7 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
7 НАУРЫЗ, ЖҰМА Қысқы Паралимпиадалық ойындар-2014 ашылуы. Паралимпиадалық ойындар 2014 (ресми - ХІ Паралимпиадалық қысқы ойындар) 2014 жылғы 7-16 наурыз аралығында өтеді. Олар ресейлік оңтүстіктегі Сочи қаласында болады. Бұған дейін онда ХХІІ қысқы Олимпиадалық ойындар өткен болатын. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін басты халықаралық спорт жарыстары. Ресейде бұл ойындар алғаш рет өткелі отыр. Паралимпиадалық ойындардың ашылу салтанаты 2014 жылғы 7 наурызда Сочидегі "Фишт" Олимпиадалық стадионында өтпек.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатын аса ауыр дағдарыстан шығару мәселелері бойынша кеңес өткізді. Талқылаудың қорытындысы бойынша Министрлер Кабинетіне Қарағанды металлургия комбинатын тұйықтан алып шығу шаралары кешенін барынша қысқа мерзімде әзірлеп, жүзеге асыру тапсырылды. 11 жыл бұрын (2003) Ақтөбе облыстық жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы тіркелді. 9 жыл бұрын (2005) Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақстандық танымал суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілі Олжас Сүлейменовтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Парижде тіркелген дипломаттар, Францияның танымал саясаткерлері мен өнер қайраткерлері, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, өнерсүйер қауым қатысты. Ерболат Төлепбай - Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдiң Императорлық көркем академиясының құрметтi мүшесi, Қырғызстанның Көркем академиясының нақты мүшесi, Масарык атындағы Чех көркем академиясының мүшесi, «Платина Тарланының» иегері. 8 жыл бұрын (2006) жалпы тәулігіне 32 тонна ұн тартатын екі диірмен Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында қатарға қосылды. Диірмендерді қатарға қосқан «Ақжол-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Мақсат Е» шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қоры осы мақсаттар үшін 7 млн. 500 мың теңге қаржы бөлді, оның бес миллионы жоғары технологиялық жабдықты алу үшін жұмсалды. 7 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының «Электрондық үкiмет» веб-порталы жаңа нұсқасының көрсетілімі болып өтті. Портал республиканың барлық мемлекеттiк органдарының ақпараттық қорына электрондық рұқсат беретін бiр терезе қағидасы бойынша жұмыс iстейдi. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстанда тапсырыс беруге арналған www.zakazbiletov.kz атты ұлттық портал ашылды. Жаңа порталдың ашылуы Елбасының инновациялық бғдарламасының жүзеге асырылып жатқанының жарқын көрінісі. Енді кез-келген көрермен спектакль, концерттер, спорттық шараларға осы сайтқа кіре отырып тапсырыс бере алады. Сайтта Алматы мен Мәскеуде, жақын шет елдерде өтетін шаралар туралы ақпарат алуға, тапсырыс беруге болады. Ал Алматы қаласы мен облысының тұрғындары билетті сатып алумен қатар үйіне жеткізуге де тапсырыс бере алады. 2 жыл бұрын (2012) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Ана күнін атап өтуді ұсынды.
2 жыл бұрын (2012) "Қазақстандық менеджмет, экономика және болжау институты (КИМЭП) мемлекеттік қайта тіркеуден өтіп, "КИМЭП Университеті" АҚ атауына ие болды.
1 жыл бұрын (2013) АО «Эйр Астана» АҚ мен Turkish Airlines кодшерингтік келісім жасасуға ниет хатына қол қойды. 1 жыл бұрын (2013) Лондонда қазақстандық суретшілердің "Жол айрығында" атты экспозициясы ұсынылды. ЕСІМДЕР 339 жыл бұрын (1675-1768) ақын-жыршы, жырау, батыр, қоғам қайраткері АҚТАМБЕРДІ Сарыұлы дүниеге келді. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратау жерінде туған. Жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. "Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке" дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері. 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. "Ақтабан шұбырынды" оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп, жыр-толғауға айналған. Ақтамберді өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. "Күмбір-күмбір кісінетіп", "Уа, қарт Бөгембай", "Менімен ханым ойнаспа", "Жауға шаптым ту байлап", "Заманым менің тар болды" және тағы басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. Ақтамбердінің "Балаларыма өсиет" деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. Жауынгерлік поэзияның үздік үлгілері - «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Отбасар орны отаудай» толғаулары тағы басқа өлеңдері қазақ поэзиясының алтын қорына қосылады. Әуезов «Қазақ ССР тарихының» 1-томындағы (1957) «Қазақтың ауыз әдебиеті» тарауында 18 ғасырдағы жыраулық поэзияны талдай келіп: «Ақтамберді жырау эпостық жанр ақыны еді. Өзінің толғауларында ол батырлардың ерлігі мен батылдығын таңдана жырлады» деген. Ақтамберді толғаулары мен жырлары С. Мұқановтың "Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер" (1942), "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Алдаспан" (1971), "15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы" (1982), "Бес ғасыр жырлайды" (1985) жинақтарына енгізілген. 69 жыл бұрын (1945-2011) дәрігер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі БІРТАНОВ Амантай дүниеге келді. Жамбыл облысының Талас ауданы «Ойық» кеңшарында туған) - дәрігер, қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1996). Қолданбалы экология, тіршілік қауіпсіздігі және тұрақтылығы академиясының академигі (1996). Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген (1970). 1970-75 жылдары Алматы қаласындағы балалар ауруханасында хирург, 1975-80 жылдары Жамбыл облысындағы 2-балалар емханасының бас дәрігері. 1980 жылы қайта ашылған Алматы облысының ана мен балаға арналған республикалық «Көктем» санаториясының бас дәрігері. Республикада алғаш рет диспансерлік тіркеуде тұратын науқастарды жыл сайын «Космон» автоматты жүйесі арқылы тексерістен өткізіп тұруды енгізді. 1991 жылдан Алматы қалалық Жедел жәрдем клиникалық ауруханасының бас дәрігері. Бiртановтың басшылығымен Алматыда тұңғыш (ТМД елдері бойынша) ақпараттық-кеңестік токсикология орталығы құрылды. Бұл орталық телефакс, радиобайланыс, компьютерлік және электрон поштасымен, «Интернет» желісімен жабдықталып, ғылыми-медициналық ақпараттық оқыту мекемесіне айналдырылды. Бiртанов 1993 жылы АҚШ-тың Тусон қаласында өзара түсіністік меморандумына қол қоюға қатысты. Соның нәтижесінде «Тусон-Алматы» әріптестік бағдарламасы жұмыс істейді. Бiртанов АҚШ-тағы Денсаулықты басқару жөніндегі университет бағдарламалары ассоциациясының мүшесі, Алматы қалалық әкімшілігі алқасының мүшесі, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты болып қайта сайланды (2003). КСРО «Денсаулық сақтау үздігі» белгісімен марапатталған. Жамбыл облысының, Талас ауданының және «Ойық» ауылының құрметті азаматы. «Парасат» орденімен, ҚР Президентінің Алғысхатымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946) киносценарист, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері НАРЫМБЕТОВ Сатыбалды (Сәкен) Жәлелұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын, КСРО Мемлекеттік кино жанындағы (Г.Данель шеберханасының) сценарист және режиссердің жоғары курстарын бітірген. «Қазақфильм» киностудиясының кино және дебют шығармашылық одағының жетекшісі. Фильмографиясы: «Созақтан шыққан Гамлет» (режиссёр), «Қарасуық» (сценарист), «Жас аккордионистің басынан кешкендері» (режиссёр-сценарист), «Омпа», «Қыз жылаған» (режиссёр, сценарист). «Құрмет» орденімен марапатталған. «Киношок» сыйлығының «Премия за режиссуру» 1994 жылғы номинациясының лауреаты, ТМД және Балтық елдерінің ашық кино фестивалінің «За реализм и человечность» сыйлығының иегері, Жорж Садуль сыйлығының лауреаты атанды. 67 жыл бұрын (1947) техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Досым СҮЛЕЕВ дүниеге келді. ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, 250-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, өндіріс автоматизациясы, еңбек қорғау, акустикалық экология саласындағы жоғары мектепті ұйымдастырудағы белгілі маман. Профессор Д.Қ. Сүлеевтің жетекшілігімен 1 докторлық диссертация, 8 кандидаттық диссертация қорғалды. 66 жыл бұрын (1948-2001) ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, М.Әуезовтың 100 жылдығына, сондай-ақ Қарабура әулиеге арналған ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері ӘБДІРАШТЫҢ Жарасқаны дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1969-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманахында, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі бас редакциясының бөлім меңгерушісі, «Тамаша» ойын-сауық театрының бас редакторы қызметтерін атқарған. Ақынның алғашқы жинағы «Тұңғыш кітабы» деген атпен 1969 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта «Перзент парызы», «Дала сенің ұлыңмын», «Ақ қайраң», «Соғыстан соң туғандар», «Досың болғым келеді», т.б. кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында Р.Тагордың, П.Элюардың, Я.Купаланың, К.Чайковскийдің, А.Бартоның шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өзінің шығармалары да неміс, венгр, орыс украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған. 60 жыл бұрын (1954) ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атом энергиясы комитеті төрағасының орынбасары ЖАНТИКИН Тимур Мифтахұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Новосібір мемлекеттік университетін «физика және қолданбалы математика» мамандығы бойынша бітірген. Физика-математика ғлымдарының кандидаты. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық қаруларды таратпау саласындағы бірқатар жарияланымдардың, 100-ден астам зерттеу мақалаларының авторы. 1976 жылдан - ҚазКСР Ядролық физика институтында нейтронографиялық зерттеулер зертханасының аға лаборанты, инженері, кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері.1992 жылдан - ҚР Атом энергиясы агенттігінің ғылыми-техникалық бөлімінің бастығы, бас директордың орынбасары, бас директоры. 1995 жылдан - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы желтоқсаннан бері. 53 жыл бұрын (1961) Ақмола облысы Сандықтау ауданының әкімі САҒДИЕВ Ербол Болатұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1985 жылдары - Қостанай облыстық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының зоотехнигі. 1985-1998 жылдары - зоотехник-селекционер, бас зоотехник, кеңшар директоры, «Конысбай» АҚ төрағасы. 1998-2000 жылдары - «Сельхозводоснабжение» аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы. 2001-2002 жылдары - Ақмола облысы Зеренді ауданы әкімінің орынбасары. 2002-2003 жылдары - Ақмола облысы Зеренді ауданының «Сушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорының директоры. 2003-2012 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ЖШС-ның «Сұңқар» сауықтыру кешенінің директоры, Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі қызметтерін атқарған.2012-2013 жылдары - Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі. 2013 жылдың сәуірінен - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған. Мәдениет қайраткері. 50 жыл бұрын (1964) Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиадалық ойындардың төрт дүркін күміс жне екі мәрте қола жүлдегері КСРО-ның шаңғы спортынан көптеген мәрте чемпионы, 2011 жылы Қазақстанда өткен қысқы Азиялық ойындарды ұйымдастырушылардың бірі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы СМИРНОВ Владимир Михайлович дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын бітірген. Ол Қазақстан және КСРО біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 30 шақырым қашықтықтан шаңғыдан әлем кубогының иегері атанды. 15, 17, 18-ші қысқы Олимпиада ойындарында 1 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлде алды. 1993-1995 жылдардағы әлем чемпионаттарында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленді.2003 жылдан Қазақстан биатлоншылары одағының президенті. «Еңбек Қызыл Ту», «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған. «Экономика и внешнеэкономические связи развивающихся стран Азиатско-Тихоокеанского региона» атты кітаптың авторы. Профессор. «Құрмет» орденімен, медальдармен, алғысхаттармен марапатталған. 40 жыл бұрын (1974) "Каспий Инжиниринг" ЖШС бас дииректоры НҰҒМАНОВ Жәнібек Қайырбекұлы дүниеге келді. Жаңаөзен қаласында туған. Еңбек жолын 1994 жылы "Өзенмұнайгаз" АҚ-да оператор, мұнай өндіру басқармасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары; әр жылдарда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-да кен игеру және өндіру департаментінде бас менеджер, мұнай және газ департаменті директорының орынбасары, директоры. 2011-2012 жылдары - "ҚазМұнайГаз" БӨ" АҚ-да жобалық талдау департаменті директорының орынбасары; "ҚазМұнайТеңіз" АҚ-да өндіріс жөніндегі басқарушы директор; 2012 жылдан - "ҚазМұнайТеңіз" АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы маусымнан бері. 159 жыл бұрын (1855-1921) француз жазушысы, коллекционер, библтофил және өнер қамқоршысы Робер де МОНТЕСКЬЮ дүниеге келді. 164 жыл бұрын (1850-1937) чех социологы және философ, қоғам және мемлекет қайраткері Томаш Гарриг МАСАРИК дүниеге келді. 66 жыл бұрын (1948) Ресей теннисшісі, жаттықтырушы, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі ТАРПИЩЕВ Шамиль дүниеге келді.