7,7 млн теңге бәс тіккен: Жетісуда екі шенеунік қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының Көксу ауданында екі лауазымды тұлға құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметінен босатылды. Олардың бірі – аудандық бөлімше басшысы.

лудоман
Фото: Kazinform/ЖИ

Көксу аудандық прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы бойынша талдау жүргізіп, мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысып, бәс тіккенін анықтады.

Прокуратура мәліметінше, аталған тұлғалар букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тіккен. Олардың ойын шоттарын толықтыруға жұмсаған қаражатының жалпы сомасы 7,7 миллион теңгеден асқан.

— Прокурорлық қадағалау актісінің қаралуы нәтижесінде тәртіптік комиссия екі лауазымды тұлғаны атқарып отырған қызметтерінен босату туралы шешім қабылдады. Олардың бірі мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек өтілі бар аудандық бөлімше басшысы, — делінген хабарламада.

Прокуратура мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін төмендетуі мүмкін екенін атап өтті.

Жетісу облысының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуды бақылауды жалғастырады.

Бұған дейін лудоманияны қалай анықтауға болатынын жазғанбыз.