8 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 8 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

8 мамыр, СЕЙСЕНБІ

Бүкілдүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні. 1953 жылдан бастап, «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцар гуманисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Ал қозғалыстың өзі 1863 жылы Жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсететін болған. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ түстегі Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. Әскери уақытта Комитет соғысушы елдермен және Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай аумақтық бөлімшелері арасында делдалық қызмет атқарады. Бұл ұйымның өкілдері тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына бөгетсіз өту құқықтары бар. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі қозғалыс әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған зерде және татуласу күні. 2004 жылғы қарашаның 22-інде Бас Ассамблея мамырдың 8-і мен 9-ын зерде және татуласу күні деп жариялап, мүше-мемлекеттердің әрқайсысы өз жеңіс күні, азат етілген күні және мереке күнін белгілей алатынын мойындай отырып, барлық мүше-мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары құрметіне атап өтуге шақырды.

Дүниежүзілік әділетті сауда күні. Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде атап өтіледі, ал мамыр айы әділетті сауда айы деп есептеледі.

Бұл күн Дүниежүзілік әділетті сауда ұйымының (World Fair Trade Organization) басқаруымен өткізіледі, онда 70 мемлекеттен 350 өндіруші ұжымы әділетті сауда ұйымына қатысқаны туралы жариялайды.

Әділетті сауда - бұл таңбасы бар және таңбасы жоқ тауарларға байланысты халықаралық стандарттар мен қоғамдық саясатты пайдалануды жақтайтын қоғамдық қозғалыс. Дамымаған елдерден дамыған елдерге экспортталған тауарларға көп көңіл бөлінеді. Әділетті сауданың тауарлары мыналар: шәй, кофе, какао, банан, және де қол-өнер туындылары мен киім-кешек. Ең бастысы олар құлдық пен балалар еңбегін пайдаланбай өндірілуі керек.

Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

47 жыл бұрын (1965) Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

37 жыл бұрын (1975) Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалы ашылды. Сәулетшілері - Т.Бәсенов, Г.Сейдалин, В.Ким, мүсіншілері - В.Андрющенко, Р.Артимович. Жауға қарсы ұмтылған жауынгерлер бейнеленген мүсіндік композиция мемориалдың төріне орнатылған. Мүсіндік композиция алдындағы алаңға мәңгілік алау жағылып, оның екі қапталы ұзын гранит қорған-қабырғамен қоршалған. Қабырғада «Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқаста ерлікпен қаза болғандардың даңқы мәңгі арта берсін» деген жазу, ал екі босағасында «Даңқ кернейшісі» және «Ант» деп аталатын мүсіндік топтама бар. Мемориалға кіре берісте Ұлы Отан соғысындағы одақтас халықтардың қаны төгілген «қаһарман қалалардың» топырағы сақтаулы сандықтастар қойылған. 

19 жыл бұрын (1993) тәуелсіз қазақ мемлекеті тарихында алғаш рет Алматы қаласындағы Республика алаңында әскери шеру өтті.

5 жыл бұрын (2007) Семейде Жоғарғы Ертiс өзені пароход шаруашылығының қызметi туралы және барлық тарихи айғақтар мен мәлiметтер жиналған ерекше басылым жарық көрді. Кітаптың авторы - Ұлы Отан соғысының ардагері, пароход шаруашылығының қария қызметкері Николай Верещагин.

Мұндағы 1930-1990 жылдардағы пароход шаруашылығының құрылуынан бастап және оның қызметінің тоқталуына дейінгі қамтылған барлық деректер мұрағаттан алынған құжаттар мен суреттерге негізделген.

Кітап шығысқазақстандық су жолдары кәсіпорнының қолдауымен жарық көрді.

3 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында Памирдегі 1995 жылғы 7 сәуірдегі оқиға туралы әңгімелейтін «Қазбат» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы» 1992 жылғы 15 мамырдағы мемлекетаралық шартқа сәйкес ел басшылығы Қалайқұм қаласы аумағындағы тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын нығайту үшін Қазақстан Республикасының қосынды батальонының құрамында ІІМ Ішкі әскерлерінің қосынды ротасын жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Ауысымды кесте бойынша осы кезең ішінде Ішкі әскерлер жедел құрамының бөлімшелерінен 20 қосынды рота жасақталды. 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында Ішкі әскерлер моджахедтермен ұрыста 17 жауынгерінен айырылды. Боздақтар Отанның және ТМД елдерінің мүддесін қорғау жолында опат болды.

Деректі фильмнің авторы қоюшы режиссер Рустам Одинаев. «Қазбат» фильмі ұрысқа тікелей қатысқан жауынгерлердің және әр жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен әскери қызметшілердің естеліктері бойынша шынайы оқиғалардың негізінде жасалған.

Фильмнің таныстырылымы Жеңіс күні қарсаңында өтті, оның негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік тәрбие беру. Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

3 жыл бұрын (2009) елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді.

3 жыл бұрын (2009) «Жазушы» баспасынан Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісі реформаторының 100-жылдық мерейтойына арналған «Сафи Өтебаев» атты кітабы жарық көрді. Авторы - танымал журналист Нұрлыбек Сафин, Бақытжан Жұмалиева орыс тіліне тәржімалаған.

Сафи Өтебаев (1909-2007) - Қазақ ССР-нің ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ақтау, Атырау қалаларының және Атырау облысындағы Жылысой ауданының құрметті азаматы. Елімізде Кеңқияқ, Күлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ленин, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Отан», 2-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медалдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Сафи Өтебаев» кітабы «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясынан басып шығарылған.

3 жыл бұрын (2009) Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Жарлығымен еліміздің М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Толоконников Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының азаматы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Алексеевич Толоконниковтің театр және кинематография өнерін дамытуға, Қазақстан Республикасында орыс мәдениеті мен орыс тілін таратуға қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

126 жыл бұрын (1886) тегі Атланталық дәрігер Пемпертон мыс тегенеге тәтті әрі қою және кәдімгі шәрбатқа ұқсамайтын жаңа өнім қайнатқан еді. Бұл қазіргі «Кока-кола» сусынының  рецепті болатын.  Ол өзі өндірген осы ғажайып эликсир бас ауруына және де басқа да сырқат түрлеріне дәру болады деп ойлаған. Кейінірек осы жаңа өнімге газдалған су қосқан. 2000 жылы неміс Удо Поллмер мен Сюзанна Вармут, бүгінгі таңда дүниежүзіне танымал болған осы сусынның рецептін тапты. Шырынның 99,5 пайызын көмір қышқылды газды су, ал қалған 0,5 пайызын кола жапырағы, ваниль, кофеин және какао концентраты, шамалы лимон шырыны, мандарин қабығының тұнбасы, тропикалық май тамшысы мен мимоза ағашы тамырының сіріндісі (экстракт) құрайды.

ЕСІМДЕР

84 жыл бұрын (1928) химия ғылымының докторы, профессор ДАДАБАЕВ Әлімжан Жүсіпұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының аспирантурасын бітірген. 1952 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми жұмыстары түсті металлургия мәселелеріне арналған. Ол осы салада ион алмастырғыш, экстрациялы және электродиализді процестерді зерттеп, оның нәтижелерін Балқаш тау-кен металлургиялық, Өскемен титан-магний комбинаттарына енгізген. 30 авторлық куәлігі бар.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

72 жыл бұрын (1940) жазушы СӘМИТҰЛЫ Жақсылық дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасында туған. Шыңжаң университетін бітірген.

1995 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы болды.

Тұңғыш өлеңі «Алтай халқы» газетінде жарық көрді. «Атамекен», «Тау самалы», «Ақ тілек», «Ақ сәуле» повесть, әңгіме жинақтардың авторы.

«Атамекен» кітабына Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілген. Қазақстанда жазушының «Сергелдең» атты трилогиясы мен «Қытайдағы қазақтар» атты монографиясы басылып шықты.

96 жыл бұрын (1916-1973) Кеңес Одағының Батыры КӨБІКОВ Хамит Қожабергенұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысының Панфилов ауданында туған. Педагогикалық курс бітіргеннен кейін Панфилов ауданы ұжымшарында ұстаздық еткен. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1945 жылы қаңтардың 23-і күні Одер өзенін кесіп өтіп, жаудың минометтік батареясын, БТР-ін және бір взвод солдатының көзін жойып, атқыштар бөлімшесінің өзеннен еркін өтуіне жол ашқан. 1946 жылы әскер қатарынан босанып, Қазақстан КП ОК-і жанындағы партия мектебін бітірген. Өмірінің соңына дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

76 жыл бұрын (1936) қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі ЖОЛДАСБЕКОВ Мырзадан дүниеге келді.

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Мемлекеттік займдар және олардың халық шаруашылығын дамытудағы рөлі», тағы басқа кітаптардың авторы және «Қазақстандағы жинақтау ісінің тарихы» кітабы авторларының бірі. Еңбек жолын Мемлекеттік банктің Целиноград облыстық кеңсесінде инспектор болып бастап, республикалық банк мекемелерінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Зейнет демалына шыққанға дейін Алматы облыстық қазынашылық басқармасы бөлімінің бастығы болған.

Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1967)  Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы ОСПАНОВ Мұрат Мағауияұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Семей технологиялық институтының инженер-механик, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің - есеп және аудит бакалавры, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің - экономика магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған.
1986 -1988 жылдары Кеңес армиясының қатарында әскери міндетін өтеді.
Еңбек жолын мелиорация жүйесінде бастады. 1988-1991 жылдары «Казгипроводхоз» институтының жобалау бөлімінің технигі, өндірістік-техникалық бөлімінің инженері, «Семипалатинскмелиорация» ПСЭО ПМК-56 шебері болып еңбек етті.
1999-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді.
2002 жылы Семей қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
2004-2008 жылдары мемлекеттік сатып алу жөніндегі басқараманың бастығы, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды.
2008 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары.
2008 жылғы қазан - 2010 жылдар аралығында - Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы.
2010 жылғы қарашадан бастап - Павлодар облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болды.
2012 жылғы 23 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының лауазымына тағайындалды.

41 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы көік және коммуникация вице-министрі CКЛЯР Роман Васильевич дүниеге келді.

Палодар қаласында туған. Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Экибастузуглеавтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесарь, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген.

1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен.

2002-2003 жылдарында ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарлармен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған.

2003-2005 жылдарында Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары болып жұмыс істеген.

2006-2007 жылдары Астана қаласының әкім аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры болып еңбек еткен.

2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен.

2011 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған.

42 жыл бұрын (1970) Павлодар облысының Лебяжі ауданының әкімі ҚҰРМАНОВА Айзада Амангелдіқызы дүниеге келді.

Павлодар облысының Железин ауданы Абай ауылында дүниеге келген.

Білімі жоғары. 1992 жылы Павлодар педагогикалық институтын орыс тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман орта мектебінде бастады.

1996 по 1998 жылға дейін осы мектепте директордың  орынбасары, директор болып жұмыс істеді.

1998 жылдан 2002 жылға дейін Павлодар облысы Екібастұз қаласының № 10 жалпы білім беру орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып жұмыс істеді.

2002 жылдан қыркүйектен Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.

2007 жылғы қарашада Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды.

 

75 жыл бұрын (1937) «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер ӘШІМОВ Асаналы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туылған.

Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген, драма театрының актері. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры.

Бірнеше кітаптардың авторы.

«Ботагөз», «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда», «Ұшы-қиырсыз жол» «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және басқа да көптеген фильмдерге түскен. Театрда «Абай» спектаклінде Абай, «Еңлік-Кебекте» Кебек, «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ, « Қан мен терде» Еламан рөлдерін сомдады. Н.Гогольдің «Ревизорын», «Мүсіреповтің «Амангелді», Н.Оранбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» Ж.Аймауытовтың «Ақбілек»  спектакльдерін сахналады. «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» , «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерін түсірді.

1990 жылдан «Елім-ай» киностудиясының президенті.

«Отан» орденімен, М.В.Ломоносов, «Алтын қыран» ордендерімен марапатталған. КСРО және ҚР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.   

 

Соңғы жаңалықтар