80 жасында 42 шақырымды жүгіріп өтті: Нью-Йорк марафонына қатысқан ақсақал елге оралды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық әуежайында 5 қарашаға ауған түні жүгіруден Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанған Салтанат Түйтебаев елге оралды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

80 жасында 42 шақырымды жүгіріп өтті: Нью-Йорк марафонына қатысқан ақсақал елге оралды
Фото: Астана әкімдігі

Көпке үлгі, жүгіруді күнделікті әдетіне айналдырған атамызды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, туған-туыстары құшақ жая қарсы алды.

— Әлемде ең беделді саналатын 6 марафон бар. Олар Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио қалаларында өтеді. Бұл бәсекеге тек жарна төлеп қана қатыса алмайсың. Арнайы уақыт нормативін орындауға тиіссің. Мен Амстердамдағы трассада белгілі бір уақыт көрсеткішін тіркеп, Нью-Йорк марафонына қатысуға өтініш жібергенмін. Биыл 200 мың үміткер арасынан шақырту алдым. Өз карьерамда екінші мәрте Нью-Йорк марафонында жүгіру бақыты бұйырды, — деді Салтанат Түйтебаев.

80 жасында 42 шақырымды жүгіріп өтті: Нью-Йорк марафонына қатысқан ақсақал елге оралды
Фото: Астана әкімдігі

80 жастағы атамыз бұған дейін 2021 жылы да Нью-Йорк марафонына қатысып, 75-79 жас санатында күміс жүлде алған еді. Міне, араға 4 жыл салып, ол 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтті. Осы нәтиженің арқасында атамыз 80-89 жас санатында топ жарды.

— 2021 жылы әлемде пандемия болғанықтан, Нью-Йорк марафонына 30 мыңдай адамға қатысуға рұқсат беріліп еді. Осы жолы 55 мың адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен, рекордсмендермен бірге жүгіру — үлкен мәртебе. Трасса өте ауыр болса да, жол бойы 2 млн-нан астам жанкүйер қызу қолдады, — деп Салтанат Түйтебаев атамыз биылғы жарыстың ерекшелігін атап өтті.

Жалпы 2025 жылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысты.

Ал New York Marathon жүгірісінде ең егде қатысушы болып Жапониядан барған Коичи Китабатаке танылды. 91 жастағы қатысушы марафон қашықтығын 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсерген.  

Соңғы жаңалықтар