754 шақырым теміржол салынып жатыр – Көлік министрі
АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында көлік саласының қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары жөнінде мәлімдеме жасады.
Ол көлік саласы тұрақты өсімді көрсетіп отырғанын және экономиканың қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті.
– Соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Биыл көрсеткішті 14,3 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, оның сөзінше, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып жатыр. Ал 3 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстары аяқталады.
Атап айтқанда, Биыл Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталады.
– Сонымен бірге, бірқатар жаңа жобаға кірісіп жатырмыз, оның ішінде Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Және Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын жаңғырту жоспарланған. Қосымша Индербор – Орал және Қарағанды – Қарағайлы жобаларына дайындық жұмыстарына кірісіп жатырмыз, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, бұған дейін елде жаңғыртудан кейін 30 теміржол вокзалы ашылғанын жазғанбыз.