760 жеке қосалқы шаруашылық санаққа қатысудан бас тартқан

АСТАНА. KAZINFORM – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Kazinform сауалына жолдаған жауапта былтырғы ауылшаруашылық санаққа қатысудан неше отбасы бас тартқанын мәлімдеді. 

ауыл шаруашылығы
Коллаж: Kazinform, freepik, gov

- 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағының қамтылу деңгейі ұйымдастырылған шаруашылықтар арасында - 97,2%, ал жеке қосалқы шаруашылықтар арасында - 96,9%. Бұл қамтудың жоғары деңгейін көрсетеді және санақтың статистикалық қорытындыларын кейіннен қалыптастыру үшін деректердің репрезентативтілігін қамтамасыз етеді, - дейді статистика мамандары.

Дегенмен, санаққа қатысудан бас тартқандар да болған.

- Санақ нәтижесі бойынша 40 ұйымдастырылған шаруашылық (жалпы шаруашылықтар санынан үлесі - 0,01%) және 760 жеке қосалқы шаруашылық (үлес салмағы – 0,05%) санаққа қатысудан бас тартқан. Бұл көрсеткіштер жалпы санақтың сәтті өтуіне айтарлықтай әсер етпегенін және шаруашылықтардың басым көпшілігінің белсенді қатысқанын көрсетеді, - деп жазылған ресми жауапта.

Агенттік мәліметі бойынша, санақтың нақты нәтижесі 2026 жылдың ІІІ-IV тоқсандарында толық жарияланады.

Еске салайық, аталған санақ былтыр 21 қазанда аяқталған болатын.

Соңғы жаңалықтар