл сурет жасалды. 48 жыл бұрын (1966) КСРО мен Қытай арасындағы байланысқа кірбің түсуі салдарынан КСРО-да білім алып жатқан қытай студенттері елден қуылды. 37 жыл бұрын (1977) КСРО Кеңес Одағы тоғызыншы шақырылымының кезектен тыс VII сессиясында жаңа және ең соңғы КСРО Конституциясы (Ата Заң) қабылданды. ЕСІМДЕР 86 жыл бұрын (1928-2008) аллерголог, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОШКЕВИЧ Виктор Семенович дүниеге келді. Украинаның Харьков қаласында туған. Харьков шет тілдер институтын, Харьков медицина институтын бітірген. Алматы облысының ауруханасында, қазіргі Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығында, Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде, Ядролық қару салдарынан зардап шеккендерге арналған Медициналық-сауықтыру орталығында дәрігерлік, ғылыми және педагогикалық, басшылық қызметтер атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері аллергология және иммунология мәселелеріне арналған. Ол капиллярлық-перифериялық (шеткі) қан айналысы бұзылуының диагностикасын анықтайтын жаңа әдіс - фотоплетизмографияны ойлап тауып, өндіріске енгізді. Соның нәтижесінде тыныс жолының аллергиялық ауруларын анықтайтын жаңа аспап - фотоплетизмографты жасап, оны клиникалық және ғарыштық медицинаға (Байқоңыр қаласында, 1980) енгізді. Тыныс алу жолдарының аллергиялық ауруларын арнайы шектелген (локалды) аллергендермен иммунды терапия арқылы емдеудің әдісін ұсынды. 1995 жылдан осы әдіспен емдеу Қазақстанның барлық аллергиялық кабинеттеріне енгізілді. Аллергияға қарсы қолданылатын жаңа препарат - иммунды глобулинды жасап, оны апробациядан өткізіп, өндіріске енгізді. Поллиноз ауруын емдейтін жаңа препарат - антиполлин жасап, өндіріске енгізді. Ғылыми жаңалықтары және өнертабыстары үшін 10 патент алған. 63 жыл бұрын (1951) актер, әнші, Қазақстаның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері ЖОЛЖАҚСЫНОВ Досқан Қалиұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген. 1971 жылдан қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері. 1995-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болған. Актер театр сахнасында және кинода 200-ден астам бейнені сомдаған. Сонымен қатар халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлары әндерін шебер орындаушы ретінде кеңінен танымал. Жолжақсынов ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып, «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер» фильмдеріне түскен. 62 жыл бұрын (1952) ресейлік мемлекет және саяси қайраткері, РФ президенті ПУТИН Владимир Владимирович дүниеге келді. 1952 жылы 7 қазанда Ленинградта туған. 1970 жылы Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіне заң факультетінің халықаралық қатынастар бөліміне түсті. 1975 жылы оны ойдағыдай бітіргеннен кейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке жіберілді. Сол жылы МҚК-нің Лкнинград басқармасының бірінші бөлімінің қызметкері болды. 10 жылдан кейін Ю.В.Андропов атындағы Қызыл Ту КСРО МҚК институтын бітірді. 1984 жылы Германияға жіберілді, онда ол Дрезденде кеңес-неміс достығы үйінің директоры болып қызмет атқарды. 1992 жылы МҚК-нің резервіндегі запастағы подполковнигі атағын алды. 1997 жылы 26 наурызда РФ Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары - РФ Президентінің Бас бақылау басқармасының бастығы болды. Бір жылдан кейін РФ Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. 1999 жылы 31 желтоқсанда Ельциннің мемлекет басшысы қызметінен аяқ астынан кетуіне байланысты Путин Ресей Федерациясы президентінің міндетін атқарды. 2000 жылы 26 наурызда бүкілхалықтық сайлауда президент болып сайланды және төрт жылдан кейін екінші мерзімге сайланды. 2008-2012 жылдары Владимир Владимирович Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы болды. 2012 жылғы 4 наурызда президенттік сайлауда 63,6 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті және 2012 жылғы 7 мамырда Ресей Президенті қызметіне кірісті. 173 жыл бұрын (1841-1921) князь, одан кейін Черногория королі Никола ПЕТРОВИЧ-НЕГОШ дүниеге келді. 138 жыл бұрын (1876-1956) түркітанушы, КСРО ҒА-ның академигі ГОРДЛЕВСКИЙ Владимир Александрович дүниеге келді. 129 жыл бұрын (1885-1962) даниялық ғалым, қазіргі заманғы физиканың негізін салушылардың бірі, Копенгагендегі Теориялық физика институтының (қазіргі Нильс Бор институты) негізін қалаушысы (1920) және оның жетекшісі, КСРО ҒА мүшесі (1929) БОР Нильс Хенрик дүниеге келді. Данияда туған. Копенгаген университетін бітірген. 1911-1912 жылдары Кембриджде Джордж Томсонмен, 1912-1913 жылдары Манчестерде Эрнест Резерфордпен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1916 жылдан Копенгаген университетінің профессоры. Ол атомның алғашқы кванттық теориясын жасаушы, кванттық механиканың негізін қалаушылардың бірі. Оның қағидалары (постулаттары) деп аталған тұжырымдар негізінде атомның орнықтылығын және сутек тәрізді атомдардың спектірлік заңдылықтарын түсіндірді. Оның теориясы бойынша атомның орнықты (стационар) күйдегі энергиясының үзілісті (дискретті) мәндерде болатындығы алынғанымен, электрон шеңбер не эллипс тәрізді орбита бойымен қозғалатын классикалық бөлшек ретінде қарастырылады. Атом құрылысының және оның ішінде өтетін түрлі процестердің толық теориясы кванттық механика заңдары ашылған соң ғана жасалды. Нобель сыйлығының лауреаты (1922). 106 жыл бұрын (1908-1972) кеңестік дирижер және музыка педагогы РАБИНОВИЧ Николай Семенович дүниеге келді. 64 жыл бұрын (1950) 2005 жылдан Танзания президенті, 2008 жылғы 31 қаңтардан Африка одағының төрағасы Джакайя КИКВЕТЕ дүниеге келді.