Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

8 шілде — Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери медицинасы күні

АСТАНА. KAZINFORM — 1992 жылғы 8 шілдеде Қарулы Күштер Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылды. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның әскери медицина жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауына айналды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

8 шілде — Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери медицинасы күні
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгінде әскери-медициналық қызмет мамандары әскерлердің жауынгерлік даярлығын, оқу-жаттығуларды, жұмылдыру жиындарын және Қарулы Күштердің басқа да іс-шараларын медициналық қамтамасыз етеді, сондай-ақ елімізден тыс жерлерде де өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Қазақстандық бітімгерлік контингент құрамында Голан жотасында әскери дәрігерлер әскери қызметшілерге, қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға да медициналық көмек көрсетіп келеді.

Бүгінде әскери медицина жыл санап дамып келеді. Оның құрамына сегіз әскери госпиталь, төрт лазарет, Орталық әскери-дәрігерлік комиссия, санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер және медициналық білім беру ұйымдары кіреді.

8 шілде — Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери медицинасы күні
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери медицина инфрақұрылымын жандандыруға да бүгінгі күні баса мән берілген. 2024 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі базасында ауыр сырқаттар мен жарақаттардан кейін әскери қызметшілерді оңалтуға арналған бөлімше ашылды. Астана мен Алматы қалаларындағы әскери госпитальдарды реконструкциялау және техникалық жаңғырту жұмыстары жалғасуда, Семей қаласындағы әскери госпитальға күрделі жөндеу жүргізу аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақтау қаласында әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Алматы қаласында Әскери медицина академиясын құру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары олар заманауи диагностикалық және хирургиялық жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томографтармен, цифрлық рентгенологиялық кешендермен, ультрадыбыстық диагностика аппараттарымен және эндоскопиялық жүйелермен жабдықталып жатыр.

8 шілде — Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери медицинасы күні
Фото: Қорғаныс министрлігі

Білікті кадрлар даярлау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Әскери дәрігерлер еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен бірлесіп даярланады. Қазіргі уақытта әскери-медициналық мамандықтар бойынша 130-дан астам курсант пен әскери интерн білім алып жатыр. Болашақ әскери дәрігерлер шетелдік оқу орындарында да білім алады. Жыл сайын шамамен 1300 маман біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тактикалық медицина бағдарламалары бойынша оқытылады.

8 шілде — Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери медицинасы күні
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде мыңдаған әскери қызметші стационарлық ем алады. Тәжірибелі әскери дәрігерлер жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп, күрделі хирургиялық операциялар да жасайды.
Әскери дәрігердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Дегенмен әскери қызметшілердің денсаулығы, адам өмірін сақтау және Қарулы Күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету олардың кәсібилігіне, жауапкершілігіне және кез келген сәтте көмек көрсетуге дайындығына тікелей байланысты.

Осыдан бұрын Қазақстан десантшылары 26 жылдық белесті бағындырғанын жазған едік.