«80-100 пайызға жетеміз» - министр қантпен ішкі қамту жайлы сенсациялық болжам айтты

АСТАНА. KAZINFORM –  Елімізде қантпен ішкі қамту 80-100 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Сахар Қант
Фото: Kazinform

— Бұрын қант қызылшасынан 10 пайызға жуық (еліміздегі ішкі сұраныстың – ред.) қант өндіретінбіз. Былтыр қант қызылшасының шығымы рекордтық көрсеткіш көрсетіп, 1,3 млн тоннаға жетті. Қазір 21 пайызға қантты (тағы да ішкі сұраныстың көлемін айтып отыр – ред.) өзіміз өндіріп отырмыз, 128 мың тонна қант шығарылды. Жалпы бізде зауыттар ескі. Төрт зауытымыз бар. Үшеуі қант қызылшасын, біреуі қант құрағымен жұмыс істейді. Үшеуінің биыл жүктемесі өте ауыр болды. Шынын айту керек, қант қызылшасының шығымы соншалықты болады деп ешкім ойлаған жоқ. Кезінде шаруашылықтар «соншама қант қызылшасын шығармайды» деп айтушы еді. Үкімет бөлген қаражаттың, технологияның арқасында осыншама өнім шықты, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министр елімізде араб инвесторлары қант өндіретін зауыт салғалы жатқанын айтты.

— Кеше ғана арабтармен келісімге қол қойылды. Олар қант қызылшасы зауытын саламыз деп отыр. Сол зауыт салынып, одан басқа төрт зауытты реконструкциялап, өнім шығаруды кеңейтсек, қолдау болады, - деді Айдарбек Сапаров.

Сөз соңында АШМ басшысы еліміздегі 4 зауыт жөнделіп болғасын және жаңа қант зауыты салынған соң ішкі қамту 80-100 пайызға жететінін атап өтті.

Осыған дейін елде алғаш рет тыңайтқыш қолдану көрсеткіші 1,9 млн тоннаға жеткізілетіні туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар