7 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
7 шілде, ДҮЙСЕНБІ Соломон аралдарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Соломон аралдары - Тынық мұхитының Меланезия құрамындағы архипелаг. Ірі аралдары: Бугенвиль, Гуадалканал, Санта-Исабель, Малаита, Сан-Кристобаль, Шуазель, Нью-Джорджия. Аралды 1568 жылы испандық теңізде жүзуші А.Менданья де Нейра ашқан болатын. Соломон аралдарының Солтүстік бөлігі Папуа - Жаңа Гвинея құрамына кіреді, көпшілігі Ұлыбританияның протектораты. Әкімшілік орталығы - Хониара қаласы. Халқы австронезия және папуас тілдерінде сөйлейді. Ақша бірлігі - Соломон аралдарының доллары. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 60 жыл бұрын (1954) Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1952 жылғы желтоқсанның 20-ында қабылдаған Әйелдердің саяси құқығы туралы конвенция күшіне енді. 37 жыл бұрын (1977) Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды. 32 жыл бұрын (1982) Оралда қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай-үйі ашылды. Мәметова Мәншүк (шын есімі - Мәнсия) Жиенғалиқызы (922-1943) - қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944). Орал облысы нда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері Мәжит Бегалин) көркем фильм түсірілді. 19 жыл бұрын (1995) Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтой басталды. 14 жыл бұрын (2000) Астанада жаңа Орталық алаң ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау ортылығы Қазақстан банк жүйесінің тарихында алғаш рет және ТМД елдерінен бірінші болып банк қызметтерінің сапа менеджменті жүйесі ISO 9001:2000 халықаралық сапа стандарттарына сәйкестілік туралы сертификатқа ие болды. Әлемнің 148 мемлекетін біріктіретін бұл стандарт Халықаралық ISO стандарттау орталығы өңдеген. 8 жыл бұрын (2006) Астанада «Ақорда» Республикалық қозғалысының мұрындық болуымен Шұбар кентінде 100 кісілік мешіт ашылды. Қос күмбезді, егіз мұнаралы мешіттің ерлер мен әйелдерге арналған намаз залдары, кітапханасы мен киім ілетін, дәрет алатын бөлмелері бар. Алланың жердегі бұл үйі «Ақорда» қозғалысы елордада салған осымен төртінші мешіт саналады. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы Әбу-Даби Плаза кешенінің құрылысына қатысты келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды. 15 жыл бұрын (1999) Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды. Байғанин Нұрпейіс (1860-1945) - халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген. Анасы Үміт әнші, домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан. Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Кейіннен Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Нұрпейіс Байғанин негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Ол жырлаған «Қобыланды батыр» жыры - осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Жыршының ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған. Ол эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Оның өмірі мен шығармашылығы Есмағамбет Ысмайыловтың, О. Нұрмағамбетованың, К. Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын есімі берілген. 10 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының «Инвестициялық қорлар туралы» Заңы қабылданды. 2 жыл бұрын (2012) Павлодар облысында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әйгілі сахабасы Хазірет Әлидің тікелей ұрпағы болып табылатын, ислам дінін тұңғыш таратушы, ағартушы, философ, Мәшһүр Жүсіптің ұстазы Исабек ишан Хазіреттің 220 жылдық мерейтойы аталып өтілді. 2 жыл бұрын (2012) Шымкентте Астана атты жаңа даңғыл ашылды. 133 жыл бұрын (1881) алғаш рет «Пиноккио» ертегісі басылып шықты (Рим, «Балаларға арналған журнал»). 91 жыл бұрын (1923) Таулы Карабах автономды облысы құрылды. 23 жыл бұрын (1990) Римде алғаш рет қазіргі заманның тенор дауысты ең атақты үш әншісі Лучано Паваротти, Пласидо Доминго және Хосе Каррерас алғаш рет бірге ән шырқады.
ЕСІМДЕР 123 жыл бұрын (1891-1943) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі НИЯЗОВ Мірахмет Жүсіпұлы дүниеге келді. Астрахан ерлер гимназиясын және Саратов университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін Ордада дәрігер болып қызмет атқарды. Осы жылдары Каспий өңірінде белең алған оба ауруын жоюға белсене ат салысты. 1920-1923 жылдары - Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болды. 1929-1931 жылдары - Алматыдағы венерологиялық диспансер дәрігері, 1932-1943 жылдары - Шымкент қорғасын зауытының медициналық санатория бөлімінің бас дәрігері, Денсаулық сақтау Халық комитеті жоспарлау бөлімінің бастығы, Республикалық оба ауруына қарсы күресу стансасының дәрігері болған. 109 жыл бұрын (1905-1965) зоолог-териолог, биология ғылымдарының докторы, профессор АФАНАСЬЕВ Александр Васильевич дүниеге келді. Орал қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін және КСРО ҒА-ның аспирантурасын бітірген. Қазақ КСР ҒА Зоологиялық институты зоогеография зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, құрлық омыртқалылары секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Афанасьев Қазақстан сүтқоректілерінің систематикасы, географиясы, тіршілік етуі жайлы жазылған белгілі еңбектердің авторы. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924-2004) Кеңес Одағының Батыры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының құрметті азаматы ӘШІРОВ Сейітқасым дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында мергендер курсынан өткен. 2-ші Беларус майданының 96-шы атқыштар дивизиясы 331-ші полкінің құрамында барлаушы, взвод командирі болып, Беларустағы, Польшадағы ұрыстарда жау шебіне талай рет өтіп, құнды деректер әкелген. Соғыстан кейін Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қызылқұм аудандық халық сотында судья, Шардара ауданындағы Шардара кеңшарында бас мал дәрігері, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 73 жыл бұрын (1941) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТӨКЕЕВА Ырысалды Әділханқызы дүниеге келді. Қытай Халық Республикасының Дөрбілжін ауылында туған. Үрімші медицина институтын бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап Бельгияда тұрады. 2009 жылы Лондонда өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысқан. Өлеңдері «Салтанат», «Белес», «Көктем», «Дала дабылы», «Тарбағатай жырлары», «Шиху өрендері», «Ой толқыны» атты жинақтарға енген. 63 жыл бұрын (1951) әскери қайраткер, генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері ӘДІҚОЖАЕВ Сұлтан Бижанұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғарғы курсын бітірген. Шымкент қорғасын зауытында ұсталық қызметін атқарған. 1976-1988 жылдары - Шымкент облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары. 1988-1996 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары, қызмет бастығы, бөлім бастығы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Лаңкестікпен күрес департаментінің бастығы, басқарма бастығы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде инспекция бастығы. 2001-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Өзбекстандағы ресми өкілі. 2010 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста. «Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған. 57 жыл бұрын (1957) V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы БЫЧКОВА Светлана Федоровна дүниеге келді. Жамбыл облысында туылған. С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика (1978 ж.), заң (1991 ж.) факультеттерін бітірген және Бүкілодактық сот сараптаманы ҒЗИ аспирантурасының күндізгі бөлімін (1986 ж.) бітірген. 1978-1997 жж. - Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің сот сараптамасы ҒЗИ инженер, сарапшы, кіші ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, директордың міндетін атқарушы. 1997-2002 жж. - сот сараптамасы ҒЗИ базасында құрылған Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры. 2002 - 2007 жж. - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі. 2007 - 2011 жж. - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Неміс тілін меңгерген. 70 жыл бұрын (1944) итальяндық композитор, эстрада әншісі ТОТО Кутуньо (толық аты-жөні - Сальваторе Кутуньо) дүниеге келді. Бала кезінен музыкалық қабілетін байқатқан ол 13 жасында аймақтық музыка байқауында 3-ші орынды иеленеді. 19 жасына дейін жергілікті музыкалық топта ұрмалы аспапта ойнап, Манусарди ансамблінің құрамында Финляндияға алты айлық сапарға шығады. Еліне оралғаннан кейін «Toto e Tati» атты жеке тобын ұйымдастырып, Италияда өнер көрсете бастады, сонымен қатар өзі де музыка жазуды қолға алды. 1983 жылы «Итальянец» әнімен Сан-Ремо фестивалінде бірінші орынды иеленсе, 1990 жылы «Евровидение» конкурсында жеңімпаз атанды. Оның әуезді, аздаған мұңлы және өте романтикалық әндері ұзақ уақыт бойы италяндық Доменико Модуньо, Адриано Челентано, Кристиан, француздық Джо Дассен, американдық Петулы Кларк сынды танымал әншілердің репертуарынан орын алды.