800 кітап оқыған оқушы: көп оқудың құпиясы неде

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды. Оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаға қазірдің өзінде 1 миллионнан астам адам тіркелген. Марафонға қатысып жатқан 11-сынып оқушысы Батыр Болатбеков осы уақытқа дейін 800-ден астам кітап оқыған.

800 кітап оқыған оқушы: көп кітап оқудың құпиясы неде
Видеодан алынған скрин

Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Оған оқушылар мен студенттерден бөлек, қоғамның түрлі өкілдері қатыса алады. Жоба «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» атты жеті бағытты қамтиды.

Осы бастамаға қатысып жатқан оқушылардың бірі — Астанадағы № 83 мектептің 11-сынып оқушысы Батыр Болатбеков. Ол кітап оқуды 8-сыныпта бастаған.

800 кітап оқыған оқушы: көп кітап оқудың құпиясы неде
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

— Кітап оқуға анам түрткі болды. 8-сыныпта оқып жүрген кезімде Астанада жаңа кітап дүкені ашылғанын айтып, барып көруге кеңес берді. Сол жерден мектеп бағдарламасында кездескен шығармаларды қарап жүріп, Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» сатып алдым. Бұған дейін «Менің атым Қожа» фильмін көрген едім. Оның түпнұсқасын, яғни повесін оқып көрейін дедім. Осы шығарма менің кітап оқуға деген құштарлығымды оятты, — деді Батыр Болатбеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Оқушының айтуынша, осыдан кейін кітап оқу оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Қазір ол мектеп бағдарламасымен шектелмей, қазақ және әлем әдебиетін оқиды. Күн сайын кітапқа бір-екі сағат уақыт бөлуге тырысады.

— Қанша жерден шаруам көбейіп, босамай жатсам да, кітап оқу менен қалмайды. Керісінше, кітап оқу сол шаруаларға күш береді, қуат береді, — дейді жас оқырман.

Батырдың оқуына ерекше әсер еткен шығармалардың қатарында қазақ әдебиетінің туындылары көп. Солардың ішінде Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасын ерекше атайды.

Сондай-ақ жас оқырман Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармаларын да ерекше бағалайды. Кейбір кітаптарды бірнеше рет, тіпті ондаған рет қайта оқыған.

— Кітап оқи берген сайын оқырмандық сана қалыптасады, талғамың шыңдалады. Мен кітап таңдағанда авторына, жанрына қараймын. Көркем әдебиетті ұнатамын. Сүбелі дүние жазған авторлардың шығармаларын оқуға тырысамын. Әуелі мағыналы, салмақты шығармаларды оқып, өзінің оқырмандық санасын қалыптастырған дұрыс деп ойлаймын, — дейді Батыр.

Қазір оның қолынан түспейтін кітаптардың бірі — Мұқағали Мақатаевтың «Хан тәңірі» жинағы.

Батырдың өзі қазақ әдебиетіндегі оқырмандық негізін қалыптастырғанын айтып, енді әлем әдебиетіне көбірек көңіл бөлгісі келеді. Алдағы жоспарына Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын», Уильям Шекспирдің пьесаларын оқу кіріп отыр.

— 800 кітаппен тоқтауға болмайды. Кітап оқу өміріңнің соңына дейін жалғасуы керек. Ол дүниеге деген көзқарасыңды қалыптастырады, танымыңды кеңейтеді. Қазақ әдебиетінен өзімнің негізімді қалыптастырдым деп ойлаймын. Енді әлем әдебиетін көбірек оқып, одан сусындағым келеді, — дейді жас оқырман.

Мектеп кітапханасында да шығармаларды талқылап, кітап бойынша пікір алмасатын кездесулер тұрақты ұйымдастырылады.

— Сынып жетекшім Нұрбек Қайырғалиұлы мені осындай шараларға қатыстырып, жарыстарға жетелеп жүр. Оған айрықша алғыс айтқым келеді. Біз мектеп кітапханасында кітаптарды талдап, талқылап тұрамыз. Ұстазыммен де оқыған шығармаларым туралы жиі пікірлесемін, — деді Батыр.

Айта кетейік, бұған дейін 800 кітап оқыған тағы бір астаналық оқушы жайлы жазған едік.