7 мың 467 озат студентке қосымша білім гаранттары тағайындалды - Білім және ғылым министрі
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде комиссия 7 мың 467 студентке білім гаранттарын тағайындады.
Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«120 жоғары оқу орындары қосымша білім беру гранттарына үміткер 7 мың 937 студенттің құжаттарын ұсынды. Сонымен бірге қосымша гранттар жөнінде оқу орынының тарапынан хабардар болмаған студенттердің құжаттарын қабылдау жұмыстары жалғасуда»,-деді министр.
Ж. Түймебаев әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар ішінде ақылы негізде медициналық, техникалық, жаратылыстану ғылымы мамандықтары бойынша жақсы оқитын студенттерге жеңілдікті несие ұсынылатынын еске салып өтті. Бүгінде 62 жоғары оқу орнынан несие алуға 1 мың 420 студент өтінім білдірді. Осы орайда министр жоғары оқу орындарының ректорларына жеңілдікті несие алуға ниет білдірген студенттер бойынша жұмыстарды белсенді түрде атқаруды тапсырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қосымша білім гранттары ақылы негіздегі білім үлгерімі өте жақсы студенттерге бөлінеді. Осы арқылы мемлекет үшінші және одан жоғары курстардағы 11500 студентті қолдау үшін мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік жоғары оқу орындарындағы ақылы бөлімде оқитын барлық мамандықтардың студенттеріне 3 млрд. теңгеден астам қаржы көлемінде грант бөледі. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді жеңілдікті несие техникалық және медициналық мамандықтардағы барлық курстардың студенттеріне тағайындалады. Атап айтқанда, жеңілдікті несие алуға үміткер студенттер оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы яғни, мүгедек студенттер, көп балалы отбасылардың, жетім, ата-аналары мүгедек немесе зейнеткер болып табылатын отбасылардың қатарынан іріктелінеді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 15 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.