7 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

7 желтоқсан, ЖЕКСЕНБІ Азаматтық авиацияның халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Чикаго қаласында өткен (АҚШ) конференцияға мүше - 52 мемлекет өкілдерінің Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қол қойған күнінен бастап атап өтіледі. Спитак қаласында (Армения) болған жер сілкінісі құрбандарын еске алу күні (1988). Жер асты сілкінісінің күші эпицентрде 10,5 баллға жетті. Спитак қаласы түгелдей, Ленинакан қаласы жартылай қирап қалды. Ресми мәлімет бойынша, 50 мыңға жуық адам қаза тауып, 12 мың адам жарақаттанған, 400 мың адам баспанасыз қалған. Армян халқының қасіретіне КСРО құрамында болған барлық республикалар үн қатып, жан-жақтан қол ұшын берді. Шетелдерден де материалдық көмек келді. Кубада Отан үшін қаза болғандарды еске алу күні. Куба халқының ұлттық батыры Антонио Масеоның қаза болған күніне орай атап өтіледі (1896). ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 51 жыл бұрын (1963) Жамбыл қаласында халық ақыны Жамбыл Жабаевқа қола ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы - Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Х.Наурызбаев. 43 жыл бұрын (1971) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 672 қаулысымен Берікқара қорықшасы құрылды. Жер аумағы 3,11 мың гектар. Кейінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылы маусымның 27-дегі қаулысымен жер аумағы кеңейтіліп, (17,5 мың гектар) «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қорықшасы деп жарияланды. Жамбыл облысының Жуалы ауданы мемлекеттік орман қоры жерінде орналасқан. Бұл жерде Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген Берікқара терегі, кәдімгі пісте, Недзвецкий алмасы, ылғал сүйгіш шаған, қызғалдақтардың бірнеше түрі, жерсабын, рауғаш, жуаның бірнеше түрлері, тағы басқа сирек өсімдіктер кездеседі. Қорықша аумағында ағаш кесу тек санитарлық түрде жүргізіледі. 19 жыл бұрын (1995) Венгрия астанасы Будапештте Абай күндері өтті. 8 жыл бұрын (2006) Елорданың халықаралық баспасөз орталығында жастардың жаңа ақпараттық-танымдық «Жастар жаңа мемлекеттік қызмет» атты журналының таныстырылымы өтті. Республикалық журнал жылына 4 рет екі тілде шығады. Ұйымдастырушы - Қазақстан жастар конгресінің Мемлекеттік қызмет мектебі. 8 жыл бұрын (2006) Алматыда «Город» республикалық күнделікті газетінің бірінші саны жарық көрді. Газеттен оқырмандар жаңалықтар мен республикада өткен соңғы оқиғаларға түсінік алады, спорт пен шоу-бизнес жаңалықтарын және теледидар бағдарламаларын оқиды. Баспа тиражы - 10 мың дана. 84 жыл бұрын (1930) Кеңес үкіметінің күштеп ұйымдастыру саясатына, алым-салық, мал жинау науқанына қарсы бағытталған шаруалар көтерілісі Көжебай сайы (Ақтөбе облысы) деген жерде жеңіліс тапты. Жеңіліс тапқандарды жазалау үшін ОГПУ-дің жанынан «үштік» құрылып, 12 басшысы ату жазасына кесілді. 1З адам 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 163 адам түрлі айыптау жазаларына тартылды. 20 жыл бұрын (1994) Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына орай, оқу орнының бас ғимараты алдына әл-Фараби ескерткіші орнатылды. 17 жыл бұрын (1997) Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды. 14 жыл бұрын (2000) Париждегі ЮНЕСКО үйінде Түркістан күндері өткізілді. 9 жыл бұрын (2005) желтоқсанның 8-і мен 18-і аралығында «Қазпошта» АҚ Қазақстан қалаларында ІІ Папа Иоанн Павелді еске алуға арналған Польша Республикасының пошталық маркілерінің көрмесін ұйымдастырды. Алғашқысы Алматы пошта ғимаратында өткізілді. Аталмыш шара «Қазпошта» АҚ-ының өзге мемлекеттердің пошталық әкімдіктерімен мәдени байланысын тереңдетуге және пошталық маркілерді алмастыру мен маркі жинау үрдісін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда қоғам қайраткері Болатхан Тайжанға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы - Тимур Сүлейменов. Болатхан Тайжан (1941-2006) танымал дипломат, Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Мысыр, Марокко, Тунис Алжир, Иордания, Сирия, Ливия, Малайзия елдеріндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, «Ұлт тағдыры - ел тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалыстың төрағасы қызметтерін атқарған. КСРО Журналистер одағының мүшесі. 5 жыл бұрын (2009) Осакада (Жапония) Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі болып өтті. Құрметті консул болып әлемге танымал «Тошиба» корпорациясының вице-президенті Широ Кавашита тағайындалды. Консулдықтың ашылу салтанатына Жапонияның ресми тұлғалары, ірі компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елшілік аясында Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Осакадағы Құрметті консулдықтың басты міндеті екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту болып табылады. ЕСІМДЕР 102 жыл бұрын (1912-1976) Қазақстанның халық әртісі ӘБЖАНОВ Серғали дүниеге келді. Алматы облысында туған. Бала кезінен-ақ әншілік өнер жолына түсіп, ел арасына танымал болды. 1934 -1937 жж. әскер қатарында болған кезінде қазақтың атты әскер полкі ансамблінде ән салады. Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жанындағы әншілер дайындайтын студияны бітірген (1937). Әбжанов өмірінің соңына дейін осы театрдың әншісі болды. Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібегінде" Бекежан, "Ер Тарғында" Тарғын, "Жамбылда" Сүгір, М.Төлебаевтың "Біржан мен Сарасында" Жанбота, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абайында" Жиренше, Н.Г.Жигановтың "Алтыншашында" Ормай, И.Н.Насировтың "Терең көлінде" Болат және басқа операларда түрлі мазмұндағы партияларды орындады. Аталған опералық бейнелер - музыкалық сипаты жағынан, драматургиялық желісі тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын күрделі тұлғалар. Әбжанов опералық партияларымен қоса камералық әндерді орындауда да ерекше қабілет таныта білді. Ол "Сұржелгенше", "Сәулем-ай", "Гүлдер-ай", "Жеті арал", "Угай-ай" сияқты халық әндерін нәшіне келтіре орындады. "Батыр қыз", "Солдат сағынышы", "Жастық жыры", "өрге тарт, менің өз елім", "Ер Төлеген", "Көкшетау", "Астанам" т.б. әндер шығарды. "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған. 96 жыл бұрын (1918) рентгенолог-радиолог, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері СЕРҒАЗИН Айтқазы Ғазизұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Қазақ медицина институтын бітірген. 1945-1955 жылдары - Талдықорған, Алматы облыстарының дәрігері. 1955-1987 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының ассистенті, доценті, меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1977 жылдан Қазақстан рентгенологтары мен радиологтары ғылыми қоғамының төрағасы болған. Негізгі ғылыми еңбектері медицинадағы рентгенология және радиология мәселелеріне арналған. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 89 жыл бұрын (1925-2009) тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигі, Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, КСРО Жоғары мектебінің үздігі БАТЫРБЕКОВ Мүштай дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1957-1978 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ассистенті, аға оқытушысы, факультет деканы, сырттай оқу жөніндегі проректоры. 1978-1985 жылдары - Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігі Жоғары оқу орындары бас басқармасының бастығы. 1985-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының проректоры. 1989 жылдан зейнет демалысына шыққан. Оның 7 монографиясы, 130-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Ақтау, Шығыс Қазақстан техникалық, Павлодар университеттерінің және Атырау мұнай және газ институтының құрметті профессоры. 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған. 74 жыл бұрын (1940) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қытайдың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Үздік дарын» сыйлығының лауреаты РЫСКЕЛДИЕВ Тұрсынәлі Мырзабайұлы дүниеге келді. ҚХР-дың Іле аймағында туған. Шыңжаң университетін бітірген. 1998 жылы тарихи Отаны - Жетісу жеріне көшіп келген. Оның үш кітаптан тұратын «Тасқын» трилогиясы, «Өркен», «Мысал әңгімелер», «Бесік» атты әңгімелер жинағы, «Тау тағысы»,«Ұлы көш» романдары, «Қара көлдің балықтары» атты повестер топтамасы, «Қос аққу» комедиялық пьесалар жинағы, «Тамызық» жинақтары, тағы басқа көптеген туындылары бар. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі бейнеленген «Іле салтанаты» көркем фильмінің сценарийін жазған. 73 жыл бұрын (1941) ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті ЖҰРЫНОВ Мұрат Жұрынұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Ұлты қазақ, химия ғылымдарының докторы, профессор (1981 ж.), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1989 ж.), Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (2003 ж.), Тәжікстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының шетелдік мүшесі (академигі), бірнеше Халықаралық ғылым академияларының мүшесі (2010 ж.), ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңесінің мүшесі, ҚР Үкіметінің жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының, Ғылым және білім министрлігі алқасының мүшесі, «ҚР Ұлттық ғылым академиясының баяндамалары» журналының бас редакторы, Ислам елдерінің Ғылыми академиялары қауымдастығының вице-президенті, ҚР ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатасының мүшесі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының атқару комитетінің мүшесі, ҚР Премьер-министрінің ғылым саласы бойынша кеңесшісі. «Парасат» (2005 ж.), «Барыс» (2011 ж.) ордендерімен және басқа да көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының, АҚШ-тың Кентукки штатының, сондай-ақ Арыс, Түркістан, Кентау және т.б. қалалардың құрметті азаматы. Мұрат Жұрынұлы кәдімгі ауыл балаларындай қара жұмыспен шыңдалып өсті. Мектепті бітіргеннен кейін, Шымкенттегі Қазақ химия технологиялық институтына (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) түсті. Өзі армандаған мамандығы - темір жолдың тепловоз машинасын жасайтын немесе оны жөндейтін инженер-механигі еді. Алдымен ҚазХТИ-дің «Ет-сүт өнімдері технологиясы» мамандығына түсті. Кейін «электрохимиялық өндірістер технологиясы» мамандығына ауысып алды. Институтты бітірген соң, электрохимия кафедрасына бөлінген бір орынға жолдама алып, мұғалім болып орналасты. М.Жұрынов та өз білімін тереңдете түсті, студенттерге дәріс оқумен қатар, ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Екі жылдан соң Мәскеудің (1967 ж.) Д.Менделеев атындағы химия-технология институтының (Ресей химия-технологиялық университеті) аспирантурасына оқуға түсіп, органикалық электрохимия саласында дүниежүзілік бірінші қатардағы әйгілі ғалым М.Фиошиннің лабораториясына орналасты. Электрохимия тәсілімен органикалық қанықпаған заттардан әртүрлі салаларға қажет (фармацевтика, полимерлер химиясы, арнайы қасиеттері бар заттар) қосындыларды алудың жаңа әдістері мен технологиясы жасалды. Сол лабораторияда Кеңес Одағының әр тараптарынан келген және Мәскеу қаласының таңдаулы әрі талантты жас зерттеушілері, аспиранттар жұмыс істейтін. Солардың ішінде М.Жұрынов бірінші болып, тіпті 3 жылдық аспирантура мерзімінен 2 ай бұрын кандидаттық диссертациясын арнайы диссертациялық кеңесте бірауыздан дауыс алып қорғап, Шымкентке қайта оралды (1970 ж.). Содан кейін Қазақ химия-технологиялық институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарды (1970-1982 жж.). «Электрохимиялық өндірістер технологиясы» кафедрасының жанынан «Органикалық электрохимия» лабораториясын ашты, оны ең жаңа әрі жоғары дәрежедегі электрондық приборлармен жабдықтап, аспирантура ашты. Ірі зауыттармен келісімшарт жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оларды өндіріске енгізді. 1981 жылы Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғап, сол жылы профессор атағын алды. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры болып тағайындалды. 1985 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры болып тағайындалды. 1991 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Білім министрі болып тағайындалды.Сол жылдары Тәуелсіз Қазақстанның «Ата заңы» қабылданды. Конституцияның білім туралы айтылатын 30-бабын М.Жұрынов өз қолымен жазды. 1997 жылдан бастап, 2001 жылға дейін академик М.Жұрынов Қ.А.Йасcауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің президенті қызметтерінде болды. 2001 жылы маусым айында, Түркістандағы 10 жыл қызметінен кейін академик М.Жұрынов Білім және ғылым министрлігінің «Органикалық катализ және электрохимия» институтының директоры қызметіне ауысты. Академик М. Жұрынов Париждегі әйгілі Сорбонна университетіне шақырылған еді. 2008 жылы академик М.Жұрынов 95,4 пайыз дауыс жинап, келесі 5 жылдық мерзімге кайта сайланады. Ұлттық ғылым академиясының беделі жоғары екендігі 2006 жылы 60 жылдық мерейтойында барша дүниеге мәлім болды. Академия тойына барлық ТМД елдерінің негізгі академияларының президенттері, АҚШ ұлттық академиясының, Еуропа елдері академияларының өкілдері Алматыға жиналды. Салтанатты сессияға Елбасы Н.Назарбаевтың өзі арнайы ат басын бұрып келіп, қатысты. Одан 5 жыл өткен соң, 65 жылдық салтанатты сессиясына Білім және ғылым министрі қатысып, 12 академикке марапаттар тапсырды. Академик М.Жұрыновтың негізгі ғылыми бағыты - электрохимия саласы, оның ішінде табиғи қоспалар негізінде белгілі дәрілік және жаңа биологиялық белсенді заттарды электросинтез тәсілдерімен алу. Алкалоидтарды (наркотин, тебаин, сальсолин, афилин, соласодин, т.б.) әртүрлі электрохимиялық әдістермен зерттеп, олардың электрохимиялық үдерістерінің жүйелерін анықтады. Оларды жан-жақты зерттей отырып (вольт-амперлік, спектральды, квантты-химиялық және т.б. тәсілдер), қатты электродтарда жүретін тотығу реакциясы кезінде алкалоидтардың молекулаларының құрамына әртүрлі функционалдық группаларды (гидроксилды, метоксилды, этоксилды, т.б.) енгізу арқылы жаңа фармакологиялық белсенді заттарды (опиан қышқылы, котарнин, пахикарпин және т.б.) алу әдістері мен оларды синтездеудің электрохимиялық технологиясын жасап, оны өндіріске енгізді. М.Жұрынов 17 ғылыми монография, 700-ге жуық ғылыми еңбектер жариялап, 120 авторлық куәлік пен патентке ие болды. Оның жетекшілігімен 32 ғылым кандидаты, 6 ғылым докторы диссертация қорғап, 2 шәкірті ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. М.Жұрыновтың ғылыми еңбектері шетелдерде де жоғары бағаланды: оған Джорджтаун (Вашингтон) университетінің құрметті профессоры атағы (1996 ж.), Түркия (Анкара) Жазушылар одағының (2001 ж.) сыйлығы, Токио университетінің (2001 ж.) алтын медалі, Франция ғылыми өндірістік қоғамының (2003 ж.) және Украина «Алтын фортуна» ғылыми-өндірістік қоғамының (2006 ж.) алтын медальдары тапсырылды. Сонымен қатар ол - әл-Фараби атындағы КазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚарМТУ және т.б. университеттерінің құрметті профессоры. 164 жыл бұрын (1850-1935) орыс суретшісі ХЛУДОВ Николай Гаврилович дүниеге келді. Ресейдің бұрынғы Орынбор губерниясында туған. 1873-75 жылы Одесса сурет және мүсін мектебінде оқыған. 1876 жылы Санкт-Петерборда суретші Голинскийдің шеберханасында жұмыс істеді. 1877 жылы арнайы шақыртумен Верный (Алматы) қаласына суретші Х.Глушковпен бірге келеді. Глушковпен бірге жергілікті халықтардың этнографиялық көркемсуретті альбомын құрастырды. Жергілікті халықтың тұрмыс-салтын тыңғылықты біліп зерттеу үшін ол Жетісу және Сырдария облыстарының жерлерін межелеу мекемесіне орналасты. Іссапармен осы өлкенің көптеген жерлерінде болған Хлудов жүрген жерлерінен сан алуан этюдтер, сызбалар, суреттер салып, кейін соның негізінде этнографиялық-өлкетанушылық маңызы зор және көркемдік орындалу шеберлігі жағынан әр қилы картиналар сериясын жасады. Қазақстанда өмірінің соңына дейін тұрған Хлудов Жетісу жерінде ғылыми-зерттеулік жұмыстарын жүргізуге белсене араласып, көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі болды. Әр түрлі ғылыми экспедициялардың жұмысына суретші ретінде қатысты. Түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімінің құрылтайшысы әрі мүшесі; осы қоғам Қазақстанды зерттеу қоғамымен біріккенде оның толық мүшесі болады. 1886 жылы Тянь-Шань шыңы Хантәңірін зерттеген геолог Игнатовтың экспедициясына қатысып, әр түрлі сызба суреттер қалдырды. 1887 жылы Верный қаласында жер сілкінгенде оның себебі мен зардабын зерттейтін Петербордан келген профессор И.В. Мушкетовтың экспедициясына суретші ретінде қатысты; бұл экспедицияның құрамында атқарған белсенді қызметі үшін күміс медальмен марапатталды. 1910 - 17 жылы Верный жоғары бастауыш училищесі, мұғалімдер семинариясы мен қыздар гимназиясында, 1918 - 19 жылы Алматы ауыл шаруашылығы техникумында сурет пен сызудан сабақ жүргізді. 1910 жылы Мәскеу және Петербург қалаларында Қазақстан өмірін бейнелейтін шығармаларымен көрмеге қатысты. 1929 жылы Алматыда Хлудов картиналарының көрмесі өтті. Қазақстан Орталық музейінің кеңесі суретші шығармаларын өз қорына алу туралы мәселе көтеріп, осыған орай Хлудов картиналарының көркемдік құндылығын анықтау мақсатымен суреттерді А.Байтұрсыновқа сарапшылыққа берді. Байтұрсынов Хлудовтың 18 картинасын саралай отырып, олардың көпшілігінің қазақы тұрмысты шынайы бейнелемей, алшақ жатқандығын ашып, сын-ескертпелерін жазып берді. Дегенмен, Хлудов картиналарында қазақ тұрмысын өзі көрген қалпында бейнелеген, оны тануға ұмтылғанын және жергілікті тұрғындарға деген шынайы жылылық сезімі "Тайынша мінген бала", "Жасауыл", "Қобыз тыңдап отырған қазақтар" (1904), "Қойшы бала", "Тянь-Шань баурайындағы шөп шабу", т.с.с. шығармаларында айқын байқалады. Хлудов шығармаларының басым көпшілігі ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақтаулы тұр. 20 ғасырдың 20-жылдары ол Верный қаласында жас суретшілерді оқытып үйрететін шеберхана-студия ұйымдастырды; осы студияда көптеген суретшілер (Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, С.А. Чуйков, Г.А. Брылов, А.Н. Бортников, т.б.) тәлім алды. 136 жыл бұрын (1878-1972) КСРО Ғылым академиясының, КСРО медицина ғылымдары академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты СКРЯБИН Константин Иванович дүниеге келді. Ресейде туған. Эстонияның Тарту қаласындағы мал дәрігерлік институтты бітірген. 1907-1911 жылдары Таразда мал дәрігері болып істеген. 1920 жылдан өмірінің соңына дейін Мәскеудің ғылыми-зерттеу институттарында қызмет еткен. Ғалым гельминттердің морфология, биология, филогения, жүйеленім, экология, эпизоотология және эпидемиологиясын зерттеді. Ол гельминттердің 200-ден астам ғылымға беймәлім жаңа түрін ашып, оларға сипаттама берген; гельминтологияны толық зерттеу әдісін ұсынып, ғылымға гельминттердің резервуарлы қосымша иелері туралы ұғым енгізді; дегельминтизация принциптерін пайымдады; гельминттерді толық жою (девастация) теориясының негізін салды. Тараз қаласында ғалымның атындағы мұражай ашылып, мұражай ауласына ескерткіші қойылған. 6 рет «Ленин», 3 рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.