8 млн адам декларация тапсырмайды: министрлік жаңа Салық кодексі бойынша түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов декларация тапсырудан босатылатын азаматтардың санатына қатысты түсінік берді.

Атап айтқанда, қазақстандықтардың бір бөлігі, яғни 8 млн адам декларация тапсырудан босатылатыны осыған дейін айтылған еді.
- Бүгін Сенаттың жалпы отырысында жеке адамдар үшін декларация тапсырудың төртінші кезеңінен босату мәселесі қаралды. Дегенмен, цифрлық активтер бойынша декларация тапсыру сақталады, - деді Е. Біржанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі толық бекітілсе, 8 млн адам декларация тапсырмайды.
- Мұны неліктен жасадық? Мәселен, мекемелерде жұмыс істейтін адамдар кәсіпкерлікпен айналыспайды. Сонымен қатар, стипендия алатын студенттер мен жәрдемақы алатын адамдар бар. Осы санаттағы адамдар бойынша есептілік мен төленген салық туралы мәліметті жұмыс беруші мен өкілетті органдар ұсынады. Сондықтан осы санаттағы адамдардың деректері мемлекеттік базада көрініп тұр. Осы орайда оларға есептілік тапсыру керек емес деген шешімге келдік, - деді вице-министр.
Еске салсақ, былтыр күзде Қаржы министрі Мәди Такиев декларация тапсырудан босатылатын санатты атаған еді.
Алғашқы үш кезеңнің нәтижесінде, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірді. 2025 жылдан бастап декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер азаматтардың қалған санатында туындайды. Бұл - шамамен 8 миллион адам. Осыған байланысты, автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктерін ескере отырып, осы санаттағы 4-ші кезеңге кіретін азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырудан босату ұсынылды. Олар: жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалары.