8 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 8 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.
8 қазан. СӘРСЕНБІ Македония Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Македония - Балқан жарты аралында ораласқан мемлекет. Солтүстігінде Сербиямен, шығысында Болгариямен, оңтүстігінде Грекиямен, батысында Албаниямен шектеседі. Астанасы - Скопье қаласы. Мемлекеттік тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - македон динары.
Гомеопатия күні. Ресейдің гомеопат дәрігерлерінің ұсынысымен 2004 жылдан бастап Ресейде жыл сайын аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 7 жыл бұрын (2007) Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан мұражайға тастан қашалған жауынгердің мүсінін тарту етті. Тасмүсін табылған жерге аттанған өлкетанушы-ғалымдар, бұл осыдан 1 мың жылдай бұрын қашалған түркі жауынгерінің бейнесі деген пайымдау жасап отыр. Өлкетанушылар тас мүсін көне түркілердің әдетте зират басына қоятын дәстүрлі ескерткіші болып табылады және оның көмегімен байырғы көшпелілер дүниенің төрт бұрышын бағдарлаған деген пайымдауды ұсынып отыр.
5 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасының қатысуымен Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткіш Астана қаласының Тәшенов көшесінің бойындағы саябақта орналасқан. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры - граниттен жасалған. Биіктігі - 4,4 метр, салмағы - 5,5 тонна. Оның құрылысына 0,0625 гектар жер телімі берілді. 5 жыл бұрын (2009) С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу орталығы базасында «Ядролық технологиялар және қайтарымды энергетика технологиясы» ұлттық ғылыми зертханасының таныстырылымы өтті. Ұлттық ғылыми зертхананың құрылымына ядролық-магнитті резонансты-спектроскопия зертханасы, қолданбалы және радиациялық физика зертханасы, математикалық модельдеу зертханасы кірді. Ядролық технологиялар және орны толатын энергетика технологиясы зертханасы - мұндай жалғыз зертхана. Елімізде осындай бес Ұлттық зертхана бар, солардың ішінде тек осы зертхана ғана аймақтық университеттің құрылымына кіреді. Себебі, университет аймақтың ірі кәсіпорындарымен, ҚР Ұлттық ядролық орталықпен бірлескен жобалар атқарады. Зертхана ядролық физика, қайтарымды энергетика, конденсатты жағдай физикасы және материалтану, химия, медицина, фармакология, экология салаларында ғылыми зерттеулер өткізу үшін құрылып отыр. ЕСІМДЕР
103 жыл бұрын (1911-1993) техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері КАЛИНИН Сергей Ксенофонтович дүниеге келді. Ресейдің Екатеринбург облысында туған. Мәскеу политехникумын, Қазақ политехникалық институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1933-1941 жылдары Екатеринбургтегі Орал химия-технология институтының ғылыми-техникалық қызметкері болған. 1933-1941 жылдары - КСРО ҒА Қазақ филиалы химия зертханасының ғылыми-техникалық қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1945-1957 жылдары - Қазақстан ҒА Астрономия және физика институтының зертхана меңгерушісі. 1953-1957 жылдары - Қазақстан ҒА Физика-техника институты директорының орынбасары. 1957-1961 жылдары - Қазақстан ҒА Ядролық физика институтының зертхана меңгерушісі. 1961-1993 жылдары Қазақстан ҒА Геология ғылымдары институтының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері атомдар мен молекулалардың оптикалық спектрлерін зерттеуге және жүйелеуге, спектрлік талдаудың өзекті мәселелерін тұжырымдауға арналған. Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924-2006) қазақтың ақыны СЕЙІЛЖАНОВА Гүлсім дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында туған. Алматы санақ техникумын бітірген. 1943-1951 жылдары ұшымшарда есеп қызметкері, бас бухгалтері, кітап дүкенінің директоры болып жұмыс істеген. 1952-1959 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының фольклор бөлімінде, 1959-1973 жылдары республикалық халық шығармашылығы үйінде қызмет атқарған. 1957 жылдан шығармалары баспасөзде жарияланған. 1970 жылы орыс тілінде шыққан «Көктем жаңбыры», 1981 жылы «Ғажайып бақ» аталған қазақ ақын қыз-келіншектерінің жинағына енген бір топ өлеңдердің, балаларға арналған «Біздің ауыл бақшасы» суретті кітапшасының авторы. 83 жыл бұрын (1931-1989) техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚҰРМАНҒАЛИЕВ Марат Рамазанұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Бауман атындағы Мәскеу техникалық училищесін бітірген. 1955 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан ҒА Энергетика ғылыми-зерттеу институтының зертханашысы, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда өндірілетін көмірлерді циклондық оттықта жағу процестеріне арналған. Қуаты күшті энергетикалық қондырғылардың көміртозаңдандырғыш қазандықтарда сапасы төмен көмірлерді жағу құбылыстарын оттық модельдерде зерттеу әдістемесін өндіріске енгізді. Көмірді қайнаған қабатта, кейінірек айналмалы қайнаған қабатта жағуды зерттеген. 200-ден астам ғылыми еңбектің, 5 монографияның, 50-ден астам патенттің авторы. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936) жазушы ҚАТЖАНҰЛЫ Шабдарбай дүниеге келді. Моңғолияның Баянөлгей аймағында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Жазушының «Аға жолы», «Көрімдік», «Күн ашық», «Қалқатай», «Керім-ау айдай», «Өз қолымен», «Алтай суреті», «Өмір ізі» атты жыр және прозалық кітаптары бар. 74 жыл бұрын (1940) актриса, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі БАҒЫСОВА Жібек Есекейқызы дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы әншілік-хор студиясын бітірген. 1960-1995 жылдары Қызылорда облыстық драма театрында, 1995 жылдан Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық драма театрында өнер көрсетеді. Ол ойнаған Қарагөз, Қарлыға, Жүзтайлақ (М.Әуезовтің «Қарагөзінде», «Қара қыпшақ Қобландыда», «Түнгі сарында»), Ақтоты (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтотысында»), Ева Броер (Қ.Мұхамеджановтың «жат елдесінде»), Ажар (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында»), Қамажай (Д.Исабековтің «Әпкесінде»), Әлиман мен Толғанай («Ш.Айтматовтың повесі бойынша қойылған «Ана - Жер анасында»), Шапақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Тата Нерадова (А.П.Штейннің «Толасында»), Регана (У.Шекспирдің «Король Лирінде»), т.б. рөлдер актриса талантын танытты. Ол жасаған сахналық бейнелердің ұлттық бояуы айқын. Сонымен қатар сахнада кейіпкердің ішкі толғаныстарын, психологиялық көңіл-күйлерін терең ашуымен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. 66 жыл бұрын (1948) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жігер» жастар шығармашылық фестивалінің лауреаты АЗОВСКАЯ Татьяна дүниеге келді. Орал қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Семей облыстық «Ертіс» газетінде тілші, Ақтөбе драма театрында әдеби қызметкер, «Приуралье» газетінде тілші болған. Ақынның «Благодарю судьбу», «Письмо из Осени», «Смуглое лето» атты жыр жинақтары жарық көрген.
64 жыл бұрын (1950-2007) ақын, журналист, аудармашы АҚЫПБЕКҰЛЫ Өтепберген дүниеге келді. Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1985 жылдары Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, кейіннен облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1985-1995 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Денсаулық», «Жанашыр», «Халық Конгресі» газет, журналдарында аға тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. 1995-1998 жылдары республикалық «Қазгидромет» мекемесінде, ҚР Парламенті Мәжілісінде, ҚР Ұлттық Банкісінде аға референт, кеңесші, ҚР Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Бірнеше рет Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанған. Әр жылдары: «Доп», «Футболшы боламын», «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Балабақтың бір күні», «Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Ажарлы Астана», «Керек кітап», «Мен таңдайтын мамандық» т.б. балаларға арналған өлең кітаптары мен кітапшалары жарық көрген. «Шекара әскерінің үздігі» құрмет белгісімен және медальмен марапатталған.
143 жыл бұрын (1871-1949) орыстың кәсіби палуаны, РКФСР-дің еңбек сіңірген әртісі, еңбек сіңірген спорт шебері ПОДДУБНЫЙ Иван Максимович дүниеге келді. Ол кәсіби палуандар арасында классикалық күрес түрі бойынша әлем чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері. Бозкілемде өткен 40 жылдық өміріндегі чемпионаттардың ешқайсысында жеңіліп көрмеген. Әлемге «чемпиондардың чемпионы», «орыс батыры» ретінде танылған. Сонымен қатар қазақ палуаны Қажымұқанның ұстазы болған. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 166 жыл бұрын (1848-1932) француз композиторы, «Интернационал» гимні музыкасының авторы Пьер ДЕГЕЙТЕР дүниеге келді.
122 жыл бұрын (1892-1941) орыс ақыны ЦВЕТАЕВА Марина Ивановна дүниеге келді. 107 жыл бұрын (1907-1939) кеңес ұшқышы, КСРО Батыры ОСИПЕНКО Полина Денисовна дүниеге келді. 83 жыл бұрын (1931-1993) кеңес жазушысы және сценарист СЕМЕНОВ Юлиан Семенович (шын тегі - Ляндрес) дүниеге келді.
78 жыл бұрын (1936-2012) кеңес және ресей киноактері, РСФСР халық әртісі КУРАВЛЕВ Леонид Вячеславович дүниеге келді. 54 жыл бұрын (1960-2009) Rambler алғашқы орыс іздеу жүйесін жасаушы КРЮКОВ Дмитрий Витальевич дүниеге келді.