7- Қысқы Азиада ойындарынан кейін елімізде шорт-трек қарқынды дами бастамақ
Қазіргі уақытта еліміздің солтүстік өңірінде аталмыш спорт түрінің даму деңгейі төмен болып отырғандығын баса айтқан ол: «Шорт-тректің танымалдығы басқа өңірлерде төмен, әсіресе, іс жүзінде солтүстік аумақта дамымаған. Дегенмен белсенді жұмыстардың басталғаны бірінші жыл емес. Атырау, Көкшетау спорт комитеттерімен арада шорт-тректі қолға алу мәселесі туралы сөз болды. Қазіргі уақытта Шымкент бұл спорт түрін дамытуға кірісе бастады», - деді бас жаттықтырушы.
Оның атап өтуінше, 7-Қысқы Азиада ойындарында шорт-трекшілеріміздің нәтижелі өнер көрсетуінің арқасында елімізде бұл спорт түрі қарқынды дами түсетін болады.
Жалпы, Азиада басталар алдында көпшілік, тіпті Спорт және туризм министрінің өзі де спорттың бұл түрінен спортшыларымыздың жүлделі орындардан көрінетіндігіне күдікпен қараған көрінеді. «Дегемен біз дәлелдедік. Оған спортшыларымыз жеңіп алған 2 қола медаль дәлел бола алады. Біз шорт-тректің қыр-сырын білеміз әрі жетік меңгергенбіз. Яғни, споршыларымызға үйретеріміз мол», - деді М.Қарсыбеков.
Айта кетейік, 2 ақпан күні шорт-тректен 5 мың метр қашықтықта ерлер арасындағы, сондай-ақ 3 мың метр қашықтықта әйелдер арасындағы эстафеталық жарыста Қазақстан құрамасы қола жүлделерді иеленген болатын.