72 жастағы саяхатшы: 7 мың шақырым жаяу жол жүргенім – халқымның арқасы
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұлытаулық еңбек ардагері, 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов «Ұлытауға бардың ба...» атты жаяу сапары барысында Орал қаласына жетті. Ұлытаудан бастап Ақтауға дейін Қазақстан облыстарын түгелдей аралап өтуді мақсат еткен саяхатшы БҚО тарихи-өлкетану музейінде жергілікті жұртшылықпен кездесті. Сәрсенбай Оспанұлы ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, сапарының барысы туралы әңгімелеп берді.
- Сәрсенбай Оспанұлы, сапарыңыз қалай басталды, алдымен соған тоқталсаңыз?
-Сапарымның басталуы оңай болған жоқ. Негізі, 22 наурызда Ұлытауда шығарып салу рәсімі болған. Бірақ боранға байланысты жолға шыға алғаным жоқ. Содан 31 наурызда сәті түсіп, көктайғаққа қарамастан, тоқтамастан 28 сағат жүріп, 130 шақырымды артқа тастап, Жезқазғанға жеттім. Онда екі күн қонып, 3 сәуір күні шығып, 13-інде Қызылордаға аялдадым. Сосын Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, міне, енді, Оралға келдім. Бұл – өзім араламақ болған 17 облыстың 15-іншісі. Жүрген жолым, өзімнің есептеуімше, 7 мың шақырымнан асты. Енді Атырау мен Ақтау ғана қалды. Әлі кем дегенде 1500-дей шақырым болар. Сондықтан Ақтауда дәл қай күні, дәл қай сағатта болатынымды әзір айта алмаймын.

-Ұзақ жолға шығуыңыздың сыры неде?
-Бірінші мақсатым – Ұлытауды насихаттау. Биыл Президент Жарлығымен облыс атауын иеленген Ұлытаудың қазақ тарихындағы орны ерекше. Басқасын айтпағанда, осы жерде қола дәуірінде металды қорытқан, мұндай дерек басқа ешқандай ұлтта жоқ. Сонымен қатар қазақ қалаларының тарихы тым әріде жатыр. Кейбіреуі сақталған жоқ, жұрнағы ғана қалды. Отырар, Тараз, Түркістан қалаларының тарихы 2 мың жылдан асады. Ұлытауда Жошы ханнан бастап Шыңғыс ханның отыздан астам ұрпағы, Алтын Орда билеушілері Тоқтамыс, Едіге би жерленген. Жоңғарларға да бабаларымыз осы жерде күйрете соққы берген. Қазақ хандығының іздері сайрап жатқан Ұлытаудың ең биік шоқысы Әулиетауда ауа жанынан емес, көктен келеді. Мұның да бір қасиеті бар-ау деп ойлаймын. Міне, осының бәрін кейінгі ұрпаққа біз айтпасақ, кім айтады?
Екіншіден, қолөнер шеберлерінің тізімін жасасақ деймін. Басқа елдермен салыстырғанда, бұл жөнінен біз ұяттымыз. Мысалы, Өзбекстанда 17 мың қолөнер шебері тіркелген, олардың бәрі де мемлекет қолдауын сезінеді. Мен өзім ЮНЕСКО аккредитациясынан өткен «Ұлы тағзым» қорының мүшесімін. Осы халықаралық ұйыммен келісімге сәйкес біз қолөнер шеберлерінің тізімін 1 мыңнан асырсақ, олар бізге өз қаржыларына арнайы сайт ашып береді. Сонда қазақстандық қолөнер шеберлері өз бұйымдарын шетелдерге ұсынып, әлемдік деңгейдегі көрмелерге қатыса алады. Тіпті жүлде алып, туымызды көтеріп, мемлекетіміздің атын шығарар еді. Бұдан асқан қандай мақтаныш болуы мүмкін!

Үшіншіден, ұмыт қалған қымыз мерекесін қайта жандандыру. Ұлттық мейрам дегенде, әдетте Наурызды айтып жатамыз. Әрине, оны қолдаймыз, күн мен түннің теңелген күні ретінде атап өтеміз. Дегенмен, ол бүкіл шығыс халықтарына ортақ, түп-төркіні парсыдан шыққан. Қазақстанға ХVІІІ ғасырдан бастап сіңісті. Әрі оның уақыты да Солтүстік, Орталық Қазақстанға қолайсыз. Тек Оңтүстік Қазақстан ғана киіз үй тігіп, емін-еркін тойлай алады. Ал қымыз мерекесі әріден келе жатыр. Оның ұмытылғанына 105 жылдан асқан. Ғалымдарымыздың зерттеуіне сүйене отырып, 5 мың жыл бұрын қазақ жерінде жылқының қолға үйретілгенін білеміз. Содан бие байлап, қымыз ашытқан. Қымыз мерекесін егін егіп, мал төлдету науқаны өтіп, жайлауға көшкеннен кейін ең ұзақ күні тойлайтын болған. Осы сапарым аяқталғаннан соң Қымыз мерекесін ресми бекіту жөнінде Президент атына хат жазбақ ойымыз бар.
Егер бұл идеямыз жүзеге асса, қымызды кеңінен пайдалансақ, көп нәрседен ұтар едік. Ең бастысы, өзіміздің және болашақ ұрпақтың денсаулығын нығайтар едік. Өйткені қымыз жүзден астам ауруға ем. Содан кейін отандық өнімімізді көптеп әрі сапалы етіп өндіріп, шетелге шығарсақ, экономикалық пайдасы да мол болар еді. Сонымен қатар түркі халықтарына ортақ мереке деңгейіне дейін көтере білсек, мәртебеміз өсе түсер еді.
Менің мақсатым – Гиннестің рекордтар кітабына ену де емес, тек ұлтым, халқым аман болып, өзгелермен терезесі тең, тіпті экономикасы озық, теңгесі доллардан да мықты ел атанса деймін.

-Сәрсенбай Оспанұлы, осы сапар барысында қиындықтарға тап болдыңыз ба?
-Әрине, қиындықтар болмай қалған жоқ. Кейбір ойқыл-шойқыл жолдардан аяқкиім де тез тозады, арбаң да сынады. Тіпті бір жерде аяғымды ауыртып алып, жүре алмай қалдым, ауылға жеткенше, алты шақырымдай машинамен баруға тура келді. Сосын аяғыма қырыққабат орап, жазылып алып, қайта жолға шықтым. Қай жерге барсам да, мені жұртшылық құшақ жая қарсы алады. Төрге шығарып, мейрамхана, кафесі барлар тамақ ұсынады, ел жолшыбай басқалай да жәрдемін аяған емес. Осыншама жол жүруім де халқымның арқасы деп білемін. Содан кейін 9 жасымнан бастап еңбекке араласып, шынықтым. Жас кезімде 120 шақырым қашықтықты 7,5 сағатта артқа тастайтын едім.

-Сізді ораза ұстайды деп естіп едім, бұл жолы не істедіңіз?
-Иә, оразаны 2000 жылдан бері ұстап келемін. Бұл жолы ұзақ сапарға шығатын болған соң ұстағаным жоқ. Үйге жеткен соң келесі оразаға дейін өтеймін. Жалпы, ораза ұстасам, қуаттанып, ширақ бола түсемін.
-Әңгімеңізге рахмет, сіздің барлық арман-мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспіз.
Саяхатшының қасында жүрген топ жетекшісі Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, Сәрсенбай қария осы сапарға шығуды 2016 жылдан бастап жоспарлаған. Түрлі себеппен кешеуілдеген. Өткен жылы жұбайы өмірден озып, биыл жылын өткізгеннен кейін ғана сәті түскен екен.
«Соңғы он жылда «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры қызметін атқардым. Сәрсенбай аға музейде еңбек етті. Темір ұстасы, таспен де айналысады, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіреді. 2018 жылы жұмыстан босап, бұратала зейнетке шықты. Жергілікті халық Сәкеңе «Робот» деген лақап ат қойған. Яғни жұмыс істегенде, бір тоқтамайды. Тіпті ораза кезінде де күннің ыстық-суығына қарамайды. Осы сапарға өзіміз құрған «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп келеді. Кейбір қиын жерлерде жанынан табылып, тамағын дайындаймын немесе алдынан шығып, күтіп аламын. Қарағандылық фотограф Дмитрий Ругис суреттерін түсіреді. Ақтауға жеткен соң сапар қорытындысы ретінде арнайы іс-шара ұйымдастырмақпыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Қожахметов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұлытаулық 72 жастағы қарттың жаяу марафонға аттанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 1700 км жаяу жүріп өткен қарт саяхатшы Алматыға жетті.
Ұлытаудан жаяу шыққан 72 жастағы саяхатшы Павлодарға жетті.