8 мемлекет Израильді Трамптың Газа жөніндегі жоспарын орындамағаны үшін айыптады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия, Мысыр, Индонезия, Иордания, Пәкістан, Катар, Сауд Арабиясы және БАӘ сыртқы істер министрлері Израильдің АҚШ президенті Дональд Трамптың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2803 қарарымен мақұлданған Газа секторы бойынша жоспарын орындаудан бас тартуын айыптады. Бұл туралы Анадолу жазды.
Министрлер бірлескен мәлімдемеде Израильдің бұл ұстанымы жоспардың жүзеге асуына және әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігерге қауіп төндіретінін атап өтті.
Олардың пікірінше, жоспардан бас тарту Газа секторында және басқа да оккупацияланған Палестина аумақтарында бейбітшілік орнатуға бағытталған әрекеттерге кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті Израильге жүктейді.
Сыртқы істер министрлері Газа секторындағы соғысты тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және анклавты қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін жоспарды дереу әрі толық жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Дипломаттар әділ әрі тұрақты бейбітшілікке тек 1967 жылғы шекаралар негізінде екі мемлекет құру арқылы қол жеткізуге болатынын мәлімдеді. Бұл ретте астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құру қажеттігі айтылды.
Министрлер АҚШ-ты жоспардың орындалуын қамтамасыз етуге белсенді атсалысуды жалғастыруға шақырды. Сондай-ақ Бейбітшілік кеңесін жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерді жою үшін «шұғыл әрі нақты шаралар» қабылдауға үндеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қатардың Батыс жағалаудағы израильдік қоныстанушылардың палестиналықтарға шабуылын айыптағанын жаздық.