8 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 8 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
8 тамыз, ЖҰМА Халықаралық альпинистер күні. 1786 жылы дәл осы күні ең биік шың - Альпі шыңы бағындырылды. Швейцариялық дәрігер Мишелю-Габриэль Паккард (Michel Gabriel Paccard, 1757-1827) пен тау серігі Жак Бальма (Jacques Balmat, 1762-1834) 1786 жылдың 8 тамызында ең бірінші болып теңіз деңгейінен 4810 метр биіктіктегі Монблан шыңы - Альпі тауының ең жоғарғвы нүктесіне шықты. Аугсбургте Бейбітшілік күні. Бұл елдің бір қаласының бүкіл әлемге белгілі жалғыз ресми мемлекеттік мерекесі. Бұл мереке Германиядағы Бавария федералды жеріндегі Аугсбург қаласына тиесілі. 1650 жылдан бастып Аугсбургтегі Бейбітшілік күні немесе Бейбітшілік фестивалі жыл сайын 8 тамыз күні атап өтіледі. Ал 1950 жылдан бері мемлекеттік мереке, осы жылдан бастап бұл күн Аугсбург қаласындағы барлық кіші және ірі кәсіпорындардың мемлекеттік мерекесі болды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 16 жыл бұрын (1998) Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің бас алаңында қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың мүсіні салтанаты жағдайда ашылды. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, публицист, ориенталист, фольклоршы, әдебиет зерттеушісі, этнограф, саяхатшы-географ, демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Абылай ханның шөбересі. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтында Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Экономика институтының директоры Оразәлі Сәбденге Ресей мен Қазақстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық саласын күшейткен зор еңбегі үшін Ломоносов ордені тапсырылды. Аталмыш шараға белгілі Қазақстанның және Ресейдің ғалымдары, экономистері қатысты. Ломоносов орденін 2000 жылы Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі бекіткен. Қауiпсiздiк, қорғаныс және құқықтық тәртiп мәселелерi академиясы жанындағы Ұлттық қоғамдық сыйлықтар комитетi тапсырады. Мемлекеттiк, өндiрiстiк, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік, мәдениет, ғылым саласындағы қоғамдық және қайырымдылық қызметінің, әдебиет және өнердегі зор еңбектері үшін марапатталады. 344 жыл бұрын (1672) голландықтар Нью-Йоркты басып алып, оны Жаңа Оранж деп атады. 231 жыл бұрын (1783) ІІ Екатерина А.Суворовты Ұлы Владимир орденімен марапттады. 115 жыл бұрын (1899) американдық өнертапқыш Альберт Маршалл тоңазытқышты патенттеді. Олар негізінен бөлек сатып алынған мұздың есебінен жұмыс істеді. Алғашқы отбасылық тоңазытқыштарға ағаштар, көмірлер мен керосин көп пайдаланылды. 1911 жылы «Дженерал электрик» фирмасы анағұрлым заманауи тоңазытқыштарды шығара бастады. Дегенмен олар газда жұмыс істегеннен кейін қатты гуілдеп, жаман иіс шығаратын болды. Бұл оның басты кемшілігі болды. 926 жылы дат инженері Стиндруп шуылсыз және иісі жоқ тоңазытқышты ойлап шығарды. Осыдан кейін бұл тоңазытқыш Америкада тез арада ең қажетті тұрмыстық құралға айналды. Шыны керек, алғашқы тоңазытқыштар «Форд» көлігінен екі есе қымбат тұрды. Оларды «тұрмыстық суық фабрика» деп атады. КСРО-да алғашқы тоңазытқыштар 1937 жылы Харьков трактор зауытында пайда болды. Ал олардың жаппай шығарылымы тек 1960 жылдары ғана игерілді. 95 жыл бұрын (1919) үшінші ағылшын-ауған соғысы аяқталды. Пәкістанның Равальпинди қаласында бейбітшілік келісімге қол қойылды. 65 жыл бұрын (1949) Страсбургте Еуропа кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. 59 жыл бұрын (1955) Мысыр КСРО мен Румынияға мұнайдың орнына мақтаны жеткізіп тұруға міндеттеме алды. 48 жыл бұрын (1966) Қытайда мәдени революцияның басталғандығы туралы жарияланды. 14 жыл бұрын (2000) Ұлыбритания, АҚШ және Италияның ғалымдары адамды клондау бойынша тәжірибелердің басталғандығы туралы ресми мәлімдеді. 6 жыл бұрын (2008) Бейжіңде ХХІХ Олимпиада ойындарының ашылуы өтті. ЕСІМДЕР 120 жыл бұрын (1894-1941) тарихшы, Қазақстан, Орта Азия және Башқұртстан тарихының маманы ЧУЛОШНИКОВ Александр Петрович дүниеге келді. Ол 1919-1921 жылдары Орынбордағы Қазақ институтында дәріс беріп, Қырғыз (қазақ) әскери комиссариаты штабындағы тарихи-статистика бөлімін басқарды. «Басқа да түркі тайпаларымен тағдыры бір қазақ-қырғыз тарихы жөніндегі очерктер» атты үлкен монографиялық еңбек жазды. Онда қазақтардың 18 ғасырға дейінгі тарихы, шежіресі, феодалдық меншіктің дамуы, қазақтардың Пугачев көтерілісіне қатысуы, 1916 жылғы көтеріліс туралы толық жазылған. Шығарма кезінде әділ бағасын алды және әлі де өз құндылығын жойған жоқ. А.Чулошников «Қазақ КСР тарихы бойынша материалдар. 1758-1828 жж.» құжаттар жинағының кеесшісі болды. 84 жыл бұрын (1930-2005) тіл білімінің маманы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент МУСИН Жағыпар Мұсаұлы дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1954-1955 жылдары - Қызылжар қалалық оқытушылар институтының оқытушысы. 1955-1959 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының әдіскері. 1959-1962 жылдары - «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері. 1962 жылдан бастап Көкшетау педагогикалық институтының (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті) аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - лексика мен түркітануға арналған. 70 жыл бұрын (1948) кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ӘКІМОВ Дінмұхамед Тілеулесұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында туған. «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы актерлік студияны және Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. Кинода 100-ге жуық рөлде ойнаған. Ол «Қош бол, Медеу!», «Адамды қарсы алыңдар», «Ауылым Алатаудың баурайында», «Сұлтан Бейбарыс», «Қайсар», «Отырардың күйреуі» фильмдеріне түскен. Алыс-жақын шетел фильмдеріне де түскен. Қазір режиссурамен және кинопродюсерлік қызметпен шұғылданады.
68 жыл бұрын (1946) әділет генерал-майоры ТАСМАҒАМБЕТОВ Сағитжан Досымұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысының Ембі қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген (1969), заңгер. 1963 жылдан - Ақтөбе облысының Қандыағаш дистанциясының 2-ші дәрежелі жұмысшысы. 1964 жылдан - Ембі қаласындағы №462 мектептің меңгерушісі. 1965 жылдан - Алматы қаласындағы №1 Автожөндеу зауытының 2-ші дәрежелі ұстасы. 1966 жылдан - Алматы қаласындағы Киров атындағы зауытта токарьдің шәкірті. 1967 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті. 1969 жылдан - Алматы облыстық атқару комитетінің ІІБ ММТСҚК инспекторы, аға инспекторы. 1970 жылдың шілде айынан - Қазақстан КП Калинин аудандық комитеті «Білім» қоғамының хатшысы. 1970 жылдың желтоқсан айынан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1971 жылдан - Алматы облыстық атқару комитетінің ІІБ СТЖ бөлімінің нұсқаушысы. 1972 жылдан - КСРО ІІМ Алматы орта арнайы милиция мектебінде курс бастығының орынбасары. 1973 жылдан - №90344 ә/б әскери трибуналының аға хатшысы (Камчаткадағы Петропавловск қаласы). 1976 жылдан - Солтүстік Осетин АКСР Орджоникидзе гарнизоны әскери трибуналының мүшесі. 1981 жылдан - Волгоград гарнизоны әскери трибунал терағасының орынбасары. 1984 жылдан - Тынды гарнизоны әскери трибуналының терағасы (БАМ). 1989 жылдан - оңтүстік әскер тобы әскери трибуналының мүшесі (Будапешт қаласы). 1991 жылдан - Ташкент гарнизоны әскери трибуналының төрағасы. 1992 жылдың ақпан айынан - ҚР Мемлекеттік қорғаныс комитеті істер басқармасының бастығы. 1992 жылдың маусым айынан - ҚР Жоғарғы сотының әскери істер жөніндегі сот алқасының терағасы. 2001 жылдан - ҚР Жоғарғы сотының судьясы. 2007 жылдың наурыз айынан 2010 жылға дейін - ҚР Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, Қазақстан Заңгерлер қауымдастығының вице-президенті. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комитеттің мүшесі. «Құрмет» орденімен (2006); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтой медалімен (2005) марапатталған. Запастағы әділет генерал-майоры. 53 жыл бұрын (1961) шахматшы, гроссмейстер, КСРО спорт шебері ТЕМІРБАЕВ Серікбай Біләлұлы дүниге келді. Ақмола облысы Көкшетау қаласының тумасы. Қазақстанның алты дүркін чемпионы (1985-1986, 1988, 1993, 1995-1996), Азия чемпионы (1993), күміс жүлдегер (1995). 1992-2004 жылдары Олимпиадаға қатысты. 1992 жылы әлемдік шахмат олимпиадасында үшінші орын алды (1992, Манила, Филиппины). Көкшетауда С.Темірбаев атындағы шахмат мектебі ашылды. Қазақстан Республикасы шахмат федерациясының вице-президенті, жаттықтырушылар президиумының төрағасы болып табылады. 34 жыл бұрын (1980) спорт шебері, Қазақстанның теннистен абсолюттік чемпионы, КЕДРЮК Алексей Александрович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. 2000 жылы Тбилисиде өткен Халықаралық турнирдің, 2003 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президенті Кубогының жеңімпазы атанған. Бірнеше рет Қазақстанның теннистен өткен біріншіліктерінің чемпионы болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі. 139 жыл бұрын (1875-1955) бразилиялық мемлекет қайраткері, Бразилияның 1922-1926 жылдардағы он екінші президенті Артур да Силва БЕРНАРДИС дүниеге келді. 71 жыл бұрын (1943) кеңестік және ресейлік кинорежиссер, теле және радиожүргізуші, «Ника» сыйлығының негізін қалаушы ГУСМАН Юлий Соломонович дүниеге келді.