80 жастағы астаналық марафоншы жарақатына қарамастан Кейптаунда мәреге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Африка астанасы Кейптаунда өткен халықаралық марафонда бақ сынап, жарақат алса да, 42 шақырымдық қашықтықты соңына дейін бағындырған 80 жастағы астаналық спорт ардагері Салтанат Түйтебаев елге оралды.
26 мамыр күні кешке Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында спортшыны қарсы алуға жиналғандардың қарасы қалың. Жақындары, спорт қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ардагерге гүл шоқтарын ұсынып, оның қажымас қайратына, спортқа деген адалдығына тәнті болғандарын жеткізді.
Ардагер спортшы жүгіру жолының 11-шақырымында аяғын жарақаттап алғанын айтып, дода кезіндегі қиындықтар туралы айтып берді.
— Жүгіру жолының 11-шақырымында аяғымды жарақаттап алдым. Соған қарамастан, бойдағы бар күшімді салып, мәреге жетуді көздедім. Әлем бойынша «80 жастан жоғары» санатта небары 10 адам жиналған екен. Бастаған істі шала қалдыруға болмайтындықтан, қалай да соңына дейін жету мен үшін намыс еді. Еріктілерге «егер өздігімнен жүре алмай қалсам ғана мені жолдан алып кетіңіздер, әйтпесе тоқтамаймын» — деп ескерттім, — дейді марафоншы.
Кейптаундағы халықаралық марафонда астаналық қария әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықтылармен иық тіресе жүгіріп, 42,2 шақырымдық классикалық қашықтықты толық жүріп өтті. Жарыс ортасында алған жарақаты болса да, жеңіске деген ұмтылысының арқасында мәре сызығын қиды.
Бұл Салтанат Түйтебаевтың халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жетістігі емес. Ол 2025 жылы Нью-Йорк марафонында 80–89 жас аралығындағы желаяқтар арасында 4 сағат 45 минуттық нәтижемен бас жүлдені иеленген. Ал оған дейін 2021 жылы 75–79 жас санатында күміс жүлдегер атанған.
Марафоншының айтуынша, жас ерекшелігі алға ұмтылуға ешқашан кедергі болмауы тиіс. Ал халықаралық жарыстарға қатысу — ол үшін өзін тағы бір сынап көрудің және өскелең ұрпаққа үлгі көрсетудің таптырмас мүмкіндігі.
Айта кетейік, бұған дейін, Лондон марафонында бір жарыста үш спортшы әлем рекордын жаңартқанын хабарлаған едік.