80 жыл некеде болған жұбайларға арнайы сыйлық тағайындалды

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - 80 жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрген американдық жұпқа арнайы сыйлық тағайындалды, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.

80  жыл некеде болған жұбайларға арнайы сыйлық тағайындалды

97 жастағы Энн Битар мен оның 101 жастағы жұбайы Джон Битарға құрметті ерекшелік белгісі және басқа да сыйлықтарды ең берік отбасын таңдаған Worldwide Marriage Encounter ұйымы тапсырады.

Бұл таңдауға ұзақ уақыт бойы некеде тұрған отбасының туыстары кеңес берген. Коннектикут қаласының ең байырғы отбасын марапаттау салтанаты алдағы сенбі күні 9 ақпанда өтеді.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар бір-біріне жастайынан ғашық болған, бірақ үйленуге асықпаған. Алайда Энн-нің әкесі қызын басқа біреуге тұрмысқа бермекші болады. Олар қол ұстасып, Нью-Йоркке қашып келіп паналап, 1932 жылғы 25 қарашада некеге тұрған. Битарлардың отбасында бес бала дүниеге келген, қазір олардың 14 немересі мен 16 шөбересі бар.

Олар бірнеше қарапайым қағидамен өмір сүрген: өмірге құштар болып, барға қанағат тұтқан және отбасы беріктігіне сызат түсірмеген. «Біз әр немереміз бен шөбереміздің өмірге келгеніне қуанамыз. Солар үшін өмір сүреміз», дейді бақытты отбасы иелері.