8 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА 8 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 8 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
8 НАУРЫЗ, СЕНБІ Халықаралық әйелдер күні. Алғашқыда бұл мерекенің саяси маңызы болды. 1910 жылы Копенгагендегі әйел социалистердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері К. Цеткиннің ұсынысы бойынша наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. 1914 жылдан кейін көп елдерде нақ осы күн әйелдер мерекесі ретінде аталатын болды. Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.
Достастық күні. Бұл бұрын британдық монархты еркін ынтымақтық нышаны ретінде санап, Британ империясының құрамында болған келген тәуелсіз мемлекеттер қауымдастығының Халықаралық Ұлттар достастығы бiрлестiгі 54 ел-қатысушыларының жыл сайынғы мейрамы. Достастыққа Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка, Гана, Малайзия, Сингапур, Кипр, Нигерия, Сьерра-Леоне, Танзания, Ямайка, Тринидад және Тобаго, Уганда, Кения, Замбия, Камерун, Мозамбик, Намибия, Малави, Мальта, Гамбия, Ботсвана, Гайана, Лесото, Барбадос, Маврикий, Свазиленд, Науру, Тонга, Батыс Самоа, Фиджи, Бангладеш, Багам аралдары, Гренада, Папуа - Жаңа Гвинея, Сейшел аралдары, Соломон аралдары, Тувалу, Доминика, Сент-Люсия, Кирибати, Сент-Винсент және Гренадина, Зимбабве, Белиз, Антигуа және Барбуда, Мальдива Республикасы, Сент-Кристофер және Невис, Бруней, Вануату кіреді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 56 жыл бұрын (1958) 8 наурызда Қазақстан Республикасы Телерадиокешенінің дәуірі басталды. Осы күні Алматы студиясында алғашқы хабар эфирге шықты. Көп кешікпей студия ұдайы, апталық бес сағаттық хабар таратуға көшті. Одан кейінгі жылдары республиканың басқа да қалаларына, бүкіл Қазақстанға хабар таратыла бастады. Баспасөз бен киноның бай тәжірибесіне сүйене отырып, телеөнерге тән бірегей сапаны иелене отырып, теледидар әр үйге сеніммен кіріп, отбасының бір мүшесіне айналды. 60-шы жылдары негізінен футбол матчтарынан, концерттерден, мерекелік шерулерден тікелей хабарлар берілді. Қазақ телевизиясының бастауында көрнекті инженер Виктор Тюленев, Гүлжан Балпанбаева, радиотелеорталығының алғашқы директоры Рамазан Файзуллин және басқалары тұрды. Әрқашан да теледидар дикторлары оның айнасы сияқты болды. Қазақ теледидарының алғашқы дикторлары Нелли Омарова, Зұлқия Жұматова, Ләзиза Аймашева, Орынбала Оразбаева көрермендер құрметіне бөленді. Кейінірек олардың легіне Ласкер Сейітов, Мариам Айымбетова, Всеволод Иванов, Лидия Тельменко, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтебаев қосылды. Алғашқы эфирге шыға бастаған кезінен бастап, аптасына бес сағат хабар таратты. Одан кейін оның инфрақұрылымы дамып, техникалық мүмкіндіктері жақсара түсті. 1987 жылдың өзінде «Қазақстан» теледидары одақтық республикалар ішінде төртінші орынға шықты, ал көркем және деректі фильмдер шығарудан екінші орында болды. Бүгінде «Қазақстан» телеарнасы - елдің ірі медиаресурсы болып табылады. Техникалық жарақтандырылуы Қазақстан аумағын 100 пайызға дерлік қамтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қытай және Моңғолияның шекаралық аумағын қамтиды. 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Сонымен бірге, өз жобалары барлық хабар тарату көлемінің 87 пайызына жетті. 2012 жылғы 24 желтоқсанда «Қазақстан» ұлттық телеарнасы өз хабарларын «Қазмедиа орталығынан» тарата бастады. Медиаорталықтың барлық технологиялық алаңдарында «Sony», «Omneon», «Dalet», «Pharos», «Everts», «Apple», «Avid» сияқты әлемдік өндірісшілердің заманауи жабдықтары орнатылған. 6 жыл бұрын (2008) Павлодар облысы Лебяжі ауданы әкімінің ресми сайты жұмыс істей бастады. Сайтты пайдаланушы lebyazhye.pavlodar.gov.kz адресін аша отырып, ауданның тарихымен таныса алады, ауыл округтері, әкім аппаратының басшылары мен халықты қабылдау кестесі жайында ақпарат алуға болады. Онда сауал қою беті де бар. Тұрақты жаңартылып отыратын жаңалықтар беті Лебяжі ауданындағы оқиғалар жайында баяндайды. 5 жыл бұрын (2009) Бейжіңде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінде арабтың өрме жазуымен басылған «Еуразия жүрегінде» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 4 жыл бұрын (2010) Француздық режиссер Катрин Пеш қазақстандық алма туралы деректі фильм түсірді. Қазақ жерінде түсірілген бұл деректі фильмді ғылыми деп те айтуға болады. Картина авторының сөзіне сенсек, алмалардың 165 миллион жылдық тарихы бар. Олардың алғашқысы қазақ даласында, оның ішінде Тян-Шань тауларында пайда болған екен. Жабайы болғанымен жеуге жарамды алмамызды әлемге танытқан Сиеверси ғалымы болғандықтан, оның атауы да «сиеверси» алмасы деп аталып кеткен (Малюс Сиеверси). Қазір әлемде алманың 6 мыңдай түрі бар. Соның бәрі «Малюс сиеверсиден» тараған көрінеді. Алманың бұл түрін кейін белгілі академик Аймақ Жанғалиев жан-жақты зерттеген. К.Пеш өз фильмінде алмалардың атасы болып табылатын қазақ алмалары Еуропаға қалай түскенін анықтауға тырысқан. Оның пікірінше, олар жануарлар мен адамдар арқылы, әсіресе «Жібек Жолы» арқылы тасымалданған. Сондай-ақ А.Македонскийден бастап, сол кездегі басқа да қолбасшылар катапульта ретінде алмаларды қолданғандықтан, оларға деген сұраныс жоғары болған. 94 жыл бұрын (1920) Сирия мемлекеті Түркиядан тәуелсіздігін алды. Мемлекет басшысы болып әмір Фейсал сайланды. 49 жыл бұрын (1965) АҚШ-тың құрлықтағы әскерлері Оңтүстік Вьетнамға келіп түсті. 49 жыл бұрын (1965) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз демалыс күні болып жарияланды.
3 жыл бұрын (2011) Алматыда «Нұр» көркемсурет галереясында ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жаңа дәуір» көрмесі ашылды.
1 жыл бұрын (2013) ҚР тұңғыш Президенті мұражайында Астанада «Шахмат әлемі» көрмесі ашылды.
ЕСІМДЕР 113 жыл бұрын (1901-1966) әнші, композитор, күйші, актер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының ең алғашқы мүшелерінің бірі ЕРЖАНОВ Манарбек дүниеге келді. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Оны музыка әлеміне жетелеп, оның әсем сазын көкірегіне ұялата білген ұстазы - әнші әрі күйші Күсенбай. Бұдан кейін Манарбектің әншілік шеберлігін ұштауда Шашубай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаев игі әсер етті. 16-17 жасында-ақ ол Біржан сал, Ақан сері, Естай, Шашубай әндерін айтып, ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, ел ауызына іліккен. 1928 жылы Қазақ драма театрына (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) қабылданып, алғашқы актерлерінің бірі болды және осы театрда қойылған спектакльдерде ойнап сан қырлы бейнелерді сомдады. 1931-1932 жылдары Риддердегі жұмысшы жастар театрында қызмет етті. 1934 жылдан Алматы музыка театрында (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) өнер көрсетті. И.Коцыктың «Айман - Шолпан» спектакліндегі Жарас, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайындағы» Әзім, Мұқан Төлебаевтың «Біржан - Сарасындағы» Естай, т.б. рөлдері оның әншілік әрі әртістік талантын кең танытып, даңққа бөледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Е.Брусиловскийдің опералары - «Қыз Жібектегі» Шегенің, «Ер Тарғындағы» Сақанның, «Жалбырдағы» Елеместің рөлін ойнап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. 1953 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ филармониясында жеке орындаушы болып, халықтың ән өнеріде кең орын алатын терме, желдірмелерді, кең тыныстағы әндерді нақышына келтіре орындап, ұлттық өнердегі Арқа ән дәстүрінде өз мектебін қалыптастырды. Оның «Жетісу», «Астанада», «Батыр жорығы», «Күсенбай», «Өрнек», «Аққу көлі», атты күйлері, хорға арналған «Партизан жорығы», «Жастар тойы», «Жастар әні», «Бейбітшілік маршы» атты шығармалары, «Паравоз», «Амангелді», «Бақыт жыры», «Шегенің термесі», т.б. әндері бар. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», ордендерімен, медальдармен марапатталған. 100 жыл бұрын (1914-1998) әнші, Қазақстанның халық әртісі ЖҰБАТОВА Зәбира Қыдырәліқызы дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. 1933-1968 жылдары Қарағанды облыстық радиокомитеті жанындағы қазақ хоры тобының әншісі, облыстық филармонияның әншісі болды. Ұлы Отан соғысы жылдары концерттік бригада құрамында майдандағы жауынгерлер алдында өнер көрсетті. 95 жыл бұрын (1919-2006) актриса, Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының иегері ӨМІРЗАҚОВА Әмина Ерғожақызы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Санкт-Петербор сахна өнері техникумының Қазақ студиясын бітірген. 1938-1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының труппасында, ал 1942-1949 жылдары «Казақфильм» студиясында қызмет атқарды. 1949 жылдан Қазақ академиялық жастар мен балалар театрының актрисасы болды. Оның ойнаған рөлдері қатарында Баян (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Луиза (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Смерильдина (К.Гольдоний «Екі мырзаға бір қызметкер»), Шәуәли (М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин»), Қалампыр шешей (Ш.Уәлиханов «Тағдыр»), Глумова (А.Островский «Адам аласы ішінде»), т.б. бар. 1942 жылдан киноға түсіп, Ажар («Абай әні»), Мұғалима («Қанатты сыйлық»), Айша («Бір аудан»), Ана («Ана туралы аңыз», 1964 жылы Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен жарыс-байқауының 1-ші сыйлығы; 1966 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы), Тана («Тақиялы періште», Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-ші кино өнері жарыс-байқауының сыйлығы), т.б. бейнелерді сомдаған. «Отан», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1999) филология ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БОЛҒАНБАЕВ Әсет дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Қарқаралы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1952 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ лексикологиясы мен лексикографиясына арналған. Оның «Қазақ тіліндегі синонимдер», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілі лексикологиясы» атты еңбектері бар. Сонымен қатар «Абай тілі сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» еңбектерін жасаушылардың бірі. 79 жыл бұрын (1935-2005) актер, Қарақалпақстанның және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі МЕДЕТБАЕВ Жұмабай дүниеге келді. Қарақалпақстан Қыпшақ ауданында туған. Ташкент мемлекеттік театр көркемсурет институтын, Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болған. Театр сахнасында Кебек, Шуақ, Әлібек, Маман, Асан, (М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Айман - Шолпан», «Қарагөз»), Төлеген (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек»), Ознобин (Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер»), Барақ (Т.Ахтановтың «Ант»), Орынбай, Ғайни (С.Ахмедтің «Келіндер көтерілісі», «Күйеу») рөлдерін сомдады. Медетбаев көп сериялы «Қымызхана» телеойынына қатысып, радио, телевизия хабарларында ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға ат салысты. Домбырамен терме айтып, жыраулық өнерімен де танылды. Медетбаевтың орындауында «Қамбар батыр» жыры күйтабаққа жазылды. 1970 жылдан киноға түсіп, Әубәкір («Құрманғазы»), Орынбай («Ебелек»), Қапан («Ақырғы аманат») рөлдерін орындаған. 68 жыл бұрын (1946) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, 1975 жылдан - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының меңгерушісі МАШУРОВА Рахилям Абдрахманқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Құрманғазы атындағы Апматы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетін бітірген (1969), актриса. Профессор. ¥йғыр, қазақ және орыс тілдерін біледі. 1968 жылдан бері - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актриса. 1975 жылдан- Т. Жүргеноватындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Актер және режиссура шеберлігі» кафедрасының дәріскері, кафедра меңгерушісі. «Ревизор» (Анна Андреевна), «Күйөуіңізді сатыңызшы» (Елена), «Өмірзая» (Ирма), «Ат жылаған түн» (Бригадир), «Құдалар» (Хадиша), «Сағыныш пен елес» (Анар), «Бәкей қыз» (Жамал), «Қара кемпір» (Қали) және басқа спектакльдерде ойнайды. «Қырғызфильм» киностудиясының «Қасқырдың ұлуы» (Гүлімхан); «Өзбекфильм» киностудиясының «Нәзігім» (Айымхан); «Қазақфильм» киностудиясының «Қазақи оқиға» (Маржан), «Сатай-фильм» киностудиясының «Рэкетир» (Ана) кинофильмдеріне түскен. Режиссерлік-қойылымдық жұмыстары: Ж. Файзи, «Башмақтар»; Ғ. Мүсірепов, «Қыз Жібек»; А.П. Чехов, «ұсыныс»; В.А. Моцарт, «Фигароның тойы»; М. Әуезов, «Еңлік-Кебек»; Ф. Эрве, «Мадемуазель Нитуш»; О. Алексеевич, «Цинковые мальчики»; Е. Брусиловский, «Біржан - Сара»; Ш. Құдайбергенұлы, «Тағдыр». Қазақ театр қоғамының мүшесі. «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» белгісімен марапатталған. «Театр көктемі-95» театрлық конкурсының лауреаты. ҚР Еңбек сіңірген әртісі. 65 жыл бұрын (1949) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ДОСМҰХАМБЕТОВ Темірхан Мыңайдарұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған. 1985-1996 жылдары «Еңбек резервтері» ерікті спорт қоғамы Қазақ республикалық кеңесінің төрағасы, «Интурист-Қазақстан» ұлттық компаниясының бас директоры, «Яссауи» мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті болды. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Туризм және спорт департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Туризм және спорт комитетінің төрағасы. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы. 2003-2004 жылдары - Астана қаласының әкімі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы. 2006 жлғы наурздан 2011 жылғы 10 сәуірге дейін - ҚР туризм және спорт министрі. 2012 жылғы 15 қаңтарда өткен Парламенттің төменгі палатасының сайлауында «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. II дәрежелі «Барыс» және «Ресей Федерациясы халықтарының достығы» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің екі грамотасымен марапатталған. 63 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Ішкі қызмет полковнигі СТАМҚҰЛОВ Ұбайдолла Мырзағалиұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атныдағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген. 1968-1974 жылдары - Леңгір аудандық халық сотының хатшысы. 1974-1979 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы. 1979-1982 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты. 1982-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінің аға оқытушысы, азаматтық құқық және процесс кафедрасының бастығы, бастығының орынбасары, оқу жұмыстары жөніндегі бірінші орынбасары. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің Қарағанды жоғары мектебінің бастығы. 1997-1999 жылдары - ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебінің бастығы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды заң институтының бастығы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің консультанты, құқық тәртібі органдары секторының меңгерушісі, қорғаныс және құқық тәртібі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі қызметтерін атқарған. 2005 жылдың наурызынан бастап - қазіргі қызметінде. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астана» медальдарымен марапатталған. 55 жыл бұрын (1959) Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары ТҰРҒАНОВ Дүйсенбай Нұрбайұлы дүниеге келді. Гурьев облысы Мақат ауданы Байшонас кентінде туды. Алматы энергетика институтын және Мәскеудегі Бүкілодақтық қаржы-экономикалық институтын тәмәмдады. Инженер-электрик және экономист мамандықтары бар, техника ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын электр жөндеуші болып бастап, одан кейін шебер, электр-жөндеу цехының бастығы, цех бастығының орынбасары, «Оңтүстік-Шығыс» кенішінің бас энергетигі, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің электрмен қамту цехының бастығы, жылумен қамту басқармасының бастығы, Жамбыл облысындағы «Қаратау» АҚ бас энергетигі қызметінде болды. 1993-1994 жылдар аралығында - Қаратау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорыны бірлестігінің бас директоры. 1993-1994 жылдар аралығында - Қаратау қалалық әкімшілік басшысының орынбасары, Қаратау қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі. 1999-2002 жылдар аралығында - Атырау қаласының әкімі. 2002 жылдан 2007 жыл аралығында - «Каспийқұрылыссервис» ЖШС президенті, «КЕГОК» ААҚ вице-президенті. 2007 жылдан 2011 жыл аралығында - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің вице-министрі, кейін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. 2011 жылдан 2012 жылға дейін «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті. 2012 жылғы 15 ақпаннан бастап Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.»Құрмет» орденімен, «Астана», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. ТМД, ҚР және украина еңбек сіңірген энергетигі. 53 жыл бұрын (1961) Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы БҰҚТЫҒҰТОВ Шәкәрім Сабырұлы дүниеге келді. Көкшетау қаласында туған. Өскемен жол құрылысы институтын (қазіргі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1988 жылдары - «Өскеменжабдықтау» басқармасының дәнекершісі, бас механигі. 1988-1993 жылдары - «Шығысқазметаллжабдықөткізу» басқармасының бас инженері, «Шығысқазбасжабдықтау» өндірістік техникалық бөлімінің бастығы, «Шығысқазпромоптторг» кәсіпорнының директоры, «Шығысбасжабдықтау» бастығының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Шығыс Қазақстан өндірістік бірлестігінің сусын өндіру жөніндегі бас директоры. 1995-1997 жылдары - «Әділ» АҚ-ның президенті. 1997-2002 жылдары - Өскемен қаласы әкімінің орынбасары. 2002-2006 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі. 2006-2007 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы бойынша монополияға қарсы басқармасының бастығы. 2007-2008 жылдары - Өскемен қаласының әкімі. 2009 жылдың шілдесінен бастап - қазіргі қызметінде. 44 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Испания корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік туристік ұйымындағы тұрақты өкілі міндетін қоса атқарушы ДҮЙСЕНБАЕВ Бақыт Амангелдіұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігінің бірінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа басқармасының бастығы, Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары; ҚР-ның Испаниядағы елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-елшісі; ҚР СІМ Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары болды. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері. 134 жыл бұрын (1880-1965) итальян меценаты, академиялық музыканың қамқоршысы Гвидо Киджи САРАЧИНИ дүниеге келді. 92 жыл бұрын (1922-2003) кеңестік актер, режиссер, сценарист, КСРО халық әртісі МАТВЕЕВ Евгений Семенович дүниеге келді. 77 жыл бұрын (1937-1994) Руанда Республикасының 1973-1994 жылдардағы президенті Жювеналь ХАБИАРИМАНА дүниеге келді. 67 жыл бұрын (1947) танымал испандық спорт шенеунігі, «Реал Мадрид» футбол және баскетбол клубының президенті Флорентино ПЕРЕС дүниеге келді.